Қызылқұм хикаясы

1918

0

Жеңіс бес жасынан жаңа туған жас төлдің қаракөл жүніне қарап малдың денсаулық жайын, отардың ішінен ауру-сырқауын айнытпай табатын зеректігімен таңғалдырып жүрді. Ал он жасында келімді-кетімді қонақтарға арнап атасы көрсеткен ұсақ малды өзі жығып, бауыздап, мүше-мүшеге бөліп соятын болды.

Екі жасынан тілі қазақша шыққан бала төрт жасынан қолына домбыра ұстады. Атасының жа­нында көп жүргендіктен бе, сөз­ге ділмәр, шешен болып өсті. Ес білгенінен өзі сөзін құрап, ән шығаратын болды. Ауыл-үйдің ма­ңында аты шыға бастаған Же­ңісті кейін аудандық сахналық жа­рыстарға үзбей шақыратын. Ақындар айтысында алдына жан салмай, талай мәрте жүлдегер атанды. Малдай, шапандай алған жүлделері көбейді.

Он алты жасынан асқан ше­бер қырықтықшылығымен аты шықты. Қырықтықшының жай қай­шысымен күніне отыз бас қой қырқып, алдына жан сал­мады. Кейіннен қырықтық ме­ха­ни­каландырыла бастаған кезде күніне жүз елу бастан топыр­ла­тып қырқатын болды. Аудан кө­лемінде Жеңістің алдына түсетін қырықтықшы жоқ-ты.

Жігіттігі толыса бастағанда Жеңіс екі иығы қақпақтай, сым­дай тартылған, бұйралау сары шаш­ты жігіт болып шыға келді. Құмды ауылдың аптап желі жі­гіттің сарғыш өңін қағып, қызыл шырайлы, қоңырқай жігітке  ұқ­сатып жіберді.

Ағайындарының арасынан бөг­делеу көрініп тұруды қаламады ма екен, шашын үнемі тақырлатып жүретін болды. Сөйткенде, жып-жылтыр бас құйқасы құмды ау­ылдың аңызақ желімен жылдам күйіп, әсіресе түлкі тымақты баса кигенде қырдың қара қазағынан аумай қалды.

Қойбағардың малды ауылы үнемі қырдан-қырға көшіп жүрді де, қайдағы оқу болсын, Жеңіс сол күйі мектепке бара алмады. Мектеп көрмеген, орта білім ала алмаған жас жігіт әскерге ша­қырылмай қалды. Жиырмаға то­лар шағында көрші ауылдың Ұл­болсын деген қызын айттырып, екеуі шаңырақ көтерді. Бүгінде соң­дарынан ерген бір ұл, бір қыз­дары бар.

Үй мен түздің бүкіл шаруасы Жеңіс пен Ұлболсынның мой­нында. Қой жаюдың қыр-сырын әбден меңгерді. Қай кезде қан­дай жайылымды пайдаға жарату, жұт жылғы қыста қай құмның астында қалайша қолмен шапқан шөпті қалтарыста елеусіз қор­мал­дап қою, қойды қолдан ұрық­тандырудың қыр-сырын ат жалын тартып мінгеннен зеректікпен меңгерді. Ат үстінен дойыр қам­шымен талай рет қасқыр да со­ғып алды. Қойдың терісін тұздап, кептіріп, кейін кеңшардың қой­масына тапсыру жағын Ұлболсын екеуі шып-шырғасын шығармай атқаратын.

V

Ет жеп, сорпа ішіп болып, құмды ауылдың кешінде самалдап далаға шыққан кезде Алексей жолдас Қуанышпен жеке қалып, манағы әңгіменің әсерінен айыға алмай  тұрған бір мезетте оған:

– Кейіннен Жеңістің әке-ше­шесі туралы ештеңе сұрап біле алмадыңыз ба? – деп сауал тас­тады.

– Туған баламыздан артық болып кетті ғой. Әйтсе де, бір комсомолдар келіп, әрнені сұ­рас­тырып, қағаздарына бірдеңе-бірдеңе түртіп алып кеткен, ха­бар болса, айтамыз деп. Одан бері де үш жылдай өтіп кетіпті. Еш­қандай хабар-ошар жоқ. Қайта баланың иткөйлегі бар еді, соны да алмақшы болды ғой, бермей алып қалғаным мұндай жақсы болар ма?!

