Қиял қанатындағы ғажайып әлем

2758

1

Фантастика – қайсыбір кезеңнің де талабынан қалыс қалмайтын, есесіне, ғылыми прогрестің қарқынынан көш бойы озық жүретін тақырып. Мәселен, адамның ұшқыр қиялы арқылы қоғамдық, кейде тіпті ғаламдық проблемаларды талқылаудың мүмкіндік аясы кеңейеді. Жаңа идеялар туады, уақыты келгенде жүзеге де асады. Дґлірек айтсақ, фантастика – адам қиялымен ұштасқан  ғажайып әлем. Мысалы, бала күнімізде оқыған қазақ ертегілерінен «ұшқыш кілем», «таусоғар», «желаяқ», «көлтаусар» дейтін кейіпкерлерді кездестіріп, олардың қарапайым адам күшінен ґлдеқайда артық, ерекше қабілеттеріне еріксіз сүйсінетініміз рас қой…

Өзіміз куә болғандай, сонау ауыз әдебиеті арқылы халықтың санасына сіңіп қалған сол «ке­йіпкерлер» уақыт ырғағымен заманның ғаламат жетістіктеріне айналды. Айталық, «ұшқыш кілем» – ұшақ, «таусоғар» – кран, «желаяқ» – жүрдек пойыз, жеңіл көліктер, тағы сол сияқты жалғас­тыра беруге болады. Бүгінгі уақыт тұрғысынан қарасақ та, фантаст-жазушылардың қо­ғам мүддесімен сабақтас сан қилы тақырыптарды көтеріп, шебер жеткізе білуі – ғылым мен техникада жаңа ізденістердің туындауына өзіндік әсері болғанын аңғарамыз. Түптеп келгенде, жазушының мақсаты да – сол.

Қазақ әдебиетінде өзіндік қолтаңбасын қалдырған Сыр елінің тумасы, фантаст-жазушы Раушанбек Бектібаев – «Нейтроит», «Ионосферадағы алаң», «Происшествие в день отдыха», «Қайта оралған Қорқыт ата» атты бірнеше фантастикалық кітаптардың авторы.

Ол 1950 жылы Жосалы стансасында дүниеге келген. 1973 жылы Қазақ химия-технология инс­титутын бітірген. 1975-1992 жылдары КСРО Мелиорация және су шаруашылығы министрлігі саласында қызмет атқарады. Осы жылдары – Арал теңізінің болашағы жайлы өзекті мақалалары республикалық басылымдарда жарияланып тұрған. Ол 1993 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің,  Министрлер ка­­бинетінің жалпы бөлімінде, 1995 жылдан Қазақстан Респуб­ликасы Парламентінің Баспасөз қызметінде сектор меңгерушісі болып қызмет атқарған. Қазақ әдебиетіне өзіндік таланты­мен үлесін қосқан Раушанбек Бекті­баев елуден асқан шағында, 2002 жылы өмірден өтті. Биыл жазушының туғанына 70 жыл толып отыр. 

Жазушының «Сәуле жанай өтті» атты фантастикалық әңгімесінен үзінді:

…Мәжілістің негізгі мақсаты – әлем кеңістігінен келе жатқан апаттан планетамыздың тіршілік иелерін қалай да аман сақтап қалу. Сонда ол қандай апат? Бұл әзірге жұмбақ. Оны осы отырғандардан басқа ешкім білмеуі тиіс. Мәжіліс құпия өтуде. Ғалымдардың бәрі де бұл мәселе жөнінде ешкімге жақ ашпасқа қолдарынан тілхат берген. Ондағы мақсат –халықты дүрліктірмеу. Жұрт арасында үрей туғызбау. Сөйтіп ақылдаса отырып, әлем кеңістігінен келіп жерге килігетін сәулеге қарсы әрекет жасау. Оқиға желісінде  кейіпкерлердің ой-пікірлері, көзқарастары түрліше құбылып, соңында ортақ бір тоқтамға келеді.

Әңгіменің түйінінде ғалымдар лазер сәулелерін шашатын ракеталарды іске қосу арқылы әлем кеңістігінен құйылған құпия сәулеге қарсы тойтарыс беріп, нәтижесінде әлгі қауіпті сәуле жер бетіне тура түспей, жанамалай өтіп кетеді. Яғни, тіршілік тербелісі бұзылмай, Жер беті тосын апаттан аман қалады. Жоғарыда айтып өткеніміздей, жазушы жалпы ғылымның болашағына зор сенім артады.

Ол «Қайта оралған Қор­қыт ата» атты шығармасында түркі әлемі руханиятының ғажайып болмыс иесі – Қорқыт ата тұлғасын ғарыш кеңістігімен байланыс­тыра суреттейді. Жазушы қиялы ажалдан қашқан Қорқыт тұлғасын басты идея етіп ұстана отырып, ғылымның қарқынды дамуына  қарай адам өмірін ұзартудың құпия­сына үңіледі. Әрине, бұл – Жер атты планетада «адам» атты тіршілік иесі қанша уақыт өмір сүрсе, соншалықты зерттеле беретін мәңгілік тақырып…

Ойлап қарасақ, бүгінде медицинаның соңғы жетістігі бойынша әл үстіндегі ауыр науқастарды «телемедицина» байланысы арқылы емдеу әдісі қолданылады. Сонымен қатар, адам ағзасының клиникалық, физиологиялық және биохимиялық ерекшеліктерін анықтай отырып, саламатты өмір сүру дағдысын қалыптастыру амалдары да оң нәтижесін беруде. Демек, бұл да жазушы қиялының жүзеге аса бастағаны десек, қателеспейтін шығармыз…

Ғазиза ӘБІЛДА,

«Сыр бойы».

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<