Балықшы ауыл

1902

0

Өтсе дағы айбынды Арал дәуірі,

Соқса дағы құмды, құрғақ дауылы.

Мейлі-мейлі, егін ексін, мал бақсын,

Біздің ауыл – балықшылар ауылы.

Есігінде ілінген ау, құралы,

Бесігінде толқын жайлы жыр-әні.

Теңіз көрген, кеме мінген әр үйде

Ең кемінде бір балықшы тұрады.

Амандасып, сұрасқан соң хәл-жайды,

Ауылдастар балық жайлы қаузайды.

Жас-кәрісі басын қосса үнемі

Әңгімесі қайық жайлы, ау жайлы.

Жігіт біткен ау-жылымын сайлайды,

Қарттары үйде шанышқысын қайрайды.

Балалары сылдырмақ қып бояғын,

Қармақтарын ат қып шауып ойнайды.

Мұндай ауыл, әңгіменің ашығы –

Теңізбенен егіз дер ем, әсілі.

Бабасынан баласына ертеден

Мұра болған балықшылық кәсібі.

Атакәсіп – бүгінгіге тағылым,

Ешкімді аш қылмағаны мағұлым.

Қорасында малы жоқтар болғанмен,

Табасында балық болған бәрінің.

Мейман келсе – мейрам десе болады,

Құрақ ұшып шығарады жоғары.

Мал сойылып, бас тартса да алдына,

Балық жемей қайта алмайды қонағы.

Дәнекері ауыл менен қаланың,

Боп тұрғандай іні менен ағаның –

Бауырыңа сағындым деп хат жазсаң,

Балықпенен қайтарады жауабын.

Сазан түгіл тортасы да әдемі.

Қазандағы сорпасы да әдемі.

Бабыменен асылатын асымыз –

Қарма деген балық емес, бал еді.

Бар кезінде қаяз, мөңке, жайыным

Баймын, тоқпын, жоқ ешқандай уайымым.

«Тайотаңа» берілмейді каютам,

Хамеріңнен қымбат қара қайығым.

Ала алмаған зәкір тасын қайраңнан

Кеме сынды шылбырынан айналған,

Біздің елде осындай бір халық бар

Көк айдынға кіндігінен байланған.

Біздің елде осындай бір халық бар,

Соларды аңсап күнде қиял шарықтар.

Түсімде де теңіз кешіп жүремін,

Аяғымды қытықтайды балықтар.

Ауылды өстіп ойлай қалсам кейде осы,

Көз алдымда балықшының бейнесі!

Балықшы елдің желберейді туындай

Көк теңіздің иісі сіңген жейдесі.

Ержеңіс ӘБДІ ТАСТЫБАЙҰЛЫ,

Қызылорда қаласы.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<