– Қандай иткөйлек?

– Варшаваның түбінен алып, вагонға отырғызар кездегі киген көйлегі ше? Кеудесінде біздікінен бөтен бір әріптер тігілген.

– Ол көйлек  қайда, алыста  ма? Көруге болар ма екен?

– Үйдегі әбдіренің бірінде жат­қан болар. Әйелімнен сұрап көрейін.

Бұлар бір айналып үйге кір­ген­де, қойшының жары әлдебір тү­йіншекті әкеліп алдарына қой­ды.

– Мінекиіңіз, – деді Ұлболсын. – Арасында бір кішкентай темірі бар. Онысын бір рет жоғалтып ала жаздап, тауып алдық қой, әйтеуір…

Алексей түйіншекті еппен ғана ашты. Ішінен сәбидің кіп-кішкентай көк түсті иткөйлегі шықты. Алдыңғы оң жақ етегіне таман ашық түсті жібек жіппен айшықтала тігілген латынша V.S деген жазу көрінді.

– Айтпақшы, мына бір затты ұмытып бара жатыр екенмін, – деп әйел бұған тағы бір шап-шағын түйінді ұсынды. Ашып еді, ішінен католиктердің кішкентай күміс  крестигі шықты. – Бауы да болған. Керек болып жатса, оны тауып берейін.

Мейман бұл заттарды мұқият қарап шығып, бұйымтайын ба­рынша бипаздап жеткізейін деген  басыңқы дауыспен:

– Мына заттарды біраз күнге маған бере тұрыңыздар, – деп қипа­лақтай сұрады.

Алматыдан келген үлкен ұлық­­тың сөзін жерге тастай ал­­маған екеуі бұған келісті. Об­лыстың басшылары да мұны қол­дады.

Ұлықтың көмекшісі заттарды қол сөмкеге ұқыптап салып алды.

Ол жылдары пионерлер мен ком­сомолдардың із кесу­ші от­ряд­тары қызу жұмыс істей­тін шақ. Соғыста із-түссіз кеткен мың­даған, он мыңдаған жа­уын­гер­дің ізіне түсіп, олардың дерегін туған-туыстарына тауып беретін заман еді ғой. Алексей де сондай із кесушілердің көмегіне жүгінуді жөн санады.

Алматыға келген соң, із кесу­шілердің республикалық  шта­бы­ның командирін өзіне шақырып алды. Қарақұмнан алып қайтқан заттарды оның алдына жайып салды. Екеуі бұл заттарды мұқият тағы бір қарап шықты.

– Крестик  бір түрлі бөлектеу екен. Іші қуыс сияқты. Ашып көрейік. Бар құпия осында тығулы жатуы мүмкін.

Расымен де, әлгі қуыстың іші­нен бір ұсақ қағаз шықты.

– Мына қағазды біз ашып оқи алмаспыз. Әбден ескіріп, күлге ұқсап кеткен. Шашып алармыз. Криминалистерден сұрамасақ. Іш­кі істер министріне телефон шала аласыз ба? – деді штаб бастығы.

Алексей министрмен сөйлесті.

Арада бір апта өтті ме, өтпеді ме, ол Алексейдің қабылдауына қайта сұранды. 

Бір жапырақ қағазда поляк тілінде Варшавадағы көшенің аты, үйдің мекен-жайы жазылыпты.

– Не істейміз? Іздеуді одан әрі жалғастырамыз ба? – деп сұрады із кесуші.

– Әрине. Сіздер бұндай шаруа­ның қыр-сырын әбден меңгер­генсіздер ғой. Бір нәтиже шығып қалар.

Қалап алынған дүние Қуаныш­қа қайтарылды.

Уақыт шіркін зымырап, арада төрт ай өте шықты. Бір күні Алек­сей жолдасқа штаб командирі телефон соқты.

– Өте қызық жаңалықтар бо­лып жатыр. Сізге қашан кіріп шықсам болар екен?

Кездесу таңертеңге белгіленді.

