Ит құрлы болмадым

454

0

(әзіл әңгіме)

Тал түсте ыңылдап өлеңімді айтып көшеде келе жатыр едім, алдымнан еңгерзедей төрт жігіт шықты.

-Ағасы,темекі бар ма?

-Темекі түгілі насыбай да атпаймын-дедім.

-Қате ғой

-Неге?

-Причем Насыбай?

-Болса берем ғой

-Басты кетірмеші,қазір бетіңді каша қыламыз-деді біреуі жұдырығын түйіп.

-Каша жемеймін

-Қатты сөйлеп қоясыз-деп,жағама жабыса кетті.Төрт жігіт жерге жығып төмпештеп жатыр.Ешкім айырмайды. Өткен-кеткендер ұялы телефондарына түсіріп қызықтап тұр.Бар күшімді жиып түрегелдім.Бір кісі айқайлады:

-Неге тұрып кеттің?

-Мыналар тепкілеп жатқан жоқ па?

-Тым жақсы түсіріп инстаграмға саламын ба десем,бәрін құрттыңыз. Өзің оңбаған адам екенсің,обалың жоқ-деді.

-Ой,не интересный бой -дейді бір бойжеткен қыз. Иттер төбелесін тамашалап тұрғандай сөйлейді.Біреу таяқ жеп жатқанда қызықтап тұрғандарға таң қалдым. Таяқ тастам жерде әкімшілік ғимараты бой көтеріп тұр.Терезесінен әлдекімдер ауық-ауық сығалайды.

Мұрным қанап қалды. Сүмірейіп үйге келдім. Полицияға арыздандым. Хабар болмады.Арада он күн өтті.Жерге жығылғанымды ұмыта бастадым.Бір күні аулада байлаулы тұрған итім қарғысынан босанып кетіпті.Дәл сол мен таяқ жеген жерде итімді сотқарлар соққыға жығыпты.Үйге полиция келді.

-Мына ит сіздікі ме?

-Иә,иә, байлауынан шешіліп кетіпті.

-Итіңізге неге қарамайсыз?Тентектер аяусыз таяқпен ұрыпты.

-Қап байқамай қалыппын-дедім.Итке бақылау жасамағаныма айыппұл салды.Кешке теледидарды қосып қалсам жаңалықтардан менің итімді көрсетіп жатыр.

-Бүгін сұмдық оқиға болды.Тал түсте жазықсыз ит таяқ жеді.Иесі қайда қарап отыр? Мұндай адамдарды жауапқа тарту керек-деп қояды.Таңертең біреу телефон соқты.

-Сәлеметсіз бе,мен дүние-жүзілік жануарлардың құқығын қорғау ұйымынан хабарласып тұрмын. Итіңізге немқұрайлы қарап,көңіл бөлмегеніңіз үшін халықаралық сотқа тартыласыз-деді.Өткенде мен бұзақылардан зардап шеккенде ешкім іздеп келмеп еді.Итім құрлы болмадым ау?…

Түске таман үйге бір топ адам сау етіп жетіп келді. Менің итімнің тұрмыс-тірішілігін тексеруге құрылған арнайы комиссия екен.

-Итке күніге қанша мезгіл тамақ бересіз?

-Бір рет

-Өзіңіз

-Үш мезгіл ішем

-Қатыгез екенсіз-деді тексеруші.Аулада тұрған иттің үйшігіне барды.Итім ұрғашы еді.Бауырында қыңсылап сегіз күшігі жатыр.

-Ужас,мына ит көп балалы ғой-деп біреуі баж ете қалды.

-Бала емес күшік-дедім.

-Сонда сіз сегіз күшігі бар аналық итті бір үйшікке ұялмай қалай ұстап отырсыз? Обал емес пе?Жүрегіме қатты тиді.

-Енді төрт бөлмелі үйшік салып берейін бе? Өзім бес баламен бір бөлмелі үйде тұрып жатырмын ғой.Онда тұрған не бар?

-Айуан,бұл хайуан.»Ит жеті қазынаның бірі».Сен кімсің?-деді толықша келген әйел дікілдеп. Бетімді тіліп салды.

-Осы иттің иесімін.

-Осындай дамыған заманда көп күшікті итке зәбір беру ақылға симайды.Сізді ит асырау құқығынан айырамыз-деп

комиссия әкімшілік хаттама толтырды.Көп ұзамай полиция келіп итімді күшіктерімен алып кетті.Қазір қаланың ортасында бір крутойдың ауласында бес бөлмелі үйшікте уақытша тұрып жатыр. Күшіктері бауырын көтергесін шетелдіктер алып кетеді екен. Дегенмен итімнің осыншама абыройына іштей қуандым…

Нұрлыбек ЖҰБАТҚАН

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз