ШАБДАЛЫ

810

0

Қаладағы «Жаңа базарға» жақын Қ.Баймағанбетов көшесінде, жер үйде тұрамыз. Шағын ғана тұйық көше. Жұмыстан ертерек келсем, апам (анамыз Төлеу Төремұратқызы 1925-2014) өзінің шағын бөлмесінде дастархан жасап күтіп отыр екен.
– Айналайын, келе ғой, шай ішіп ал, – деп жатыр. Жуынып-шайынып, дастархан басына жайғастым. Дастарханда күнделікті ас-ауқатымыздан бөлек көлемі жұдырық басына жақын төрт шабдалы тұр. Өте әдемі, көздің жауын алады. Алыстан келген дәм болса керек. Қалай ғана соғылмай, бұзылмай жеткенін?! Бақтан жаңа ғана үзгендей, қызыл-сары реңі көзді  еріксіз арбайды. Апам ақ шәй¬негін әкеліп, дастархан басына жайғасты. Бұл кісі зей¬нет¬ақысы келсе, базар¬ды бір ай-налып, не¬мерелеріне ке¬рек-жарағын алып шығады. Оның жартысын тиын күйінде майдалап, мәсісінің қонышында былғарыдан тіккен қара әмия¬нына сақтап, Ал¬ла-ның берген оншақты немересіне бөліп беріп, айдың аяғына дейін жеткізеді. Тұрақты алымшылары – Қазбек жиен мен Зейнолла. Бастауыш сыныптағы Ғайнолла деген баламыз: «Біздің әжемнің ақшасы өмірі таусылмайды-ау», – деп тамсанып қояды.
Апам қаймақтап шай құя бастады. Әңгімені өзім бастадым.
– Апа, дастарханыңыз түрленіп кетіпті, мына жемісіңіздің аты не? – деп жатырмын. Апам өзіне тән әдемі күлкісімен:
– Ал, енді бала, осы шабдалының әңгімесін айтайын деп өзіңді күтіп отырмын. Бұл бір жатқан ікая, – деп көңілденіп әңгімесін бастап кетті. 
– Базарды аралап, жеміс-жидек сататын жағын жағалап жүргенде біздің ізімізді қуып жүрген бір келісті әйелдің үнемі осы шабдалыны сатып тұратынын көруші едім. Бүгін де орнында екен. «Алмасжан аузының дәмін алсын» деген оймен әлгі сатушы әйелге сөзбасы болсын деп: «Ау, замандас, өзбекке тиіп алғаннан саумысың?! Шабдалы қаншадан? – демеймін бе. Сатушы әйел: «Оның жайын білмек болсаңыз бері келіп шай ішіңіз, айтып берейін», – деді.
Екеуміздің сәлем-саулығымыз екі ауыз сөз болды. Хан базардың ортасы. Менің де асығыс жұмысым шамалы, айтқанына көніп, ықыласын қайтармадым. Орнына қасындағы қызды қойды да, барын алдыма жайып, шайды қоюлап құйып: «Ал, енді тыңдай беріңіз», – деп әңгімесін бастады.
– Құдай басыма бір қыз беріп, соны оқытамын деп Алматыға тасымаймын ба? Ол КазГУ-дың юр¬фагіне түсті. Әкесі заңгер еді, қайтыс болып кеткен. Әкемнің жолын жалғаймын деп жүргені. «Ал, болсын» деп қатарынан қалдырмай, кешегі 90-жылдың қиын-қыстауында жинаған бар қорымды сол қыздың оқуына, жүруіне-тұруына жұмсап болдым. Өзі ерке шолжаңдау, не кием, не ішем демей өскен қыз мені аяған жоқ. Мен де тартынбадым. Әкесі болса өлді. Осы қыздан басқа кімім бар? Тәуекел! Қатарынан қалмасын, «әкем болғанда ғой» деп көңіліне алмасын. Қолына дипломын алып, қызметіне тұрып, теңін тауып, ел болып кетсе болар» деп жүрмін. 