Жеңістің нағыз әке-шешесі табылыпты. Варшавада тұрып жатыр. Әкесі профессор Си­корский мырза – Польшадағы өте танымал адамдардың бірі. Ал анасы – ұстаз. 45-жылдың ма­мыр айында «Плоцк» деп аталатын стансаның түбінде жолаушылар пойызына тұтқиылдан шабуыл жасалған кезде кішкентай сәби­інен айырылып қалады. Бала­ның анасы шабуыл кезінде қатты жарақат алып, есінен танып қал­ған. Сәбидің есімі  Виктор болған.

Осы жайттың барлығын тәп­тіштеп баяндап шыққан  коман­дирдің одан арғы сауалы:

– Әрі қарай не істейміз?- болды.

Алексей Васильевич маңын­дағы әріптестерімен ақылдас­ты. Мәскеудегі Қорғаныс министр­лігіне хабарласты.

Ақыры ерлі-зайыпты екеуге осы хабарды барынша сақтықпен жеткізу керек деген тоқтам жа­салды.

Бұл уақиға Алексей жолдастың жан-дүниесін  жаңаша екпінмен қайта жаулады. Мәскеуге кезекті бір сапары кезінде Польшаның Кеңестер Одағындағы елшісімен арнайы кездесті. Әңгіме үстінде болған жайтты бастан-аяқ түгін қалдырмай   баяндады. Ендігі мә­селе – осы шаруаны қалай да ая­ғына дейін жеткізу.

Бұл төтенше жайт елшіні ерек ойландырып тастады. Бір кезде ширыққан дауыспен:

– Профессор Сикорский – біз­дің мемлекетте есімі белгілі, бе­делді адам, – деді. – Қазір елдегі бас университетте кафедра мең­герушісі. Ғылым саласы бойынша бірнеше мәрте Нобель сыйлығына ұсынылған. Мынадай ақпара­ты­ңыз үшін сізге көптен-көп рахмет. Мен бұл жағдайды өз елімнің басшылығына міндетті түрде мә­лімдеймін. Сізді де құлағдар ете­мін.

Елші естіген жағдаятына  әлі де сенер-сенбесін білмегендей, тағы біраз үнсіз қалды.

Профессор да, әйелі Ядвига да орыс тіліне жетік көрінеді. Про­фессор – басқа да тіл­дерді жақсы меңгерген. Кемб­ридж, Берлин, Нью-Йорк универ­си­тет­терінде ағыл­шын, неміс тіл­­дерінде майын тамызып та­лай рет лекция оқыған ғұлама адам.     

Алексей Мәскеуден орала са­лысымен кейінгі оқиғалардан Қы­зылорда облысының басшы­ларын құлағдар етті. Жеңісті өзінің нағыз әке-шешесімен жолығуға даярлау керек. Поляк болмаса да, орыстың тіліне аздап баулыған жөн.

Арада тағы да біраз ай өтті. Келер жылдың мамыр айында Мәскеуден поляк елшісі телефон шалды.

– Сіздің мәселе бойынша біраз жаңалығым бар. Кез­дескеніміз дұрыс болар еді. Қарсы болмасаңыз, Алматыға ұшып ке­луге даярмыз, – деді елші.

Алексей алдағы аптада Мәс­кеуге бармақшы болатын. Сон­дық­тан Қазақстанның Мәскеудегі өкілдігінде кездеспек болып ке­лісті.

Елші өз еліндегі осы жайттың төңірегінде орын алған  соңғы оқиғаларды сабырмен баяндады:

– Варшавадағы дипломатта­рымыз профессор Сикорскиймен, ол кісінің зайыбымен бұл та­қы­­рыпта абайлап сөйлесіп көр­ді. Әрине, олар алғашында жас жігіттің өз баласы екен­дігіне сене қоймады. Деген­мен, толқулары біраз басылған соң, онымен кез­десу ұйымдастыр­са­ңыздар деген өтініштерін айтты.

