Ақжол Түменбайдың шығармашылық кеші өтті

4364

0

Бүгін Қазалыда талантты ақын, республикалық байқаулардың жеңімпазы Ақжол Түменбайдың шығармашылық кеші өтті.

Роза Бағланова атындағы аудандық мәдениет орталығында «Ең сұлу гүлі тәңірдің» тақырыбымен өткен шығармашылық кешке ақынның өнердегі достары арнайы келді.

Шарада аудан әкімі Мұхтар Оразбаев жаста болса жыр әлемінің дарабозына айналған жерлесіміздің туған жерде ұйымдастырылған шығармашылық кешімен құттықтады.

– Бүгін Халықаралық жастар күні аясында шығыстың жарық жұлдызы Ғанидай ұлды өмірге әкелген қасиетті Қазалы ауданында ауқымды шаралар ұйымдастырылып жатыр. Соның бірі таланты ақын Ақжол Түменбайдың жеке шығармашылық кеші. Ақжол жас болса да поэзия әлемінде өзіндік қолтаңбасымен ойып тұрып орын алатын ерекше дарын иесі. Оның сөзіне жазылған әндерді барлық жас сүйіп тыңдайды десем артық айтқандық емес. Осының нәтижесінде республикалық Ғани Мұратбаев атындағы жастар сыйлығының иегері Ақжол Түменбай бүгінде Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі атанып үлгерді, – деді Мұхтар Оразбаев.

Өлең өлкесіне өзіндік өрнегімен келген ақын қара өлеңге сусаған қалың оқырманды бірден жалынды жырларымен баурады. Жиылғандар әсіресе, ақынның бүгінде қазақ эстрадасында шырқалып жүрген «Өз жүрегіңнен ұялмайсың ба?», «Сүйемін», «Кімсіз?» секілді әндерін тыңдап, ерекше күйге бөленді.

Мерекелік кешке жиылғандар таланатты ақын шығармашылығына жоғары баға беріп, керемет көңіл-күймен тарқасты.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<