Әкесінің заң орындарындағы достары да қуанып, практикасын өздерінде өткеріп, болашақ орнын да дайындап, көмектесіп жатыр. Көз көрген жандар. Әйелдер жағы «Динара сұлу болып бой жетті. Өзі ақылды. Оқыды-тоқыды, бізде де ұл бар, құда түсеміз» – деп жатыр. Оларға:
«Тапқаным жалғыз қыз, қай бұйырғаның алыңдар», – деп күліп қоямын. Айтып жүрген балалары да алтын асықтай. Оқыған, қызметтері бар, өзіміздің қолымызда өскен жастар. Келген сайын ол жаңалықты да айтып, құлағына құйып отырамын. 
Сонымен қыз оқуын бітіріп, иығымнан ауыр жүк түскендей күй кештім. Оқуды «қызыл дипломмен» бітірді. Алматыдан келетін мезгілі жақындаған сайын бұрынғы шаршағаным бір күнгідей болмай, қуанғанымнан «келгесін ағайынның басын қосып, әке¬сіне құран оқытып, үлкендердің батасын алып берейін» деп, сойыс малыма дейін дайындап күтіп отырмын. Қыздың келетін уақыты өтті. Хат жоқ, хабар жоқ. «Бұл қызға не болды? Өлі ме, тірі ме?» – деп отырғанда почтамен хат келді. Бір сұмдықты се¬зіп, хатты жалма-жан ашып оқысам, қыз байға кетіпті. 
«Біз Саид екеуміз Тәшкен…» соны-ақ оқыдым, құлағым гүңгірлеп, басым айналды. Есімді жисам, қасымда ақ халатты жедел жәрдемнің қыздары отыр. Үйде оқып жатқан ағайынның екі қызы бар еді, солар шақыртып, жаным қалған екен. Олар:«Апа, қатты уайымнан болған. Тынығыңыз. Укол салдық. Қан қысымыңыз көтерілген», – деп жатыр. «Рахмет, айналайындар, мен бір қыздың күйігінен өртеніп жатырмын. Ол бетпақты ма?! Осыдан тұрайын, сосын болсын жұмысым». Есімді жинап, әлгі хатты қайта оқыдым. «Мама, сіздің келісім бермейтініңізді білдім. Ол өзбек жігіті…» Одан әрі тағы да оқи алмай көзімнен жас кете берді. «Алда ғана, бетпақ-ай! Айдалада өзбекке тигені несі? Ағайын-тумаға не бетімді айтамын?» 
Қызымның шынымен де басында торғайдың миындай ақыл жоқ, сорлы қыз екенін енді түсіндім. Екі көзім төрт болып жолына қарап отырғандағы сыйы осы ма?! Ашуым келгеннен үйдегі қыздың біреуін қасыма ертіп, сол күні поезға мініп, ертеңіне таңертең Тәшкеннен бір-ақ шықтым. «Шашынан сүйреп алып келейін. Байсыз кетсе де…», – деп белді будым. Қолымда әдірісі бар, қоямын ба? Бостандық ауданына қарасты бір колхоздың бөлімшесі екен. Күйік пен ашудан көзіме ештеңе көрініп келе жатқан жоқ. Ол қызды дуалаған, болмаса қорқытып алып кеткен. Таксимен бөлімшеге келдім. Бөлімшенің басшысы отыратын жерді тауып, ішіне кірсем жас жігіт отыр екен. Ұшып тұрып сәлем беріп жатыр. Сәлемін не қы¬лайын. Қолымдағы хатты көрсетіп: «Саид деген өзбек осы бөлімшеде тұра ма? Тұрса, үйі қайда, көрсет?!» – дедім. Ол бала дереу телефонға жармасып: «Мехмандар келді», – деп, біреуді шақырды. Кешікпей машинамен жігіт ағасы болған өзбек келіп, сәлемдесіп столға жайғасты. Сол бөлімшенің бастығы екен. Оған да келген шаруамды айттым. Ол жігіт өзбекшелеп әңгімеге тартты. 
