«Иттің» түрлері

896

0

Артрит пен гастрит,

Дерматит пен гепатит.

Простатит, доданит,

Менингит пен бронхит.

Тізе берсек таусылмас,

Тағы басқа бұралқы ит…

Айта берсем тек итті,

Атауға болар көп итті…

Көктен келіп қабатын,

Көрмедік бұрын COVID-ті.

Көктен жерге түсіп тек,     

Кетеді екен күшіктеп…

Аптапта күйіп өлмейді,

Аязда кетпес үсіп тек.

Жұлынып шығып ауадан,

Болды оған «жау» адам…

Қадалса тісі кісіге,

Қалпақтай ұшар сау адам.

Ала-құла әжімі,

Адаммен жаман «әзілі…»

Көріксіз осы кеселге,

Кім кигізген «тәжіні?!»

Ашылып тұрса араны,

Асқынтып алмай жараны.

Орындап жүрген жөн болар,

Сондықтан сақтық шараны!

Ойлау және ойнау

Адам ардан аттамаса,

Тағдырын ойлағаны…

Аттаса, тағдырымен ойнағаны…

Қанағат пен құлқын

Қанағат неге болса да дайын,

Онда бар парасат пен пайым…

Ал, құлқын вагонды жүгімен,

Түйені түгімен қылғытуға қайым…

Араққұмардың ақыры

Бір күн ішсең, –

«Базарсың…»

Айлап ішсең, –

Азарсың…

Өзгермесең өн бойы,

Өз көріңді қазарсың.

Жапандағы мүлгіген,

Жалғыз  тұрған мазарсың.

Қазыбек ӘШІРБЕКҰЛЫ

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<