Осы кезге дейін есімі сиректеу аталып, жұртшылықтың жадынан ұмытылмай келе жатқан дін ғұламасы, шаршы топта өзінің айрықша білімдарлығымен көзге түсіп, қаумалаған әлеуметті ерекше таңғалдырып жүретін қазақтың ардақты ұлдарының бірі –Табынбек баласы Нұралы ахун. Ерекше бір ілтипатпен айтылатын осы есімді бала күнімнен естіп-біліп жүрсем де, дерек, мәліметтерім жоқ болғандықтан, уақыты мен мерзімін күттім. Қандай тұлға, қандай ғұлама болса да, өмір жолының, атқарған қызметінің жарқырап көрінетін, пісіп-жетілетін мезгілі болатыны белгілі.
Қоғамдық даму заңдылықтары өткен тарихымызды кездейсоқ болса да, бәрібір көз алдымызға бір елестетіп, қалың бұқараға, туған халқына жеткізбей қоймайды. Спираль тәрізді айналып тұратын өмір ағымдарының кейінгі ұрпақтарға ұсынар небір таңғажайып кереметтерінің көрінер сәттерін, санамызды баурап алатын тұстарын кездейсоқтық деп айта алмайтындығымыз тағы бар. Бұл – өмірдің даму заңдылығы.
Табынбек баласы Нұралы ахун – аталығы жағынан Әйдербектің екінші баласы Алтынбай руынан шыққан тұлға. Соның ішінде Андабайдан тарайтын Белдікені. 1893 жылы Аманөткелдің жанындағы Қарадөң қонысында дүниеге келген. Өткен тарихымыздың қолымыз жеткен парақтарын саралағанымызда, өлкенің көрнекті тұлғаларының осы бір көмбе қазына, киелі төбеден шыққандығына көз жеткізе бастадық. Қарадөң – Айдарбектен тараған ағайындардың көл жағалай орналасқан берекелі қонысы. Жетес би атамыз дәріптеп тіліне тиек еткен Көлбайы халықтың ырзық-несібесінің сарқылмас көзі болатын. Бұған қосымша аталарымыздың қолсамар арқылы су шығарып, егін еккен аңыздары кешеге дейін сайрап жатқанын көзбен көрген жанның бірімін.
Әкесі Табынбек пен анасы Үлдеден (Үлде мен Бүлде екі қыз бірге туған) зерек туған Нұралы Аққұлақ пен Ақжарды мекендеген өздеріне туыс болып келетін Смағұл ахунның мешітінде оқып, мұсылманша сауатын ашқан. Сол кездегі мұсылмандық жүйеге таңғаласың. Айналасындағы қоныстарының барлығында да ілім көрген ишандар мен ахундар. Шеңгелтүбектегі Ақмырза, Қарамойында Ізмағанбет, Мырзаста Рамберді мен Шернияз, Арғынбайда Мұхаммеди. Біз тек 3-4 шақырымдағы ауылдарды ғана айтып отырмыз. Осындай ғұлама жандардың ағартушылық ықпалы болғандығын жоққа шығармасақ та, Смағұл ахунның айрықша қамқорлығын, тәрбиесін айтып өтуге тиіспіз. Нақты жылдары белгісіз болғанымен, Бұқардағы Көкілташ медресесін бітіргендігі анық. Мұндай алыс сапарға шығу да оңай емес. Әкесі Табынбектің ауқатты адам болғаны жас талаптың өрісінің кеңеюіне жол ашқан. Нұралы ахун жас күнінен естігендерін ұмытпайтын есте сақтау қабілеті өте мықты, зейінді адам болған екен. Ұстазы Смағұл ахун ғұламалар бас қосатын үлкен жиындарға Нұралыны қосатын көрінеді. Себебі, тумысынан өте зерек шәкірт айрықша білімдарлығымен қоса, жұртшылықтың назарын талқыланып отырған мәселелерге аудара білетін шешендігімен де баурап алады екен. Аталған жағдайды ұстазы тарапынан айрықша сенім деп бағалауға болады. Ал, екінші шәкірті Нұрғабыл білімдарлығынан бөлек Құран аяттарын оқу кезіндегі қырағатымен ерекшеленген.