– Сіз Қазақстаннан келдіңіз бе? Сіз, Ишон бобоның құдағайы боларсыз, – деп келе жатыр еді…
– Әй, ишан-шиқаныңда шаруам жоқ. Мен қызымды іздеп келе жатырмын. Қызымды дуалап алып кеткен. Мен де прокурордың қатынымын. Ертең бәрің де заң алдында жауап бересіндер! – деп тепсініп тұрмын. Одан әрі әңгімеден ештеңе шықпайтынын білген ол далаға шығып, мініп келген көне машинасының шопырына тапсырма беріп, бізді мінгізіп жіберді. Шопыр жолды-жолсызбен ауыл аралатып, елдің шетіне шыға келді. «Әй, баратын үй қайда?» десем, «болады, болады» деп ауылдан шығып, қара жолмен біраз жүріп, бір жарманың (канал) басына келіп тоқтады. Айнала мақта егіп тастаған. Шопыр түсіп, қолымен сілтеп:
– Анау, бір шақырым жердегі бауды көрдіңіз бе? Сіз іздеп келе жатқан Ишон бабаның үйі сол. Саид – сол атаның баласы. Ол жерге машын бармайды. Мына жарманың басымен жаяу барасыздар, – деп түсіндіріп, машинасына мініп кетіп қалды. Аспан айналып жерге түскендей, күннің аптап ыстығы болса мынау.
– Алда ғана қатын-ай… Мына қыздың берген азабын-ай. Осыдан тірі болсаң, көрермін! Каналды жағалап келе жатсақ, алдымыздан 10-11 жасар бала қарсы жүгіріп келе жатыр. Ол бізге:
– Пахтаға су кетіп жатыр, бұл жолмен өте алмайсыздар, – деп орта жолдан кері қайырып, бағанағы жерімізден каналдың екінші бетіне шығарды. «Бір қатынның қырсығы қырық қашырға жүк болды» деген. Қырсыққан қыздың жолы қайдан болсын… Бала алдымызға түсіп алып, жүгіре басып келеді. Үйінің тұсына жеткенімізде каналға екі бөренеден көпір салып қойыпты. Өлетін жерге енді келдік. Мына қыз бізді каналдың суына ағызып құртайын деген шығар. Қасымдағы қызға өт десем, зар илеп өтпейді. Бала әрі-бері өтіп, «өтің-өтің» де жүр. Зорға өтіп, үйіне қарай бұрылдық. Теректің ортасында жалғыз үй. Үйдің үсті шипырланбаған. Тамды соқтан құйған. Қорасы бар. Оның ішінде үш баспақ тұр. Үйдің айналасы арық, атыз, көлкіген су… Есікке жақындағанда іштен қызым шықты. Үстінде өзбек көйлек, басында маңдайынан тартып желкесіне түйіп байлаған орамал, бұтында дамбалы.
– Ойүбөөй, сорлы-ай! Таза сорлаған екенсің! Мына қызды таза дуалаған. 
Қызым мені көріп, жақын келіп:– Мама! – де¬гені сол еді, көктікті қойсай, басындағы орамалын жұлып алып, жағынан салып-салып жібердім. Қы¬зым кейін шегініп тұрып қалды. Одан әрі бар ашуым ақтарылып, айтпаған сөзім қалмады. «Неден кемдік көрдің? Алты жыл Алматыға арқаланып оқыт¬қандағы сыйың осы ма?! Қазақтан бай табылмады ма? Жинал, менімен кетесің!» – дегенімде, қызым:
– Мені алып кетемін деп әуре болмаңыз. Біз Саид екеуміз осылай шештік. Саид – осы үйдің үл¬кені. Ол осы колхоздың жолдамасымен СХИ-дың агро¬фагын бітірді. Қазір бұл үйдің барлық адамы мақтада жұмыста. Кешке келеді. Енді ашуыңызды басып, жолдан келдіңіз, жуынып-шайынып үйге кіріп демалыңыз, – демесі бар ма?! Белге соққан жы¬лан¬дай дәрменім кетіп, көлденең жатқан ағаш¬тың кеспегіне отыра кеттім. «Ойбүйй қатын-ай! Барлығын өзі өлшеп-пішіп қойған екен ғой. Қап, бұ-ныңды білгенде Қызылордаға ғана оқытып, сол жерге байға беретін едім. Сенен прокурор, сот шығады деп жүрген мен ақымақ». Мақтаның ор¬тасындағы жалғыз үйде жалғыз өзім бүлініп жатырмын. «Қой» дейтін, қызымнан басқа пенде жоқ. Бағанағы бізді әкелген он жасар бала есіктен ауық-ауық сығалап қарап қояды. Топыраққа от қояйын ба, орнымнан тұрып қыздың ізіне еріп, үйге кірдім. Төрт бөлмелі үйдің кіреберіс оң жақ бөлмесінде тапшанға қойылған ас ішетін жайына орналастық. Қыз сол үймен біте қайнасқандай қарама-қарсы ас бөлмесінде қолы-қолына жұқпай өз жұмысына кірісті. Ой, Алла-ай! Үйде еңкейіп жұмыс істемеген мына қыздың тірлігінің түрін қара. Оған да қарап отыруға шыдамай:
– Әй, қыз! Бұл үйде сенен басқа тірі жан бар ма?– дедім. 