Ядвига ханым: «Оның біздің Франтишек екендігіне күмә­нім бар» депті. Вагонда бол­ған­дар­дың біреуі сәбидің кеудесі сөгіліп, қанға бөгіп жатқанын көрген. Фашистер әуеден тұтқиылдан төнгенде анасы сәбиін кеудесіне басып, төменгі текшеде отырған. Жас әйелдің бүкіл денесінде жарақат алмаған жер қалмаған. Сонда құртақандай сәбидің осын­дай алапатта тірі қалуы мүмкін бе?!

Алматыдағы республика бас­шылығы өзара ақылдаса келіп, профессор Сикорскийді жұ­байы­мен Қызылордаға шақыруды ұй­ғарысты. Басқа жұмыс бастан асып жатқанда, осы шаруаға бе­кер киліктік дегендер болмай қал­­мады. Ақыры, бұл іспен бай­ланысты барлық  шаруа Алексейге жүктелді.

VI

Польшадан келген мейман­дарды Қызылорданың әуежайында бір топ лауазымды адамдар қарсы алмақ. Мәскеуден ұшып шыққан ұшақ Қызылордаға кешкісін ке­ліп қонды. Орысша еркін сөй­лейтін ерлі-зайыптылармен тіл табысу қиынға түспеді. Түнде облыс орталығында демалып, Қы­зыл­құмға тікұшақпен күндіз ұшып шығу ұсынылды. 

Меймандар кешкі тамақтың алдында, қас қараймай тұрып, кө­не қаланың қызықты жерлерін аралады. Ел астанасы Орынбордан Алматыға ауыспас бұрын біраз жылдар  Қызылордада   тұр­ға­нын біліп таңғалысты. Петер­бор­дың, Орталық Ресейдің басқа да қа­ла­ларындағыдай үлгіде салынған бұрынғы Үкімет үйін аралап көрді.

Кешкі астың үстінде Алексей орайы келгенде Варшава­ның тү­біндегі темір жол стансала­рының бірінде соғыстан қайтқан совет солдаттары өлімнен құтқарып қалған жас баланың тарихын тағы бір рет абайлай баяндап берді.

– Ол қазір зіңгіттей жігіт. Төрт жасар ұлы, бір жасар қызы бар. Таза қазақ дәстүрімен тәрбие­ленген, – деп жорта әңгіме арасы етіп тұжырды.

Облыс басшыларының бірі әскери борышын Польшада өтеген еді. Сол кісі де сөз кезегі келгенде:

– Өзі поляктарға көп ұқса­майды. Неміске көбірек келеді. Өте бір тамаша жігіт. Тек орысша бір ауыз сөз білмейді,  қазақша ғана сөйлейді, – деді. Сосын: – Домбырада қалай шебер ойнайды деңіз! – деп қосып қойды.

Меймандар көңіл үшін әңгіме желісіне араласып отырғанымен, құстың сүтінен өзге барлығы бар тоқ дастарханнан жарытып ештеңе алмады. Тек қаймақ қат­қан қою шайды құрт жей отырып, бірер қайтара ішкендері болмаса. Көңілдері аса алаң болып отырғаны айдан анық еді.

Бұл екі арада Жеңіске сол бір соғыстың соңғы жылынан бергі бүкіл оқиғаның мән-жайын Қуаныш өзі қысқаша баяндап берген. Шетелден меймандар ке­ле жатыр. Поляк деген ағайын. Жеңістің нағыз ата-анасы солар болып қалуы ықтимал дегенді Қуаныш сыналап жеткізді.

Жеңіс ойда-жоқта, тосыннан топ ете қалған   мұндай жаңалықты өте ауыр қабылдады.

– Менің өзімнің туған әке-шешем бар! – деді ол ышқына айғайлап. – Маған өзгенің әке-ше­шесінің керегі жоқ. Қаласаңдар, өздерің қарсы алыңдар.

Осылай қатты күйінген  күйі қолын бір сілтеп, көлдің арғы жағалауына өтіп, құмды жаға­лауда ұзақ ойланып отырды. Сүтпісірім уақыт өтіп, сабасына түсті-ау деген кезде, әкесі қатты ойға шомған Жеңістің жанына жақындады.

– Келетін қонақтар қазақша біле ме? – деп сұрады ол әкесі жауырын тұсынан тақап келгенде жуасыған үнмен.

– Білмейді, балам.

– Ал сонда мен олармен қа­лайша сөйлеспекпін?!