Сол кездің өзінде ел аузына ерте ілінген Нұралы медреседен кейінгі жылдары туған жері Қарадөңде мешіт ашып, елдің балаларын сауаттандырумен айналысып, ағартушылық қызметін бастады. Ғұламалардың ағартушылық қызметін ерекше бөліп айтатын себебіміз медресе сол кездің өзінде он екі түрлі ғылым негіздері бойынша білім берген. Көкілташ сияқты айтулы білім ордасын тек қана діни білім береді деп айту – аталарымыздың білім деңгейін, ой-өрісін шектеу, төмендету. Бізге жеткен аз ғана деректер бойынша Нұралы ахуннан тәрбие мен білім алған азаматтардың есімдері де белгілі. Құлжанов Самат молда, Иманалиев Бөкеш, Смайылов Қожахмет және Қойбағаров Шарапат есімді аталарымыз ахунның шәкірттері болғанын, Қарақұм ауылдық округі, Абай елді мекенінде тұратын 87 жастағы Иманалиев Боран Қуанышбайұлы ақсақал бізге жеткізді. Ол кісі де Нұралыға жақын туыс болып келеді.
Көп жылдардан бері Нұралы ахун туралы мәліметтер іздеп жүргенімде 26 ақпан күні Арал қаласындағы Жетес би көшесі № 41 үйде тұратын Әмірбай баласы Мейрамбек ініміздің шаңырағына баруыма тура келді. Мейрамбек Нұралымен бірге туған Имағанбеттің немересі екен.
– Осыдан жиырма жылдай бұрын көршілес Ақтөбе облысының Ырғыз ауданында болғаным бар еді деп, – сөзін бастаған үй иесі. – Үлкен бөлменің төріндегі жасы ұлғайған қария дастарханның шетінде отырған менен жөн сұрады. Өзімнің Аралдан келгенімді, руымның Алтынбай, Нұралы ахунның інісі Имағанбеттің немересі екенімді баяндап өттім. Ақсақал мені дереу төрге шығарып құрмет көрсетті.
– Кезінде атаң Нұралының алдынан мектеп көріп, сабақ алған едім, – деп айрықша ықылас білдірді. Сол жерде отырған және бір үлкен кісі:
– Менің әкем де Нұралының шәкірті болған еді, – деп таныстық рәсімін жалғастыра түсті. Сексеуіл кентінде тұратын бір үлкен кісі де жаназа дастарханы үстінде өз әкесінің Нұралыдан оқып шыққанын шаршы топқа мәлімдепті.
– Жастық дәуірдің желігімен төбем көкке жеткендей болып отырып, сол бір қадірменді қариялардың аты-жөнін сұрап есімде сақтамаппын, – деген өкінішін білдірді.
Осы пікірлерден байқағанымыз, Нұралы ахуннан білім алған адамдар мен аймақтың аудиториясын шамалауға болатын сияқты. Тек әттеген-айы – осындай құнары мол мәліметтер мен естеліктерге кештеу кезіккеніміз. Егер сол қалпында сақтап қалар құймақұлақ, қазыналы қарттар болғанда ахун атамыздың рухани, адамгершілік және ағартушылық деңгейі биіктей түсіп, жарқырап көкте жанған жұлдыздай болатыны сөзсіз еді. Аралдың бір шетіндегі Қарадөң мен Сексеуіл, Ырғыздың аралығын салыстырып көріңіздер, құрметті оқырман.
– Нұралы атамның Бекмұрат деген досы болған екен, – деп сөзін жалғастыра түсті Мейрамбек. – Мен Меккеге екі рет бардым. Үшінші рет аман-есен барып келсем, інім Имағанбет пен сенің қарындасың Жансұлуды қосып, ақыреттік дос болайық деп төс қағыстырып, серт байласқан. Екеуі де серттерінде тұрып, құда болған және жастардың бас қосқан мерзімі 1922 жылдар екен. Сол кезде 13 жастағы Жансұлу әжем 1909 жылы дүние есігін ашыпты. Атамыздың Қарадөңдегі мешітінде алғыр шәкірттерінің бірі болып, сабақ алған. Шалғай түкпірдегі шағын қоныста қыз баланың мешітте оқып, сабақ алуының өзі көп жағдайдан хабар бергендей. Бұл – ахунның дүниеге көзқарасы мен ой-өрісінің кеңдігінен. Себебі, қазақылықтың қаймағы бұзылмай тұрған заманда қыз баланы оқыту Нұралы ахунның көкірек көзінің барынша ояу және абырой-беделінің зорлығын мойындаудан туындаған. 1995 жылы 87 жасында өмірден өткенше бес уақыт намазын қаза қылмай, Нұралы атамның аруағына қызмет жасап, бар білгенін ұрпақтарына – бізге айтумен болды. Ең үлкен қызметі – Нұралы ахунға қуғын-сүргін зауалының таяп қалғандығын сезіп, кеңестік кезеңнің дінсіздері мешітін бұзып жатқан кезде барлық кітаптарын сол Қарадөңнің қалтарыс бір қуысына көміп жасырғаны. Қарадөңдегі мешіт орны әлі күнге дейін сақтаулы екені белгілі. Тек көмілген қазына, кітаптарының орны ғана белгісіз. Бір Құран кітабын ғана кеудесіне жасырып аман алып қалыпты. Өмір бойы көзінің қарашығындай сақтаған сол Құран кітабын өзі өмірден өтер сәтінде ұрпақтарына аманаттап тапсырды, – деді.