– Бар, атам мен алты қайным бар.
– О, қасқа  маңдай! Не дейді?
– Иә, солай. Атам сыртта баудың ішінде жүр.
– Ол атаң саңырау ма? Осыншама айқай-шуды естімейтін? Жоқ, ешегі судан өткесін не қылсаң, ол қыл деп жүр ме?
– Оны барып сөйлесіңіз. – Өзім зорға отырғанда бұл сөзі отқа май құйып жіберді.
– Барсам, барамын! – деп қайта тұрдым. 
Қызым маған бұрылып:
– Ол кісі сыйлы адам. Сәл екпініңізді басып сөйлеңіз, – демесі бар ма?!
– Әй, мен сен құсап сол өзбекке тиейін деп келді дейсің бе? Қане, көрейін, қызымды алып қашып, он бес күн үнсіз жатқан өзбекті, – деп далаға шықтым. 
Қораның сыртында әу дейтін жерде дарақ ағаштың түбінде бір кісі отыр. Солай жүрдім. Ол кісі қырыннан қарап отыр. Жақындағанда көрдім, басында өзбек тақиясы бар, сыртынан ақ орамал ораған, ақ сақалды кісі екен. Үстінде ақ көйлегі, ызып тіккен, ескі көк шапаны бар. Тасфих тартып отырғанын байқадым. Ол кісі мені көріп, орнынан тұрып, екі қолын көкірегіне қойып: «Ассалаумағалейкум!» – деп сәлем берді. «Саламатсыз!» – деп сүйей салдым. Өзінің астындағы тозығы жеткен төсенішті, қағып-сілкіп менің астыма төсеп, отыруымды өтінді. Басқа отыратын жер жоқ, аяғымды созып жіберіп отырдым. Өзі жерге отырды. Таза өзбек. Отырған бойда әңгімені қоя бердім. «Ал, кәне кешірімге неге адам жібермедің? Сұрауы жоқ дедің ба? Пәленбай жыл оқыттым, жағдайыңа қарамайсың ба? Біздің елде кешірімге, құдалыққа, ананың сүт ақысына қанша ақша кететінін білесің бе? Онда былай», – деп түгел тізіп бердім. Ал, ала қой қызды… Әрі айтып бері айтып, басылдым-ау әйтеуір. Қорасында үш баспағы бар сорлы, не істер екен деп тоқтадым. Ол кісі екі қолын қусырып, жүресінен үнсіз тыңдап отыр. Сәлден соң:
– Құдағай, адам мен адамды әуелден Алла қосады. Сіз бен біздің еркімізден тыс. Ата-ана мехнатын шегіп ұл мен қызды өсіреміз, ырзық-несібесін, бақ-дәрежесін Алла пешенесіне жазады. Қай жерден ырзық-несібе бұйырса, пенде соны теріп жейді. Сіздің айтқан сөзіңіздің бәрі мақұл. Келіннің анасысыз. Ананың орны екі дүнияда – ұлық. Бұл балалардың анасы алдыңыздан шыққан он жасар баланың үстінде қайтыс болды. Он жылдан бері жесір шалмын. Жасым жетпіс алтыда. Баламның үлкені Саидқа: «Балам, сен оқы. Соңыңда алты інің бар. Оларды жеткізу екеумізге оңай болмайды… Біз пахташылық қылайық», – деп күні-түні мехнатшылық жасап жүріп, бір баланы оқыттық. Алланың жазуы, балам қолұстасып келінді ерте келді. Сіз айтқан пұл бізден қазір табылмайды. Иншалла, қарыз да болмаспыз. Біз диқаншылықпен айналысамыз. Пахтаның айлығын соңыра қысқа жақын береді. Одан қолымызға не тиеді, оны тағы Алла біледі. Қорадағы үш тананың екеуін балаларымның айлығы есебінен, біреуін Саидқа үй болғанына көмекке колхоз беріп отыр. Күзге дейін осыны пахтаның паясына семіртіп пұл қылсақ дейміз. Той беру Алла қаласа, пахтаны жинап алғаннан соң болады, – деп тоқтады.