Жеңістің мөңкіген мінезі біраз сабасына түсті-ау деген мезетте үлкендер аудармашы деген бо­латынын, сұраққа қалай жауап беру керектігін, жалпы, шетелден келген азаматтардың алдыңда өзін қалай ұстау қажеттігін айтып, түсіндіріп бақты.

Жеңіс сонда да:

– Олардың маған не керегі бар? Өздерің-ақ сөйлесе бермейсіңдер ме? Бәрін өздерің білесіңдер ғой. Мен қойдың маңында болайын,-деп қырсықты.

– Олай  жараспайды,  ұлым. Келе жатқан адамдар – біздің ғана қонағымыз емес, бүкіл облыс­тың, бүкіл қазақ елінің мейманы. Қазақтың қонақжай  халық еке­нін білесің, дұрыс қарсы алып, дұрыс шығарып салуымыз керек, – деді әкесі. Сосын: –  Ал сен Роза екеуіміздің ұлымыз болып қа­ласың. Сені ешкімге бермейміз. Біз қартайған кезде, сен де біз­ді жалғыз қалдырмассың деп се­немін, – деді үніне біртүрлі діріл қосылып.

Меймандар келер кезде біз­дің жақ Жеңісті келістіріп тұрып даярлады. Қаладан арнайы алды­рылған шаштараз сол жылдары «полька» деп аталатын модалы шаш қойыс бар еді, соның үлгі­сімен Жеңістің шашын әдеміліп бастырды. Өсіп кеткен сақалын алғызды. Ақ көйлек, ақшыл түсті кәстөм бойшаң, келісті жігіттің иығына қона кетті. Аяғына таза былғарыдан тігілген туфли кигіз­ді. Жеңіс тек галстук тағудан мүл­дем бас тартты.  

Жаңа киімге бастыққанша бір жұма өте шықты.

VII

Меймандар мен олардың ба­сы-қасында жүрген жергілікті басшылардың бір тобы облыс орталығынан тікұшақпен таңертең ертемен ұшып шықты. Көңілдері алабұртқан меймандардың ертеңгі асқа зауықтары соқпады. Таңғы шайды қойлы ауылдан бір-ақ ішерміз десті.

Әуежайға барар жолда Ядви­га ханым сыр бермеді. Мей­ман­дар мінген көліктің алдын ке­се-көлденең қиып өтіп бара жат­қан, белін қайқайтып қарағаш артылған бақырауық есек мінген қарадомалақ балаға қарап бір-екі сөз қалжың айтты. Бірақ  әуеге көтерілісімен әйелдің екі иығы селкілдеп, теріс қарап біразға дейін күйзеле жылап отырды. Күйеуінің иығына басын салып:

– Мүмкін, расымен де біздің баламыз шығар… – деп кемсеңдеді.

Профессор жұбайын иығынан құшақтап, өзіне тартып, бірнәрсе деп күбірлеп,  сабырға шақырды.

– Бәлкім, тыныштандыратын дәрі керек болар? – деп сұрады ханымның жай-күйін байқап қал­ған екінші ұшқыш.

– Жоқ, керегі жоқ, бізде бәрі бар, – деді профессор.

Арада бір сағаттай уақыт өт­кенде, тікұшақ кішкентай көл­шік­тің жағалауындағы қойлы ауылдың іргесіне келіп қонды. Ақ­шаңқандай төрт киіз үй тігі­ліпті. Тіпті, жалт-жұлт етіп көз­дің жа­уын алады. Алексей таза ақ жүнді киізден құрылған  шет­кісін он екі қанатты ма деп қалды.  Соңғы келгенде мұнда жетімсіреп екі-ақ киіз үй тұрған-ды. «Жарайсыңдар, жақсы даярла­ныпсыңдар!», – деп ішінен қатты разы болды.

Көлдің маңында ойнақтап жү­гіріп жүрген бір топ бала тік­ұшақты көре салысымен киіз үй­дің ішіне кіріп жоқ болып кетті.

Меймандарды Қуаныш Қойба­ғаровтың өзі қарсы алуға шықты.

– Орысша білесіз бе? – деп сұрады одан профессор Сикор­ский.

