Жастар жылында түрлі шаралар мен форумдарға 675 млн теңге жұмсалады

233

0

   Жастар жылы аясында форумдар мен өзге түрлі шараларға бюджеттен 675 млн теңге бөлінді, деп хабарланды «Жастар жылын өткізу жөніндегі жол картасын бекіту туралы» ҚР Үкіметінің 2019 жылғы 30 қаңтардағы № 27 қаулысында.  Жастар жылын өткізу жөніндегі жол картасына алты түрлі іс-шара енген. Оның біріншісі – 23 қаңтар күні Астанада өткен Жастар жылының ашылу салтанаты. Оның бастан-аяқ ұйымдастырылуына 250 млн теңге жұмсалды. Келесі іс-шара – «ZEREN 2019» жастардың республикалық білім беру лагері. Ол шілде, тамыз айларында өтіп, 600-ден адам қатысады деп жоспарланып отыр. Қатысушыларға сертификаттар табысталмақ. Жастар лагеріне, 200 млн теңге бөлінген. 
Үшіншісі – қыркүйек айында Шымкент қаласында еңбекші жастардың форумын өткізу. Форумға 2 мыңнан аса адам қатысады, іс-шара бюджеті – 50 млн теңге.
 Тағы бір форум Қостанайда өтеді. Оған да 50 млн теңге жұмсалады. Қазақстан-Ресей жастар ынтымақтастығы форумы деп аталатын бұл іс-шара 2019 жылдың ІІ тоқсанында өтеді. Ассамблея да жастарға арналған іс-шара ұйымдастырады. «Жастар синергиясы» деп аталатын форумға ел қазынасынан 25 млн теңге бөлінген екен.
 Төртінші кварталда Жастар жылының жабылуы шеңберінде Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Жастар саясаты жөніндегі кеңесі өтеді. Оған болса 100 млн теңге жұмсалмақ.  Қаулыны іске асыру Қазақстан Республикасының Қоғамдық даму министрлігіне тапсырылған.
 Естеріңізге сала кетейік, ҚР Президенті 2019 жылды Жастар жыл деп жариялаған еді. Оның ашылу салтанаты 23 қаңтарда Астанадағы EXPO-2017 көрме орталығындағы «Нұр Әлем» павильонында өтті.

Дереккөз: massaget.kz

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<