Бүгін аудан әкімі Мажит Самитовтың қатысуымен жыл қорытындысына байланысты салтанатты іс-шара өткізіліп, жыл үздіктері марапатталды.
Салтанатты іс-шарада аудан басшысы көпшілікті Жаңа жыл мерекесімен құттықтап, биыл атқарылған жұмыстарға тоқталды.
– Баршаңызды келе жатқан Жаңа жылмен шын жүректен құттықтаймын! Жыл бедерінде берекелі бастамалар сәтті жүзеге асып, тұрғындарымыздың тұрмыс-тіршілігі түзелді. Жыл басында аудан бюджеті 16,1 млрд теңге болып бекітілсе, қазіргі таңда 20,4 млрд теңгеге жетті. Өткен жылмен салыстырғанда 7 млрд теңгеге ұлғайды. Президентіміздің, Үкіметтің, аймақ басшысының қолдауымен Жаңақорған кенті Маи бекетінен 300 орындық, Байкенже ауылынан 150 орындық мектептер, Жаңақорған кентінен 200 орындық Оқушылар үйі мен 50 орындық Өнер мектебі, балаларға оңалту ем-шараларын жүргізетiн «Қамқорлық» оңалту орталығы, Төменарық ауылынан жаңа дәрігерлік амбулатория мен 15 төсекке арналған ауылдық аурухана ашылып, аймақ басшысының қатысуымен пайдалануға берілді.
Ауданымыз Мал шаруашылығы саласында жоғары жетістіктерге жеткені үшін «Озат аудан» номинациясымен марапатталды. Қол жеткізген жетістігіміз – туған жеріне жанашыр әрбір жаңақорғандықтың еселі еңбегінің жемісі деп білемін. Дендеріңізге саулық, отбастарыңызға амандық тілеймін, – деді аудан басшысы.
Мерекелік іс-шарада ауданның дамуына үлес қосып жүрген бірқатар азаматтар Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің, Қызылорда облысының «Құрмет»грамоталарымен, Қазақстан Республикасы мәслихаттарына 30 жыл мерекелік медалімен және облыс, аудан әкімінің Алғыс хаттарымен марапатталды. Сондай-ақ, Жаңақорған ауданының «Құрметті азаматы» төсбелгісі табысталып, жыл үздіктері марапат тұғырынан көрінді.
Түрлі салада ауданымыздың дамуына үлес қосқан азаматтардың, еңбек адамдарының мерейі тасыған кеште қазақ эстрадасының жарық жұлдыздары Наркенже Серікбаева мен Айбек Қайбулла әннен шашу шашты.
Жаңақорған ауданы әкімдігі
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<