– Ойбүй, құдай-ай! Жесір қатын, жетім шал құда болсақ, жетіскен екенбіз. Қоралы жетімге келген мына қыздың маңдайының соры бес елі екен! Енді ашудың орнына бойымды дәрменсіздік билеп, көзімнен жас кете берді. Ақылыма сыймайды. 
Бір кездері ол кісі:
– Құдағай, көп қапа болмаңыз. Біздің де Алладан үмітіміз бар. Жастар бақытты болсын деп тілейік. Сіздің аналық ақыңызға мына дарақты сыйлап отырмын, – деп түбінде отырған талды көрсетті. Шошып кеттім. Сөзінің аяғын күтпей:
– Не дейді? Оны не істеймін? Отын қыламын ба? Орнымнан атып түрегелдім. Елде адам естімеген бәлені мен естідім-ау. Үйге қарай тұра жөнелдім. «Ағашың өзіңе табыт болсын. Ағаш сыйладымы несі-ай, а… Ата-бабам талдың басынан тамақ жеп көрген жоқ. Қызынан ағаш мініп келіпті дей ме жұрт, ағаш атқа мінгізді», деген осы шығар. Ашуым қайта қаптады. Келе қызды қайтадан түтіп жедім. «Оңбаған, ертең-ақ өзің қайтып келерсің. Бұл жерден не ішіп, не киемін деп жүрсің? Не мақсатың бар?» – деп, бар ашуымды алып жатырмын. Қызым:
– Мама, не болды, соншама даурығып? Жалғыз қызы күйеуге тиген тек сіз бе? Ұят емес пе? Болды енді, үйге кіріп, шай ішіп демалыңыз, – деп жатыр. Амалым жоқ, беті-қолымды жуып үйге қайта кірдім. Дастархан басына отырып бір-екі кесе шай іштім. Шөлдегенімді сонда білдім. Маңдайым жіпсіп, «уһ» дедім-ау. Содан соң айналама қайта қарадым. Ақыл келгендей болды. «Қой, қыз тиетін байына тиді. Аман екенін көзім көрді. Қалғанын бақ-талайынан көріп алсын» деп, есімді жинай бастадым. Қызым да қабағымды аңдып отыр екен:
–  Мама, мені кешіріңіз! Сіздің қиналатыныңызды білдім. Саид екеуміз бірінші курстан бастап танысып, достастық. Отбасының жағдайымен де бұрыннан хабардармын. Бізді бұл жерде жас мамандар деп жақсы қабылдап жатыр. Мен де ауылдық кеңестің маманы болып орталыққа жұмысқа орналастым. Сіздің келе жатқаныңызды үйге телефон шалып білдім. Бәрі жақсы болады, – деп жұбатып қояды.