«Соғыс кезінде аздап сөй­леуші едім. Қазір сол аз-маз  сө­зім­нен айырылып қалдым», – де­генді Қуаныш тілі жеткенше  жеткізгендей  болды.

Әрі қарай өзінің жалпақ қазақ­шасына көшті. Қызылқұмға алғаш аяқ басқан қонақтарды ең үлкен  киіз үйге бастады.

Меймандар кіреберіске аяқ киімдерін шешіп, аппақ шаң­қандай ақбоз үйдің төріне озды. Қабырғаны жағалай бұхар кілемі ілініп тасталған. Оның үстіне қасқыр мен түлкінің әбден иіне келтіріп өңделген терісін, то­былғы сапты төрт өрім қамшы, аңшы мылтығын іліп қойыпты.

Еденге бірнеше қабат ақ киіз төселген, оның үстіндегі на­қыш­ты кілемдер көздің жауын алып жайнап жатыр. Киіз үйдің ішін айнала төселген кілем үстіне түйе жүні салынып тігілген жеңіл көрпешелер жайылып, үстіне ап­пақ ақзу матамен қапталған көп жастық тасталыныпты. Кіреберіс оң жаққа ақшыл сары түсті был­­ғарымен қапталған нағыз еуро­палық диван қойылыпты. Алыс­­­тан келген меймандарға ар­налғаны анық. Олар тізе бүгіп отыра алмайды ғой.

Қойбағар әулетінің жер түбі­нен келген қонақтарын қарсы алуға өте жақсы әзірлік жасалғаны байқалып-ақ тұр. Үй иесі ішке кіргендерге еркін жайғасып оты­рыңыздар дегенді ыммен көр­сетті. Алматы мен облыс-аудан­нан келген үлкендердің барлығы оп-оңай малдас құрып, жайғаса отыра-отыра кетісті. Тек поляк меймандар ғана дәл осылай жа­сағысы келсе де, өйтіп отыра ал­май, ә дегеннен мазасы қашты.

– Диванға тізе бүксек қайтеді?- деді Ядвига ханым ыңғайсыздана қызарақтай. – Аяғым икемге келер емес. 

– Неге болмасын! – деп үй иесі ұшып түрегелді.

Ерлі-зайыпты екеуі диванға жайғасты.

Жергілікті адамдардың бірі:

– Біз еденге отырып дағдылан­ғанбыз. Диванға отырсақ, арқамыз ауырып, мазамыз кетеді, – деп қойды.

Бірер мезет әңгіме ауаны Қы­зыл­құмның жағдайына, мына ір­гедегі ғажап көл жайына ауысты. Бәрі де жақсы-ақ шіркін, бірақ-тағы кейде шыбын-шіркейдің ма­заны кетіріп  жіберетіні бар.

Бір кезде киіз үйдің есігі шал­қалай ашылып, ішке ұзын бойлы, келісті жігіт кірді.

– Міне, біздің ұлымыз осы,-деді Қуаныш. – Балам, мына алыс­тан келген меймандармен аман­дас.

Жеңістің жаңаша бейнесін көргенде Алексейдің таңырқаған­нан аузы ашылып қалды. Бұл баяғыдағы еріні кезеріп, күнге қақталып жүрген Жеңіс емес-ті. Кіреберісте еуропалық үлгіде ақ көйлек, ашаң костюм киген, жіп­тіктей бойшаң, шашын әдемі­леп бастырған, тіпті киноға жетектеп әкеліп түсірсе, соған лайық әдемі, келбеті келісті жігіт тұр еді.

– Ассалаумағалейкүм! – деп  жі­гіт іштегі меймандармен жаға­лай қол берісе амандаса бастады.

Ядвига ханым жас жігіттен көзін айырып ала алмай, қаққан қазықтай  қалшиып қатты да қал­ды. Жеңіс ол кісіге таяп келіп қолын ұсынған кезде, әйел орны­нан тұра бере, дірілдеген аяғын нық баса алмай, бір жағына қарай құлай берді. Жанында тұрған ер-азаматтың біреуі қолынан ұстап үлгерді.

– Жүрекке ішетін дәрі кімде бар? Тезірек! – деді әлдекім асып-сасып.

