Игілігі мол кәсіп

229

0

Облыстың шағын және орта кәсіпкерлік саласында өсім байқалады. Өңір тұрғындары бүгінде жаңашыл жобаларын ұсынып, мемлекет тарапынан қолдау алып келеді.

Оның дәлелі ретінде Қазалы ауданының тұрғыны Ұлан Мендібаевтың жүргізіп отырған кәсібін айтуға болады.  Темір-бетон бұйымдарын шығарумен айналысатын кәсіпкер өз кәсібін 2020 жылы бастап, бүгінде 3 адамды жұмыспен қамтып отыр. Бұл кәсіп иесінің өніміне аудан тұрғындарының сұранысы көп. Кәсіпорында кәріз жүйесіне арналған бетон құдықтары мен қақпағы жасалып, аудан тұрғындарына сатылады.

– 2013 жылдан бері сантехникалық жұмыстармен айналыстым. Уақыт өте келе кәріз жүйесіне темір-бетон сақиналарын орналастыратындар көбейді. Алайда ауданда ондай өнімді табу оңай емес. 2020 жылы осы кәсіпті зерттеп, тиімді жақтары көп болғандықтан өнім шығаруды жоспарладым. Сұраныс көп, мамыр, маусым айларында өнім көптеп сатылады.  Биыл өңірлік инвестиция орталығынан 4 млн теңге несиеге жаңадан құрылғы сатып алдық. Алғашқыда құрастырылмалы қалыппен жұмыс істесек, бүгінде өндіріс автоматтандырылған. Шикізатты, яғни, цементті Шиеліден, щебеньді Жаңақорғаннан келісім-шарт бойынша алдыртамыз, – дейді Ұлан Мендібаев. 

Алғашқы жылы 200 дана өнім дайындаса, өткен жылы сұранысқа сай 459 өнім саудаланған. Ал биылғы жартыжылдықта бұл өндіріс орнынан 700-ге жуық өнім дайындалып сатылған.

Байқағанымыздай бүгінде ауданда мемлекет берген мүмкіндікті тиімді пайдаланып, кәсіпкерлік көкжиегін кеңейткендер жетерлік. Бұл бағыттағы жұмыстар қарқынды жүргізілсе, алдағы жылдары аудан әлеуеті әлдене бермек.