Сонымен кешке қараңғы түскенде күйеу бала Саид та келді. Сырттан жуынып-шайынып, «Ассалаумағалейкум» деп, екі қолын кеудесіне қойып ішке кірді. Үстінде жаңа тігілген ала шапан, басында ала тақиясы. Белін орамалмен байлаған. Ұзын бойлы, шыпта кірпік қараторы жігіт алдыма келіп жүресінен отырып, таза қазақша сөйледі:
– Құрметті Бибінұр ана, біздің қателігімізді кешіріңіз?! «Иә» десеңіз, анамыздың орнына бізге ана болыңыз, – деп еңсесін көтеріп, көзіме тіке қарағанда жанарындағы көлкіген жасты көріп, өксіктен жүрегім аузыма тығылды. Сонау заманда ауылдағы әке-шешеден қыстауда отырғанда иіс тиіп бірдей айырылып, ауданда мектеп-интернатта жатқан ініміз бен екеуміз қол ұстасып, жылап жүріп жетілген күндерім есіме түсіп, көзімнен жас саулай берді. Өзім – он екіде, інім – онда. Әркімнің қабағынан ата-анаңның жылуын іздеп жалтақтап, сағыныштан «айналайын» деген дыбысын жүрегіме тұмар қылып, талмаусыратып жүріп құдай бізді де жеткерді ғой. Жетімдік пен жесірлік, жоқшылықтан баршылыққа жеткізген құдайға шүкірлік қылып, тәубама түстім. Саидтың жанарындағы жас жүрегімнің түкпірінде жатқан шерімді қозғап, санамның саңлауын ашып жіберді. Саидты құшағыма алап, маңдайынан сүйдім. Қас қағым сәтте өмірім көз алдымнан көлбеп өтті. Баланың анаға деген сарқылмайтын сағынышы өзімен кететін өкініш екенін Саид екеумізден артық кім біледі?! Ананың мейіріміне қанбай өскен перзенттің өксігі өмір бойы тарқамай өтеді. Одан артық қасірет бар ма? Аңсайсың, іздейсің, көнесің. «Жетім қозы тасбауыр, маңырар да отығар» деп, өлмесең жетілесің. «Бұл екеуі білімді азаматтар емес пе? Бірін-бірі ұнатып, ел болуға бекінсе, шүкірлік етейін»,– деп сабама түсіп, «Алланың бұйыртқаны болар» деген ой түйдім. Қызымды да маңдайынан сүйіп, бауырыма басып, көкірек сарайым кеңейіп жеңілдеп қалдым. Байқағаным, қызым тез жетіліп, азамат болуға бой ұрғандай көрінді. Әкесінің салмақты, тәуекелшіл мінезі болатын еді, табиғатынан соны байқадым. Қызым су әкеліп, беті-қолымды жуып, құдағайлық қалпыма түстім. Онымен қоймай қызым:
– Енді, құда балаларыңызбен танысыңыз, – демесі бар ма… «Ассалаумағалейкум!» – деп, бірінен соң бірі алты бала кіріп, қол алысып амандасып, қарама-қарсы жүрелеп отырды. Барлығы да жібек шапан, ала тақиясын киіп, белін буып алған. Алды жігіт болған. Тойда жүргендей салтанатты. Саид таныстыра бастады:
– Сізге әулетімізді таныстырайын. Сіздің құ¬даңыз, әкеміздің аты-жөні –  Саид Ахмат. Халық «Ишан баба» атап кеткен. Сіздердегі Сайд Қожалар әулетіміз. Менің өзімнің толық аты-жөнім – Саид Камал. Ал інілерім – Саид Калам, Саид Баттал, Саид Акпар, Саид Ғафур, Саид Жүсіп, Саид Иса – кіші ініміз, – деп таныстырып жатыр. Аты аталғанда әр¬қайсысы кеудесіне қолын қойып, алдыға еңкейіп, ізет жасады. Мектептің шәкірттері секілді. Бір Саидты іздеп келіп, сегіз машайықтың үстінен түскендей күй кешіп отырмын. Олардың үстіне тура солай киін¬ген құда кіріп, төрге отырды. Балалары түгел орындарынан тұрып, ол кісі отырғаннан кейін қайта отырды. Саид пен Динара бәрінен төмен жайғасты. Динараның көйлегі мен орамалының өзіне сонша жарасымды екенін сонда байқадым. Барлығының басы қосылғанда үйдің төріне нұр құйылғандай жайнап кетті. 