Профессор портфелінен әлде­недей кішкентай құты алып шығып, аузын ашты да, жұбайы­ның мұрнына жақындатып, иіс­кете қойды.  Ядвига ханым заматында есін жиды.

– Соның дәл өзі! – деді әйел шала-жансар ес-түссіз күйде,  тұрғандарға  жағалай жалынышты күйде жалтақтай қарай беріп. Сосын көз жанарын еріне тоқ­татып:

– Отыз жасыңда сен де дәл осындай едің. Тұп-тура сенің кө­шірмең. Айнымаған сенің көз­қарасың. Сол жақ құлағының тұ­сындағы меңі де айнымайды. Құ­дайым-ай!

Іштегілер иба сақтап, сыпайы қалыпта сыртқа шыға бастады. Профессор Алексей мен үй иесіне қала тұрыңыздар деген белгі берді. Үшеулеп Ядвига ханымның ес жиюына жәрдемдесті. Әйел ди­ванда отырып, ес шақырып, ша­шын жинастырып, қалыпқа келе:

– Бұл біздің Франтишек. Мен оны бірден таныдым. Отыздағы айнымаған әкесі. Құдайым-ай, енді не істедім?! Барлығына мен кінәлімін! Қолдағы баладан айы­рылып қалған өзім кінәлімін! Мұнан өлгенім жақсы еді ғой!

Іштегі қалғандар Ядвиганы тілдің мәйегі жеткенше жұбатып бақты. Әйел сабасына түсті-ау дегенде ерінің жүрегі қысты. Өстіп әуреленіп жүргенде сүтпісірім уақыт өтті. Барлығы бір қалыпқа келді-ау деген мезетте Қуаныш сөз алды:

– Бәрі де тағдырдың жазуы. Баланы аман алып қалғанымыздың өзі бір олжа емес пе?! Есесіне екі әке, екі шешесі бар Жеңісжанның!

Қуаныш жұбату сөзін аяқтай бергенде ішке әйелі Роза енді. Ол жанары жасқа толып, келе Яд­виганы құшақтап,  кеудесіне қысты. Осылай жұптаса құшақ­тас­қан қалыптары қос ана біраз тұрып қалды. Екеуінің де беттерінен сорғалаған ыстық жас домалана кілем үстіне тамшылады.  Екі ананың құшақтары ажыраған бір сәтте Роза:

– Осы баланы Қуаныш ауылға әкелгенде мына бір зат өзімен ілесе келіп еді, – деді де, бір түйіншекті алып шықты. Түйіншектің ішінен кіш­кентай нәрестенің көгілдір көй­легі мен бауы бар біп-биттей крестик шықты. Бұл заттар Яд­вига ханымның көздеріне оттай басылды.

– Мынау ұлыма өз қолыммен тіккен көйлек. V.S. деген жазу Виктор Сикорский дегенді біл­діреді, – деді көйлекті бетіне ба­сып еңіреп жылап жіберген ол.

Араға біраз уақыт салып барып ерлі-зайыпты екі мейман, Қуаныш пен аудармашы қыз төртеуі көл жағасына қарай кетті.

VIII

Бүгінгі күн тым ауыр тиді. Үй иесі қонақтарды ішке кіріп,  шай ішіп, ауқаттанып алуға ша­қырғанымен, ешкімнің тамақ ішу­ге зауқы соға қоймады.

Ымырт  түсе ұшқыш жігіт енді кешеуілдеуге болмайды деп асықтыра бастады:

– Түнге қалсақ, көтеріле ал­маймыз. Сондықтан шираңыздар.

Бұл уәжге тоқтасқан мей­мандар жинала бастады. Киіз үйден ең соңынан Қуаныш пен Жеңіс шықты. Қолдарында аппақ матаға орап алған қомақты бір нәрсе бар.

– Мынаны сіздерге біздің отбасымыздың атынан жасалған қошемет-сыйымыз деп қабыл­даңыздар, – деді Қуаныш бір тү­йіншекті аша бере.

