Жер қорына талдау жүргізілді

339

0

    Өткен жылы жер учаскелерін пайдаланбаған және оны ҚР заңнамасы талаптарын бұза отырып пайдаланған тұлғалар туралы мәліметтер мемлекеттік кірістер департаментіне жолданды. Нәтижесінде департамент тарапынан тиісті шаралар атқарылып, көлемі 28853,3 гектар болатын 233 жер учаскесі үшін 19919,5 мың теңге қосымша салық есептелді. Бұл Қызылорда облысы бойынша жердің пайдалануы мен қорғалуын бақылау басқармасы басшысының орынбасары Қанатбек Серікбаевтың Өңірлік коммуникациялар орталығында  өткен брифингте келтірген мәліметтерінің бір парасы.     

    Басқарманың 2018 жылы атқарған жұмыстары туралы баяндаған ол жыл көлемінде ҚР жер заңдылықтарының сақталуына 265 бақылау шаралары жүргізілгенін атап өтті. Тексерулермен 43537 гектар жер учаскелері қамтылып, 8395,9 гектар жер учаскелерінде 162 субьект тарапынан 172 заң бұзушылық анықталған. Орын алған құқық бұзушылықтардың 106 дерегі бойынша 40240,9 мың  теңге айыппұл, 38 дерек бойынша ескерту түріндегі әкімшілік жазалар қолданылды. Ал 28 дерек бойынша әкімшілік іс өндірісі қозғалмай, заң бұзушылықты жою туралы нұсқамалар берілді. Өткен жылы сондай-ақ жалға беру шарттарын бір жақты бұзу арқылы және түсіндірме жұмыстарын жүргізу нәтижесімен ауыл шаруашылығы мақсатындағы көлемі19237,7 гектарды құрайтын71 жер участегі мемлекет меншігіне қайтарылса, сот шешімен мәжбүрлі түрде көлемі 6667 гектарлық 3 учаске қайтарылды.

     Облыстық жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары Қанат Нұрманов өзі қызмет атқаратын басқарма Елбасы тапсырмасына сай жер қорына талдау жұмыстырын жүргізгенін баяндады. Оның айтуынша 2018 жылы өнеркәсіп, қорғаныс, және өзге де жерлер санаты мен ерекше қорғалатын табиғи аумақтар  ревизияланған. Соның нәтижесімен аудандық, қалалық жер есебі, мемлекет жер кадастрының автоматтандырылған ақпараттар қорының, құқықтық кадастрдың деректері нақтыланған. Атап айтқанда, 397,9 мың гектар өнеркәсіп мақсаттағы, ерекше қорғалатын табиғи аумақтар жерлері және облыс, аудан орталықтары (8 елді мекендегі көлемі 57,9 мың гектарлық 101802 уческе) жеріне талдау жұмыстары толық аяқталды. Ауыл шаруашылығы айналымына 87,3 мың гектар жер алынып, жоспар 102,1% орындалды.

      Елбасының цифрландыру тапсырмасына сәйкес 199,9 мың гектардың электронды картасы жасалып, веб-порталға енгізілді. Ал фермерлік шаруашылықтарға бөлінетін ықтимал жайылым карталарын әзірлеу бойынша облыс көлеміндегі 97,9 мың гектар босалқы жерлер құрамындағы жайылымдық алқаптардың схемалары әзірленіп, министлікке жолданған.

Брифинг барысында басқарма өкілі 2018 жылы жеке тұрғын үй құрылысы үшін 1179 жер учаскесі табысталғаны туралы ақпаратпен бөлісіп, бұл республикадағы жоғары көрсеткіштердің бірі екенін жеткізді.

Ыдырыс ТӘЖІҰЛЫ,

«Сыр бойы». 

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<