Көне араб әріптерімен жазылған Құран кітап ислам ілімінің құпияларын бойына бүккен, сарғайған күйінде 1969 жылы өмірге келген Мейрамбектің үйінде сақтаулы тұр.
– Басымыз ауырып, сәл мазасыздансақ, бас жағымызға қойып атамыздың аруағына сыйынып, тілек тілейтін желеп-жебеушіміз, – деп баяндап өтті. Өзім де білген біссіміләмды айтып, тәу етіп, қолыма алып, парақтап қарай бердім.
Сұрапыл жылдардың сұмдық хабарлары аядай Қарадөң мен Аманөткелге де жетіп жатты. Осындай ер басына күн туған қиын-қыстау күндері Бекмұрат досы «Нұреке, қарақалпақ жеріне Нөкіске барып, бой тасалай тұрайық, мен осындай шешімге келіп көшкелі отырмын» деп мұңын шақты. «Мен құдайдың басыма салар нәубетін осы жерде қарсы алғалы отырмын» деген Нұралы досына оң сапарын тілеп қала берді. Ал, Бекмұрат қарақалпақ асып барғанмен, туған жеріне ат ізін қайта салуды тағдыр оған жазбаған екен. Топырақты өлім Бекмұратқа сол жақтан бұйырды. Ұрпақтары кейіннен 1967 жылдары атамекенге оралып, ағайындарымен және жиендерімен қайта қауышты. Бекмұрат – бізге осындай құнды мәліметтерді жайып салып отырған Мейрамбектің түп нағашысы. Әжесі Жансұлудың ағасы, Ардана аталығынан шыққан.
Өзім зерттеген барлық ғұламаларға ортақ бір жағдай бар. Ол – мүмкіндіктері бола тұра тура келген нәубетті бар жан-тәнімен, ерекше сабырлылықпен қарсы алуы. Ешбір жанға зиян тигізбей Алланың жіберген сынағы деп қасқайып қарсы тұра білуі. Сол кездің шолақ белсенділері ұстауға келген адамдарынан ең бірінші «құдай бар ма, жоқ па?» деп сұрайды екен. Өзіне келетін әзірейіл жандардың ниет-пиғылдарын біліп отырып, «не деп жауап беремін?» деп қатты қиналған көрінеді ахун атамыз. Ғұмыр бойы құдайға құлшылық жасап, пайғамбарымыздың өсиеттерін бойтұмарындай құрметтеген ғұлама жанға осы мәселенің өте ауыр тигенін келіні Жансұлу ұрпақтарына өкінішпен, қинала отырып жеткізген. Осылайша елде қалған Нұралы Қазалының түрмесіне қамалып, қиын-қыстау жылдар ауыртпалығын өз басынан өткеріп жатты. Түрмеде үш-төрт жылдай уақыт азап тартқан Нұралы әбден денсаулығын құртып, титығына жетіп барып босап шықты. Түрмеде болған жылдарында келіні Жансұлу қиыншылықтарға қарамастан, бірнеше рет қайынағасы Нұралыға тамақ тасыған. Сол кез ағайындары мен отбасының Кәрібөгетке қоныстанып отырған мезгілі болатын. Отбасына, қарашаңырағына зорға жетіп, ауырып жатқан Нұралы өзін қимай, қыстыға қиналып отырған ағайындарына былай деген өкінішін қалдырды:
– Менің кеудемнен жаным шығарда иманымды үйіретін, өлген соң намазымды шығаратын молдалар да қалмады. Алланың аманаты шыбын жаным о, дүниеге лас, арам күйінде кетіп барады.
