Ақ тілек

1021

0

Наурызым келді әлемге жаңа нұр шашып,

Тіршілік біткен өмірге жарқын шын ғашық.

Еңсесі биік болса екен деп елімнің,

Тілеймін мен де жүректен аппақ жыр шашып!

Зеңгі баба – Сиыр жылым құт болып,

Қасиетті қазаныма ақ толып.

Бірлікпенен ауыр індет жойылар,

«Достық» атты бар әлемге бақ қонып!

Жағылса деймін жағылмай қалған шырақтар,

Ашылса деймін ашылмай жатқан бұлақтар.

Арманшыл көңіл қырандай биік қалықтап,

Арал-анам арнасы толып тұрақтар!

Көп болса ерлер көш бастап қолға ту алар,

Жыр-жүрек шіркін, толғанбай қалай тұра алар?!

Турашыл билер туралап тартса тайсалмай,

Әз халқым сонда сеніммен еріп, қуанар!

Арғымақ мінген азамат жолдан адаспай,

Астамсып сөйлеп «Мен! Мен!» деп босқа таласпай.

Ойланып шешсе пайдасы тиер жұртына,

Сөзі мен ісі тұрғанын біліп жараспай.

Қымбат емес жалған байлық – алтының,

Қымбат маған жыр сыйлаған әр күнім.

Қай кезде де қадірімді білер қамқоршым –

Бәрінен қымбат амандығы халқымның!

Киелі жылым әрбір үйдің отбасын,

Бақытқа бөлеп, қабағын кірбің шалмасын.

Нұрлы Отаным нұрын төгіп мәңгілік,

Тәңірім қолдап, қазағым биік самғасын!

Тұрағымыз – Тәуелсіз ел, тектілік,

Ұранымыз – бірлік пенен мықтылық.

Көк туымыз көгімде биік желбіреп,

«Елім» деп өмір сүрейік достар, шат күліп!

Мұрат СЫДЫҚОВ,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері,

Қазақстан Композиторлар Одағының мүшесі, күйші-композитор

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<