Ішінен күмістей жалт-жұлт еткен аса бағалы қаракөл мантонын жарқырата алып шықты. Бұндай қымбат зат Алматының өзінде де саудаға түсе бермеуші еді. Талай елге табаны тиген Алексей жолдас халықаралық аукциондарда оның  «таңдаулы күміс түстес сұр»  де­ген атаумен саудаға шығары­лып, бұлғын терісінен де басым бағаланатынын бір кісідей білетін.

– Міне, мұндай қаракөлді екі үйдің ортақ баласы – мына Жеңіс өсіріп отыр, – деді Қуаныш  сыйлықты пани Сикорскаяның қолына ұстатып.

Енді кәде тарту кезегі Жеңіске келді.

– Мынау сізге, – деді ол өз қо­лындағы түйіншекті профес­сорға ұсына беріп. Оның ішінен жағасы сұр қаракөлден салынған, қасқыр терісінен тігілген, сол жылдары аса  сәнді санала-тұғын тон шықты.

– Қасқырды да ұлымыздың өзі соқты, – деп сөз қыстырды Қуаныш. – Бізде мына құм ара­сында жортып жүрген бөрі көп.

Қос сыйлы тон да өз иелеріне құйып қойғандай екен, әбден жа­раса кетті.

Ерлі-зайыпты Сикорскийлер шын жүректен тартылған кәделі сыйға разы болып, Қуанышты да, өз ұлдарын да құшақтарына алып, қатты-қатты қысып сүйе берді.

Профессор жұбайына бір көз салып өтіп, үй иелеріне қарай  бұрылып:

– Осыншама жылы қабылдап, құшақ жая қарсы алған жақсы­лықтарыңызға үлкен рахмет! Ұлым, саған да, Қуаныш туысым, саған да! Баламыздың жақсы отбасына тап болғанына разы болып аттанып барамыз. Жеңіс тіл де үйренер, білім де алар. Бұл – жүре-келе түзелетін нәрсе. Осы бағытта жұмыс істейтін боламыз,– деді.

Біраз үнсіз қалды да, толға­нысын  басып барып,  сөзін жал­ғады:

– Біз де сый-сияпаттың қа­рым­тасын қайтарғымыз келеді. Сіздерге «Волга» автокө­лігін сый­ға тартамыз. «Внеш­посыл­торг» деген ұйым бар. Сол арқылы ақы­сы төленген. Чегі мына кісінің қолында. Кәне, Ядвига?

Профессордың жұбайы қол сөмкесін ашып, күйеуіне бір бума қағаз ұсынды.

– Мұнда «Волганың» құны­нан асатын ақша бар. Тіпті «Мер­седес» сатып алуларыңызға бола­ды. Бірақ сіздердің жер­ле­ріңізге «Уазик» дейтін орыс көлігі ың­ғайлы деседі. Мұны қабыр­ғала­рыңызбен кеңесе шешер­сіздер. Біздің елшілікпен барлық шаруа келісіліп қойған. Бұдан былай үнемі байланыста боламыз. Таяу арада барлықтарыңызды немере­лерімізбен бірге Варшавада кү­теміз. Шақыру қағазы, барып-қай­татын билеттеріңіз – бізден. Барлығын өзіміздің елшілік ар­қылы аласыздар.

Меймандар Қызылқұммен, Бар­шакөлмен, жаңа табысқан қа­зақ туыстармен қимай-қимай, қи­нала   қоштасып, аттанысты.

Ядвига-ананың  ботакөз жа­на­рынан жиырма жеті  жыл бойы бүткіл сана-сезімін сарғай­тып-сан­сыратып келген сағым-сағы­ныштың аққудың көз жасындай мөлтілдеген сарытап моншақ жа­сы  сырғанап түсті. Бұл – сөз­бен жеткізіп айтқысыз, жүректі тербеп-тебіренткен  қуаныштың көз жасы еді…

Өмірзақ Сұлтанов,

ғалым, экономика ғылымдарының кандидаты,

Сайлау Төлеуов,

журналист.

Семей-Астана.

(Соңы. Басы өткен сандарда)

Бұл деректі баянның негізіне 1972-1975 жылдары Қазақ ССР Министрлер Советі Төрағасының орынбасары болған, Социалистік Еңбек Ері, академик  А.В.Черекаевтың естелігі алынды.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<