Жанымыз бірге қазақпен

377

0

Жанымыз бірге қазақпен Сейсенбі күні өңірлік коммуникациялар қызметінде «Қоғамдық келісім» КММ директоры Уәлихан Ибраев, еврей этномәдени бірлестігінің жетекшісі Людмила Ли, «Қазақстан корейлер қауымдастығы» облыстық филиалы жетекшісінің орынбасарлары Юрий Ким мен Матвей Цойдың қатысуымен «Алғыс айту» күніне орай брифинг өтті. Онда этнос өкілдері қазақ халқының ықыласы мен кеңпейіліне ризашылықтарын білдіріп, «Алғыс айту» мерекесімен құттықтады.

Жиында У.Ибраев мерекенің мән-мазмұнына тоқталып, алдағы уақытта өтетін іс-шаралар туралы ақпар берді.

– Елбасы Жарлығымен 2016 жылдан бастап елімізде 1 наурыз – «Алғыс айту» күні болып жарияланды. Осы күннен бастап мереке үшінші мәрте тойланғалы отыр. Тарихтан белгілі, тағдыр тәлкегімен еліміздің аумағына миллиондаған этнос өкілдері еріксіз қоныс аударды. Сол кезде халқымыз оларға кеңпейілдік танытып, көңілінің дархандығын көрсетті. Сондықтан болар, бүгінде барлық ұлт өкілдері қазақ жерін өз Отаны деп біледі. Олар осындай алмағайып заманда бір нанды бөлісіп жеп, бауырына басқан қазақ еліне деген алғыстарын білдіруден еш айныған емес. Халықтық мерекеге айналған бұл күн аймағымызда ерекше аталып өтіледі, – деген У.Серікұлы облыс бойынша  550 шара өтіп, оған 200 мыңға жуық адам қатысатындығын айтты.

Ал, «Қазақстан корейлер қауымдастығы» облыстық филиалы жетекшісінің орынбасары Юрий Ким өзі ғана емес ата-анасының да қазақ халқына деген ризашылығының мол болғандығын еске алды.

 – Өткен ғасырдың отызыншы жылдары  қазақ елі жер аударылған корей этносының бір бөлігін бауырына басты. Сол кезде бізді ұлт пен ұлысқа бөлмей, бөтенсітпей, бар жақсылығын аямады. Сондай қиын-қыстау уақытта Қазақстанды паналаған талай ұлт өкілі осы жерде өсіп-өнді. Біз де солардың ұрпағымыз. Корей халқы әлімсақтан өзінің еңбекқорлығымен, табандылығымен танылған жұрт. Қазіргі күні қоғамның барлық саласында еңбек етуде. Осындай жағдай жасаған қазақ жеріне, еліне деген алғысым шексіз,– деді.

Еврей этномәдени бірлестігінің жетекшісі Людмила Ли болса барлық ұлт пен ұлысқа туғанындай қарап, жәрдемдескен қазақ халқына деген сүйіспеншілігі зор екендігін жеткізді. Сондай-ақ, қамқорлықты бүгінгі буын да сезініп жатқандығын сөз етті.

Жиын қатысушылары елге, жерге деген сүйіспеншіліктің еш ортаймайтынын, керісінше, тәуелсіз елдің тұғырын биік ұстау жолында әлі де талмай еңбек ететіндіктерін айтты.

Мейрамгүл ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ,

«Сыр бойы».

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<