Солай дегенмен, Нұралы тәрізді ғұлама жанның алтын сүйегі сол өзі айтқандай күйде кетті деп айта алмаймыз. Себебі, Көкілташ сияқты жоғары оқу орнын бітірген асқан білімді, келешекті болжай да, көре де білетін киелі, құдіретті жанның қиналған сәттерінде жол таппауы мүмкін емес. Ондай жандардың өз иманын өзі үйірмеуі де, Жаратушы иесіне пәк, таза күйінде бармауы көңілімізге ешбір қонбайды. Нұралы ахун Алланың аманатын таза күйінде Жаратушы иесінің құзырына жеткізе білген қасиетті, ғұлама жан демекпіз. Оқиға 1933 жылдың ішінде болып өткен. Сонымен қатар інісі Имағанбетке және отбасына «күндердің күнінде сенің әулетіңнен көріпкел, тәуір адам шығады» деген разылық болжамын да айтып үлгірген көрінеді.
Нұралы ахунның не үшін қуғынға түсіп, қамалғаны туралы ҰҚК-ға арнайы сұрау салып ізденген едік. Құзырлы орган өкілдері 2014 жылдан бастап қуғын-сүргінге қатысты құжаттар облыстық полиция департаменттеріне берілгендіктен, сол жақтан сұраңыз деген жауабын жолдапты. Қызылорда облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары Ғ.Сүлейменовтің қолы қойылған хатында Табынбеков Нұралыға қатысты мәліметтердің сақтауға түспегендігін хабарлайды. 1938 жылдың 4 сәуіріне дейін Арал аймағы Ақтөбе облысының құрамында болғандықтан, сол жаққа да хат жолдап, сұрау салғанымызбен, нәтиже болмады. 2001 жылға дейін бірнеше адамның құжаттарын сұрау салып, алдырған едім. Төрт адамның ақтау құжаттары, ресми анықтамалары да қолда бар. Алайда 2001 жылдан кейінгі сұрау салған жерлестеріміздің мәліметтері жоқ деген жалаң жауап алумен келемін. Мені «неге жоқ?» деген сұрақ мазалайды. Егер бір ғана адамға байланысты болса, күмәнданбас едім. Күмәнімді көпшілік талқысына салуды мақұл көремін. Туыстары болса, қамалу себебін діни көзқарастары мен қажылық парызымен байланыстырады.
Нұралының атасы Боранбаймен бірге туған Жаулыбайдың немересі Кеулімжайұлы Елеу өте зерек жан болыпты. Осы оқиға, көріністің бел ортасында болған кезде 8 жастағы бала атасының өкінішін Имағанбеттің ұрпақтарына жеткізе алған, бата дарыған азамат болып өсті. 1925 жылы дүниеге келіп, облыстық сауда мекемелерінде бірқатар қызмет атқарыпты. Кейінгі жылдарындағы құжаттарын рәсімдеу кезінде үлкендері бір жасқа шегеріп, 1926 жылы туған деп жаздырған екен.
Соғысқа дейінгі жылдары халық жауының ұрпақтарының шаңырағы деп Имағанбеттің отбасы мүшелерін де НКВД тарапынан қайта-қайта тексеріп, өте қатты азар беріпті. Кезекті бір тексеріс үй ішінің астаң-кестеңін шығарып, ойрандау кезінде 13-14 жасқа келген Елеу күйінгендіктен ошақтың бетіне орнатылған плитаның ортасы ашық үлкендеу сақинасымен лақтырып ұрғанында белсендінің мойынына кигізіліп қалған көрінеді. Баланың әрекеті де жауапсыз қалмаса керек. Көз алдында болып жатқан көрініске шыдамай, барынша азарланған ана жүрегі, Имағанбеттің әйелі Жансұлу анамыз аруақтың атын атап тұрып қарғысын жаудырып қала берген. Көп ұзамай белсендінің поездың астына түсіп, ажал құшқаны белгілі болды, – деп сөзін аяқтады Мейрамбек.
– 1969 жылы әкем Әмірбай Кәрібөгетке барып атасы Нұралының бейітін тұрғызып, құлпытас белгі орнатып, садақа берді. Өзі 1933 жылы дүниеге келген болатын. «Осыдан кейін мойынымнан үлкен жүк түскендей болды. Мағираш, Мәрзия, Ботагөз және Мейрамкүл есімді төрт қызымнан кейін, 1967 жылы дүниеге келген ағаң Асқарым бар. Нұралы атама аруаққа жасаған міндетті сауабымнан кейін сол жылы дүниеге келген сені маған құдайдың өзі берген ғой, – деген әкем қалған өмірін тәубелікке арнады.
Әке үмітін ақтаған Мейрамбек әжесі Жансұлудан естіген құндылықтарын сақтап, кейінгі ұрпақтарға аманаттай білді. Аманатқа қиянат жасамай Нұралы ахун туралы жинақталған ғибратты біз де жарыққа шығаруды жөн көрдік. Мен ұзақ уақыт бойы ешкімнен, еш жерден кезіктірмеген аз да болса нақты деректерді осы байсалды да байыпты інімізден тапқанымды айтып өткім келеді.