Құда:
– Құдағи, біз он жыл көлемінде салтанатты киім киген жоқпыз. Мына шапандарды Динара Тәшкеннен ала келіп, кигізіп отыр. Ертең тойға киесіздер деп, – дегені сол, көзімнен тағы да жас кете берді. Қызыма қарап жүрегім уылжып кетті. Қызым да әкесін қатты сағынған екен-ау! – деп өзімді-өзім зорға тежедім. Құда одан әрі:
– Бұл перзенттерімде менің аталық ақым болса, әуелі сізді қапа қылмауын сұраймын. Сіздің Динараға берген аналық ақ сүтіңіздің өтеуіне өзіммен бірге Алланың берген бұл жеті перзентім де қарыздар. Себебі, анасының ошағына, он жылдан соң жылылық алып келген Динара келінге Алланың нұры жаусын, деп қолын көтеріп дұға оқып, бата берді. Елден бұрын атып тұрып, қолымды жайдым. Жүрегімді толғаныс пен қуаныш бірдей билеп, «Әумин!» деп бетімді сипадым. «Ойпырмай, Алланың тағдырлас жандарға жолықтырып, тәубама түсіруін-ай», – деп басымды шайқадым. Қой басыңды ауыртып қайтейін… Ертеңіне Саид пен Динара Тәшкеннен пойызға мінгізіп салды. 
Сонымен қызды өзбекке беріп өте шықтым. Құдағай да, құда да өзім, кешірімді де өзім беріп ауылға келдім. Сұрағандарға «Қыз Тәшкенге, өзбекке тиіп кетті», – дедім де қойдым. Ағайын аң-таң. Жаз ортасына таман қызым телефон шалып, амандық-саулықтан соң:
– Мама, Сіздің үйдің алдына Тәшкеннің автобусы барып тұр. Құдаңыздың сізге салып жіберген сәлемдемесі бар, соны қабылдап алыңыз, – деді. Жалма-жан: – Әй, қыз, ол не? – деп, терезеге қарасам, әйдік қызыл автобус қақпаның алдында көлденеңдеп тұр екен. Телефон ажырап кетті. Далаға шықсам жүргізуші дарбазаның алдына жиырма шақты қорапты түсіріп қойыпты. Қазақ екен. Мені көріп:
– Сәлем бердік, апа! Сіз Ишан бабаның құдағайысыз ба? – деп жатыр.
– Иә, сол кісімін.
– Онда сарайыңызды ашыңыз. Мына заттарды кіргізіп берейін. Маған құдаңыздың тапсырмасы солай, – деп іске кірісті. 
Сарайды ашып бердім. Сөзшең жігіт екен.
– Құдаңыз мықты адам екен, апа. Бір сағаттай әңгімелестім. Сіздің «сүт ақыңызға» арнап тағы бес тал жеміс ағашын белгілепті. Мына жемістер сізге атаған ағашының өнімі. Енді он күннен кейін басқа жемістері піседі екен. Бұл – шабдалы деген жеміс. Ол кісі ата-бабасынан бері қарай осы жеміс ағашын өсіреді екен. Бұл тұқым сол аймақта тек осы кісіде ғана бар. Айтқанына, қызығып кетіп құдаңызға «біреуінің дәмін татып көрейін» деп едім, «балам, аманатқа, қиянат жүрмейді. Келесі жолы, өзіңе бір қорабын дайындап қоямын», – деді. Апа, ол кісінің жемістерін өзім тасып тұрамын, – деп, ағынан жарылып әңгімесін айтып жүр. Өзі Жаңақорғанның жігіті екен. Үйге кіріп, нан ауыз тиіп кете барды. Өң мен түстей. Қызым кеткелі келген бірінші сәлемдеме. Шапан емес, шыт емес, ақша емес, осыншама нәрсені не істеймін? Ағайынға таратсақ, «қызын өрікке сатқан ба?» деп, тағы күлкі боламыз-ау. «Қой, не де болса көрейін» деп, қағаз қораптың біреуін ашсам, қызыл-сары түсті шабдалы алаулап тұр. Әрбір түйірін жұмсақ ақ қағазға орап, ұядағы балапандай бөлеп қойыпты. «Не деген ұсынақтылық» деп, көргенде таңқалдым. Төрт-бесеуін алып үйге кіргенім сол, телефон қайта шырылдады. Алсам қызым:
– Мама, заттарыңызды қабылдап алдыңыз ба?
