Түпсанадан тінін тапқан туынды

927

0

Осыдан он бес-жиырма жылдай бұрын жастықтың жалынымен, сезім дейтін сырлы да мұңды әлемнің сергелдеңінде жүрген шағымызда Елубай Әуезов есімді ақынның сөзіне жазылған мына бір тамаша әнді шабыттана шыр­қаушы едік:

«Жаныңда жүрмін, қайғыра көрме, қайғыра,

Сен қажет етсең ұсынғым келер айды да.

Сен қажет етсең іздейін жердің ұйығын,

Желмая мініп, айналып Асанқайғыға…»

Әдемі әуезді ән, әсіресе, жүрек түкпірінен шымырлап шыққан сезім толы шумақтар еріксіз еліктіріп әкетеді. Махаббат деген мәңгілік тақырыптың айналасынан өзегімізді сыздатқан өз мұңымызды тапқандай өзгеше әсерге бөленеміз. Ақындық әлемінің тылсымға толы тұңғиығына ынтызар күйде қала беретінбіз. Жалпы, поэзияның өмірлік өлшемі де осы емес пе?! Олай дейтініміз, тыңдаған жанның көңіл қалауын, сезім пернесін дөп басатын туындының ғұмыры ұзақ, ғибраты да мол.

Ғибраты демекші, парасат – па­йымы бөлек, осынау ойлы дүниеге алабөтен құмарлығымыздан болар, албырт шағымыздан ақындықтың ауылына ат басын бұрдық. Бұрын шығармашылығы арқылы сырттай білетін айтулы ақындармен енді етене араласа бастадық. Сол ағаларымыздың бірі Елубай Әуезов болатын. Ақындығынан бөлек, ол қоғамдағы қадірлі мамандықтың бірі – журналистиканың мықты өкілі. Баспасөзде, телевизия саласында сүбелі қолтаңбасын қалдыр­ды. Осы күні әлем назары ауған әлеуметтік желі арқылы тұрақты оқырманын тапқан ақын қалыптасқан қазақ поэзиясына өзіндік өрелі ойымен өрнек салып келеді.

Таяуда ақын Е.Әуезовтің «Түпсана жаңғырығы» атауымен жарық көрген жыр жинағы қолымызға тиді. Алдымен, «ақын түпсанадан не білді, нендей ойдың тінін тарқатты» деген зейінмен кітап мазмұнына зер салдық. Жалпы, адамзат жаратылысы астарынан ақиқат іздеген ақынның екі дүние арасындағы тылсым байланыстың сырын табуға ықыласы айрықша. Айталық, «Мінәжат», «Садақа»,  «Дін-Ислам» тақырыбындағы туындылары тіршілік түп-тамырындағы шүбәсіз шындықтың жүгін көтеріп тұр.

«…Жырына еш ақынның ұқсамағам,

Келмейді өзгелерге нұқсан одан.

Менікі жәй айтылған ойлар емес,

Бір қайнар жарып шыққан түпсанадан», –
деп толғайды ақын. Расында, қазақтың қара өлеңінің сарынымен құйылып түскен жыр жолдары астары терең ақиқат сырларымен ой-санаңды алысқа жетелейді. Түп-төркінінде ақын пенделік ғұмырдағы «пешене», «жазмыш» деп танитын өмірлік ұстанымдарға түсінік бере отырып, адалдық жолымен жүрсе, адам баласының тағдыр-талайы өз қолында деп тұжырым жасайды. Бір сарынды тірліктен бойды аулақ салып, талпынуға, таңдауымызға жетуге үндейді. Оны «Тағдырың өз қолыңда» атты өлеңінен аңғарамыз:

«…Ізгі үмітпен қарсы ал әрбір таң нұрын,

Сүй дауылын, күншуағын, жаңбырын.

Алла әділ, өз қолыңда ендеше, Тағдырың!»

Алматы қаласы, «Курсив» ЖШС баспаханасында басылған «Түпсана жаңғырығы» жинағының жалпы көлемі 18 баспа табақ. Кітапқа үш бөлімнен тұратын өлеңдер мен балладалар енгізілген. Табиғатпен тел өскен ақын шығармаларында қарапайым өмір ағысының күнгейі мен көлеңкесі қатар өріліп, адамгершілік, азаматтық қасиеттердің бағасы биіктей түседі. Болмысында рухани қоры мол ақынның болашақ еншісіндегі еңбектері де бір төбе екеніне күмәніміз жоқ.

Оқырман олжасы құтты болсын!

Ғазиза ӘБІЛДА

 

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<