Кеше Қызылорда облысы Полиция департаментінің бастығы полиция полковнигі Ергешов Серік Жүрсінбайұлының төрағалығымен Жедел кеңес өтті. Кеңес жұмысына Қызылорда облысының прокуроры Ожаров Ризабек Кәрімұлы, Департаменттің басқарма және бөлім басшылары мен жеке құрамы қатысты.
Кеңесте Қызылорда облысы Полиция департаментінің 2026 жылдың бірінші жартыжылдығындағы жедел-қызметтік жұмысының қорытындылары қаралды.
Жедел кеңесте өңірдегі криминогендік ахуал сараланып, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, құқық бұзушылықтардың алдын алу және азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау бағытында атқарылған жұмыстардың нәтижелері талқыланды. Қабылданған кешенді профилактикалық шаралардың нәтижесінде өңірде жалпы қылмыс деңгейінің төмендеуі қамтамасыз етіліп, бірқатар қылмыс түрлерінің азаюына және қылмыстарды ашу көрсеткішінің жақсаруына қол жеткізілді. Сонымен қатар жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету, көші-қон заңнамасының сақталуын бақылау және қоғамдық тәртіпті нығайту бағытындағы жұмыстардың нәтижелері де оң бағаланды.
Кеңес барысында Серік Жүрсінбайұлы Мемлекет басшысы айқындаған «Заң және тәртіп» қағидатын іске асырудың маңыздылығына тоқталып, құқық бұзушылықтардың алдын алу, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және полицияның халықпен тиімді өзара іс-қимылын күшейту бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға ерекше назар аударды.
Сондай-ақ жиында киберқылмысқа қарсы іс-қимыл, есірткі қылмысының алдын алу, кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылық профилактикасы, жол қауіпсіздігі, қызметтік тәртіп пен заңдылықты сақтау мәселелері кеңінен талқыланды. Полиция қызметін цифрландыру, халықпен кері байланысты нығайту және қоғамды жан-жақты әрі шынайы ақпараттандыру бағытындағы жұмыстарды жалғастыру жөнінде нақты міндеттер қойылды.
Кеңес қорытындысында Департамент бастығы алдағы кезеңге арналған басым бағыттарды айқындап, берілген тапсырмалардың сапалы әрі уақтылы орындалуын ерекше бақылауға алатынын атап өтті.