– Иә, алдым. Оның бәрін не істеймін?
– Қазір сізге базардан менің құрбым барады, соған үш қорабын ақшасына беріңіз. Бірге барып, қаншаға сатқанын көріңіз. Сонда сізге түсінікті болады.
– Әй, қыз! Сен мені саудагер қылайын дедің бе? Әкең өмір бойы саудагермен алысып өтті емес пе?! Елдің бетіне қалай қараймыз? Әлде сен өзбекке тиді деп мен өзбек болайын ба? – деп бұрқытып жатырмын. Телефон тағы үнсіз. Ой, Алла-ай! Тура әкесінің кәсібі. Ол да артық кетіп бара жатсам, телефонды қоя салатын. Ойым он сақта. «Қой, маған бұйырғаны осы шығар» деп, жуып-шайып әкеліп, шабдалының біреуінен ауыз тидім. «Тойып жейтін ас емес, тас¬тап кетер тас емес» деп отырғанымда, үйге сәлем беріп бір келіншек келді. Қызымның құрбысы екен. «Күйеуім жол апатынан қайтыс болып, жылын берген соң бала қамына шықтым. Базарға шыққаныма бір ай болды. Үш балам бар», – деді. 
– Апа, мынау үш қораптың ақшасы деп, – қолыма көлемді ақша ұстатты. Базардан не түседі, оны да тең бөлемін. Менімен бірге жүріңіз, – деп машинасымен алды да кетті. Әне, сол отырғаннан осы жерде он бес жыл болды отырғаныма. Мына қыз – сол қыздың үлкені, – деп, орнына қойған қыз баланы көрсетті. Қазір – он төртте. «Қыз алып қашқан қалай болады екен?» деп, өзімнің атыма бір қыз, бір ұлын аудартып алдым. Екеуі де осында, қазақ мектебінде оқиды. Күйеу бала сол ауданның ауыл шаруашылығының бастығы. Қыз – сол ауылдың ауылдық кеңесінің төрайымы. Саид Ишан құдамның өмірден өткеніне екі жыл болды. Өзі барда, екі баланы атыма аудартып, ескі үйімді құда балдарыма қайта салғызып берді. Келерінде бір буда жеміс ағаштарының көшетін әкеліп қораға отырғызып:
– Құдағай сізге қалғанын Алла жеткереді. Мен Алланың құзырына бетімді түзедім, осы баланың барлығы сіздің балаңыз, – деп аманаттап кетті. Міне, келіншек, шабдалының әңгімесі…
–  Қыздың қалың малы қайтты ма?
– «Қалың мал бер жағында қалды. Жылына төрт-бес айда екі миллиондай ақша тек жеміс-жидектен түсіп отыр, – деп, еңкейіп құлағыма сыбырлап қояды. «Ердің назын жер көтереді» деген, диқаншылықтың астарында даналық пен адал еңбек тұрады екен, соған көзім жетті»  деді әлгі әйел. «Алмасжанның анасы болсаңыз, ол халықтың баласы» деп, беріп жіберген сол апаңның сәлемдемесі, – деп апам да әңгімесін аяқтады.
Шабдалыдан қауындай тіліктеп алып ауыз тидік. Шынында дәмі тілді үйіреді екен. Асыл анамыздың көп әңгімесінің бұл бір мезеті ғана естелік болып қалды.
Алмас АЛМАТОВ,
Қазақ Ұлттық өнер университетінің профессоры,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,
«Парасат» орденінің иегері.
 
Әңгіме жариялауға дайындалып жатқанда Алмас Алматов ағамыз «Шабдалының» желісімен  көркем фильм түсіруге ұсыныс түскенін хабарлады. Шынайлық пен мейірімге тұнып тұрған туындыны кино тілінде сөйлетуге талпынған шығармашылық топқа  табыс тілейміз.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<