– 1980 жылдары Жансұлу әжемнің күнделікті нан жауып жүретін қара қазаны аяқ астынан жоқ болып кетті. Қазақ үшін қасиет, құт саналатын қара қазанын іздеп, шарқ ұрған әжем шырылдады да қалды. 3-4 күн өткеннен кейін Нұралы атам түсінде аян беріп былай депті. «Келін сен қазаным-қазаным деп қоймадың ғой. Үйден шыққаннан кейін оңға қарай бұрыл. Үш-төрт үйден кейін көшенің қарсы бетіндегі үйде қазаның тұр». Қайынағасының аяны бойынша сілтеген үйінің сарайынан қазаны табылғанына ерекше қуанған әжем ата аруағына сыйынып жүруді бұдан кейін бұрынғыдан да ыждағатпен жасайтын болды, – деп еске алды немересі Мейрамбек.
Нұралы атамыз үш ағайынды. Інісі Имағанбет 1896 жылы дүниеге келіп, 1941 жылы соғысқа аттанып, майданның бел ортасында болған. 1943 жылы соғыста қаза болғаны туралы келген «қара қағаз» әулетке үлкен ауыртпалық болыпты. Кіші інісі Нысанәлі жастай қайтыс болып, ұрпақ тарамаған. Төніп келе жатқан зобалаң жылдарының әсерінен де болар және бірге туған бауырынан ұрпақ қалмағандықтан, Нұралы тұңғышы – Әмитін інісі Нысанәлінің атына жаздырыпты. Осындай себептерге байланысты Әмит Нысанәлиев болып жазылып кеткен.
Нұралы ахун Бұқардағы оқу оқып, білім алу кезінде-ақ отбасын құрған тәрізді. 1923 жылы өмірге келген Әмит әлемді жайлаған жаһандық соғыста хабарсыз кетіп оралмады. Осылайша ахунның бел баласынан ұрпақ жоқ. Қызы Ақтөре 1927 жылы дүниеге келіп, 1989 жылы өмірден өтті. Ақтөре анамыз ұзын бойлы, аққұба келген, өте ажарлы адам екен. Ол кісінің түріне бір қарағаннан-ақ өзге ұлт өкілдеріне тән белгілерді кез келген адам байқайтындай өзгешелік көзге шалынатын. Ақтөренің балаларына қалдырған естелігінде анасының есімінің Нұрыш, иран ұлтының қызы екендігін ұғындырып кетті. Әрине, азан шақырып қойылған есімін, елге келгенде қазақшаға өзгерткені мәлім. Ақтөренің бейіті Маңғыстаудың Шетпе ауданындағы Қамысбай әулие қорымында. Шөмекей аталығына келін болып түскен. Күйеуі Кенжебаев Пазыл екеуі бес ұл, бір қыз тәрбиелеп барлығын да аяқтандырды. Ұлдары – Бақыт, Мұрат, Әміржан, Әмірхан және Амандық, қызының есімі – Гүлнәр. Бәрі де Нұралы ахунның туған жиендері. 2013 жылы жиені Әміржан Ақтау қаласынан арнайы келіп, өздеріне нағашы жұрт болып келетін аманөткелдік Есіркепов Молдахмет арқылы Кәрібөгеттің баурайындағы Нұралы ахунның бейітін тауып, дұға бағыштап, тәу етіп қайтты. Бүгіндері өсіп-өнген әулеттің бір-бір шаңырағы болып отырған жиендерін Нұралы ахунның аруағы да қолдап, демеп жатқан шығар. Жиендерінің де мақсаты сол емес пе?! Бабаның өмір жолын іздеп, рухын көтеріп, өткенімізге тағзым ету мақсатында алғаш рет Әміржанды тауып хабарласқанмын. Аруақтың қолдауы болар, осыдан кейін іздеген жоғым табылып, бір серпіліп қалғандай болдым. Осыдан басталған сәттілік қағаз бетіне тарих болып төгіле берді. Сөзімді Әбіш Кекілбаевтай ғұламаның «өткенін ескерген өскендіктің белгісі, өткенін ұмытқан өшкендіктің белгісі» деген ғибратымен аяқтағанды жөн көрдім. Құдайым баршамызға да өсіп-өнуді нәсіп еткей.
Тәңірберген ДӘРМЕНОВ,
өлкетанушы.
Арал ауданы
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<