Бүгінде аяқ-қолы сау, тепсе темір үзетін азаматтар екі қолға бір күрек таппай жүргенде кезінде істі болып, қылмысын өтеп келгендер үшін жұмыс көзін табу, қоғаммен араласу өте қиын. Себебі, темір тордың ар жағындағы ереже, тәртіп бөлек. Қоғамнан жырақтап, қатаң тәртіп күйіне үйренген жандарды қалыпты өмірге бейімдеу, оларды жұмыспен қамту қазіргі күні елімізде жолға қойылуда.
Өңірде еліміздің түзеу мекемелерінен жазасын толық өтеп шыққан, пробация қызметі мен жергілікті полиция қызметтерінде 383 адам есепке алынған. Оның 355–і пробация қызметінің есебінде тұрса, 28-і – жазасын толық өтеп шыққан азаматтар. Оларға қазір құқықтық, психологиялық көмек көрсетіліп, 133 адам тұрақты жұмыспен қамтылды. Сондай-ақ, кәсіби оқыту, қайта даярлау және біліктілігін арттыру барысында биыл оқуға 39 азамат өтініш білдіріп, тіркеуге алынды. Соның ішінде 13-і қысқа мерзімді курсқа жолданып, қайтарымсыз грант алып, өз кәсіптерін ашуда.
Бұдан бөлек, жазасын өтеген азаматтар әлеуметтік-медициналық көмектен де тыс қалған емес. Мәселен, «Жұмыспен қамту орталығы» арқылы атаулы әлеуметтік көмек (АСП) алуға 33 азаматқа, пәтер алу кезегіне тұруға 3, жер телімін алу кезегіне тұруына 11, құжаттарын қайта рәсімдеуге 9 азаматқа көмек көрсетілді. Пандемия кезінде 135 адам әлеуметтік көмек алды. Жәрдемақыдан басқа, азық-түлікпен қамтамасыз етіліп, барлық жағдай жасалды.
Қоғамнан алшақтап қалған жандарды қайта ортаға бейімдеуде мәдени іс-шаралардың орны бөлек.
Осы ретте облыста түзеу мекемелеріндегі есепте тұрған жандардың қатысумен «Ашық есік» күндері, «Қақпа алдында кездесу», «Кітап» акциясы секілді шаралар өткізіліп, ондағы жандар өз ойларын ортаға салып, несие алу, кәсіп ашу секілді түрлі ақпараттармен қанықты.
Мұның барлығы түрмеден кейін де өмір бар екенін ұғындыру, сонымен бірге мемлекет тарапынан жасалып жатқан мүмкіндіктерді көрсету болатын. Ендігі жерде сол мүмкіндікті пайдалана білу керек.
А.АДЫРАНОВ,
заңгер
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<