Аймақта мыңға тарта үкіметтік емес ұйым бар. Ал белсендісінің саны соның тең жартысына жетпейді. Өзекті мәселе үкіметтік емес ұйымдармен өзара іс-қимыл және ынтымақтастық жөніндегі облыстық кеңес отырысында көтерілді. Оған облыс әкімінің орынбасары Серік Ахмет төрағалық етті.
Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында биыл жүзеге асырылатын жобалар туралы облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Мира Қазбекова айтты.
– Азаматтық қоғам құрылымдарын қаржылай қолдау көлемі жылдан-жылға ұлғайып келеді. Олардың түрлі бағытта жұмыс істеуіне мүмкіндік жасалып отыр. Сөзімнің дәлелі, биыл қалалық, аудандық бюджеттер арқылы 125 жоба үшін 1 млрд 96 млн теңгеден астам қаржы бөлінді, – деді ол.
Былтыр күзде әлеуметтік жобалар жәрмеңкесіне 30 жоба ұсынылған болатын. Сөйтіп, «Ұрпақтан ұрпаққа» қоғамдық бірлестігі отбасы мәртебесін арттыру, ал «Kemeldenu» қоғамдық қоры ауыл жастарын әлеуметтендіру бойынша жүктеме алды. «Бітім» ұйымы ұсынған медиация қызметін дамыту жобасының қаржылай мүмкіндігі мәслихат сессиясында пысықталады. Басқарма басшысы облыстық және аудандық әкімдіктер жанындағы кеңестер мен комиссиялар құрамында 100 ҮЕҰ өкілі барын жеткізді.
– Биыл – еліміз үшін ерекше жыл. Тәуелсіздігімізді жариялағанымызға және Семей ядролық сынақ полигонының жабылғанына – 30, Чернобыль атом электростанциясындағы ядролық апатқа – 35 жыл. Аймақта атаулы даталар өз деңгейінде насихатталады, – деді М.Қазбекова.
Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберіндегі жобалар жөнінде өзге де жауапты сала жетекшілері баяндама жасады.
Ал облыстық ҮЕҰ альянсы ассоциациясының басшысы Анар Ізден бірқатар мәселені жіпке тізді.
– Ассоциация мүшелігінде 73 ұйым бар. Өткен жылы соның 52-сі салық төледі. Демек, осынша ұйым нақты жұмыс істейді. Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс жобаларына бөлінетін қаржы көлемі қандай дағдарыс кезінде де кеміген емес. Әйтсе де, үкіметтік емес ұйымдар халық сұранысын өтей алмай отыр. Пандемия кезінде ең әуелі әлеуметтік осал топ өкілдері зардап шегеді. NEET санатындағы жастардың көбейіп, білімді ұрпақтың азаюы ел болашағына қауіп төндіретіні сөзсіз. Сондықтан күш азаматтық қоғам құрылымдарына түседі. Осы ретте жобаларды әлеуеті мықты ұйымдардың жүзеге асырмауы қынжылтады, – деді ол.
Таразының бір жағында бірреттік шаралармен шектелу, халықтың ҮЕҰ мен волонтер жұмысына тартылу көрсеткішінің төмендігі, сенімсіздігі сияқты жайттар да тұр.
Облыс әкімінің орынбасары мәселенің маңыздылығына баса тоқталып, құзырлы орындардың басшыларына тиісті тапсырмалар жүктеді.
Назерке САНИЯЗОВА,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<