«Тұлпар мініп, ту алған!» байқауына Шиеліден 102 оқушы қатысуда

1339

0

Шиелі ауданының орталығындағы «Арман» мәдениет үйінде «Едіге батыр» жырын жатқа айтудан «Qazaq Epos» республикалық ағарту жобасы «Тұлпар мініп, ту алған!» байқауының аудандық іріктеу кезеңі басталды. Оған аудан мектептерінде 6-10 сыныпта оқитын 102 оқушы қатысып, өз бақтарын сынауда.

Байқауды «Qazaq Epos» қоғамдық қоры «Nur Otan» партиясы облыстық филиалы, облыстық білім басқармасы және «Дарын» қосымша білім беру орталығымен бірлесе отырып ұйымдастыруда.

Жобаның мақсаты – оқушылар арасында кітап оқуды, оның ішінде қазақ халқының батырлық эпостарын насихаттау, өскелең ұрпақтың шығармашылық және зияткерлік қабілетін дамытуға жағдай жасау, оқушыларды халық поэзиясына, асыл мұраға деген сүйіспеншілікке және патриотизмге тәрбиелеу, намысшылдық, қайсарлық қасиеттерге баулу, қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдерінің беделін көтеру.

Байқауға «Nur Otan» партиясы Шиелі аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Болат Сыздық, «Qazaq Epos» қоғамдық қорының өкілі Нұрсұлтан Қаражан, аудандық білім бөлімінің әдіскеріӘмина Тәжиева, Бұдабай Қабылұлы атындағы аудандық мәдени-шығармашылық орталығының сценаристі Айзада Әшімқызы, «Өскен өңір» газеті бас редакторының орынбасары Елдос Жүсіп, аудандық «Нартай» өнер мектебінің директоры Мұхамедәлі Бекпейісов, Жастар ресурстық орталығының кеңесшісі Ақсамал Рысбаева қазылық етуде.

Айта кетейік, Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай «Nur Otan» партиясы, ҚР Білім және ғылым министрлігі және «Qazaq Epos» қоғамдық қоры бірлесе отырып «Тұлпар мініп, ту алған!» байқауын жариялаған болатын.

Байқау 6-10 сынып оқушылары арасында «Едіге батыр» жырын жатқа айтудан өтеді. Қатысушылар қосымша Алтын Орда мемлекетінің тарихи оқиғаларына қатысты сұрақтарға жауап беруі тиіс.

Байқауға облыс бойынша 662 мұғалім дайындаған 713 оқушы қатысуда.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<