Жылу беру маусымына дайындық жүйелі жүргізілуде

262

0

Бүгінде өңірде жылу беру маусымына дайындық жұмыстары бекітілген жоспарға сәйкес жүргізілуде. Облыс бойынша жылу желілерінің жалпы ұзындығы 208 шақырымды құрайды. Биыл тозығы жеткен 8,9 шақырым жылу желілерін жаңартуға республикалық бюджеттен 8 жоба қарастырылып, оған 8 млрд теңгеге жуық қаржы бөлінді.

Қазіргі таңда жаңартуды қажет ететін жылу желілерінің 65 пайызы толық ауыстырылды. Бұл жөнінде Қызылорда облысының Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Болатбек Ысмағұлов хабарлады.

– Біздің облыста 1067 әлеуметтік нысан бар болса, оның 532 – білім беру, 247 – денсаулық сақтау, 288 – мәдениет және спорт кешендері. Бүгінде әлеуметтік маңызы бар 20 нысанның қазандықтарына жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Жүргізіліп жатқан бұл жұмыстар жылу беру маусымына кедергісін келтірмейді. Ендігі кезекте көмір қорына тоқталсам, алдағы жылу беру маусымына облыс бойынша барлығы 238 мың тонна қатты отын қажет. Оның ішінде облыс халқына 205 мың тонна қажет болса, әлеуметтік нысандарға 33 мың тонна көмір керек. Бүгінгі күнге дейін облысқа 80 мың тонна көмір жеткізілді. Көмір бағасы маркаларына сәйкес 17 мың теңгеден 22 500 теңге аралығында тұрғындарға сатылуда. Сондай-ақ, алдағы жылу беру маусымына әлеуметтік нысандарға 17,1 мың тонна дизель отын қажет болса, оның 5,3 мың тоннасы жеткізілді, – деді басқарма басшысы Болатбек Әбдулхайысұлы.

Брифинг барысында «Қызылордажылуэлектрорталығы» МКК директоры Медет Усаин жылу беру маусымына байланысты жүргізіліп жатқан дайындықтарға тоқталып өтті.

– Кәсіпорында жалпы 24 энергия көзі бар. Сонымен қатар, қала бойынша 190 шақырым жылу желілері қамтылған. Жалпы орталықтандырылған жылу жүйесіне 1620 нысан қосылған. Кәсіпорынның негізгі және қосалқы қондырғыларын жөндеу үшін арнайы Жол картасы жасалып, ҚР Энергетика министрлігімен бекітілген болатын. Осыған сәйкес, аталмыш жұмыстарға 1,7 млрд тенге қаржы қарастырылды. Қазіргі таңда жоспарға сәйкес жұмыстардың орындалуы 96 пайызды құрайды, – деді Медет Усаин.

Қызылорда облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<