Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова Литва Республикасының Қазақстандағы елшісі Гинтаутас Васюлиспен кездесті деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Аймақ басшысы алдымен елшіні 11 наурыз – Литваның тәуелсіздігін қалпына келтіру күнімен құттықтап, халқына бейбітшілік тіледі. Мұнан соң екі ел арасындағы сенімді әріптестіктің облыстағы салмағын арттыру мәселесі талқыланды.
– Қазақстан мен Литва ашық және сенімді әріптестер. Екіжақты байланыстар біздің достық қарым-қатынасымыздың дамуына серпін беретініне сенімдімін. Биыл екі ел арасында дипломатиялық қатынастар орнағанына 29 жыл толады. Осы жылдар ішінде біз тарихи көпғасырлық байланыстарды сақтап қана қоймай, тең құқықтық және өзара тиімді әріптестік қағидаттарын жаңаша құруды үйрендік, – деді облыс әкімі.
Кездесуде елші Гинтаутас Васюлис бұл сапар Қазақстан мен Литва арасындағы байланысты одан әрі нығайтуға бағытталғанын жеткізді.
– Қазақстан мен Литва бүгінде сенімді әріптестік арқасында сауда-саттықты ұлғайтып, экономикалық ынтымақтастық қалыптастырды. Біз мұны жетілдіруге мүдделіміз. Сол үшін екі ел арасындағы тауар айналымын арттырып, Қазақстаннан әлеуетті компанияларымызға серіктес тапқымыз келеді, – деді Гинтаутас Васюлис.
Облыс әкімі осы жылы 26 млрд теңгеге 105 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланғандығын айтып, бұл ретте Литва Республикасының кәсіпкерлері тарапынан ұсыныстарды қуана қабылдайтындығын жеткізді. Елші өз кезегінде Қазақстанның аграрлық, ІТ және басқа да салаларды жаңа технологиялармен қамтамасыз етуде бірлескен жобаларды жүзеге асыруға ниетті екенін білдірді.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<