Жан дүниең бай болсын десең…(Қызыма хат)

3392

0

Айналайын! Осы бір та­маша сөзді саған арнаймын, қызым. Мектепте жақсы оқы­дың. Жоғары оқу орның жақсы бітіріп, өзің қалаған ұстаздық жолын бастадың. Үлкен өмір­дің үлкен сүрлеу жолына түс­тің. Мен сенің өмірде толық­қанды адам болғаныңды қа­лай­мын. Ол үшін әдеби кітап оқу­ды жалғастыра бергенің дұрыс. Бұл ғана емес, өмірдің сан қырын, адамдардың пси­хо­логиясын танып, білу үшін де кітап оқудың маңызы зор. Сен жассың. Бар өмірің ал­дыңда. Әлі талай асуларды ба­ғындырасың. Сенің мейірімге толы жан жүрегіңді одан сайын нұрландыратын, рухыңды биік­тетіп, біліміңе білім қо­сатын – сарқылмас, алтын қазына бар. Ол – кітап. Кітап оқу­ды тоқтатпа. Бұл – менің ұс­таз ретінде де, ана ретіңде де айтар тілегім.

Заман жақсы. Қарыштап да­мыған экономика. Кез келген ақпаратты таба алатын ин­тер­нет мүмкіндігі. Осыншама мол мүмкіндікті пайдалана отырып, адамның ішкі жан дүниесі толыққанды байи ала ма?

Қазіргі кезде адамдардың көбі бір-бірімен әлеуметтік желі арқылы хабарласып, те­лесериалдар көріп, әпсаналар да оқиды. Сол арқылы әлем жаңалықтарынан хабардармын деп те іштей сенеді.

Адамның сарқылмас қазы­насы – рухани байлығы әдеби кітап оқумен толығады. Ішкі жан сырыңды, толғандырған мәселеңді кітаппен бөлісесің. Өйткені ол сенің сырыңды еш­кімге айтпайды. Түрлі бей­нелер арасында өзіңді еркін сезінесің. Көңіл көкжиегіңмен басқа жерлерді шарлайсың. Олардың тіршілігі мен көрген қиындығын оқығаныңда, өз мәселеңнің түкке тұрғысыз екенін біліп, тәуба етесің.

Оқушы кезімнен әдеби кі­тап­қа жақын болдым. Шығар­ма оқиғаларының кейбір тұс­та­рына күліп алатынмын. Ал кейбір оқиғалардан көзге жас келетін. Осылайша кейіпкер­лермен бірге бірде күліп, бірде жылап, қатарларыма қарағанда ерте есейдім. Кітап оқу жан дүниеңді байыта отырып, ақылыңды, жалпы пайымыңды дамытатынын түсіндім.

Мектепте жүргенде апайым М.Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясын оқуды тап­сырды. Ойымда ақынның он үш жасар балаң бейнесі ор­нықты. Студент кезімде осы шығарманы қайта оқыдым. Абайдың жастық жігері, Тоғ­жанға деген махаббаты, Біржан сал ауылына келген кездегі жастардың сән-салтанатпен қарсы алуы, ауылды тербеген әсем ән, тәтті күйлер ерекше сезімге бөледі. Мектепте мұға­лім болып жүріп, оқушыла­рымды әдеби кітап оқуға ынталандыра бастадым. «Абай жолын» қайта оқыдым. Білесің бе, балам, бұл жолы роман мазмұны басқаша әсер етті.

Мен Абайдың даналығына бас идім. Адамгершіліктің озық үлгісін көрдім. Кедейлерге бо­лысып, жастардың бас бос­тандығы үшін күрескен адам­шылығы мен ел арасындағы күрделі дауларды шешерде төбе би сайлаған халқына әді­летті шешім айтып, пара­сат­тылығын көрсеткен, есейген, ақылы толысқан ұлылы­ғын таныдым. «Мыңмен жал­ғыз алысқан» ақынның шын мә­ніндегі ұлылығы халқы­мыз­дың ұлылығын паш етіп тұр. Бұл шығармада  әке ақылы, әже мен ана мейірі, дос көңілі, салт-дәстүр, әдет-ғұрып – бәрі әдемі тоғысқан. Сондықтан ойың еселеніп, ақылың толығу үшін «Абай жолын» тағы да оқып шығуға кеңес беремін.

Жалпы, әдеби шығармалар­ды оқу жан-жағыңдағы адам­дармен жақсы тіл табы­суға, жүйелі оймен тартым­ды сөй­­леуге үйретеді. Қорша­ған ор­таны танып, әрбір оқиға­ны сарап­тай аласың. Кез кел­­ген ортада өзіңді еркін сезі­ніп, ойыңды әдемі жеткізе білесің. Кіммен не туралы әңгіме өрбіткен дұрыс екенін сезінесің. Бұның барлығы – сенің кітап оқуды тоқтатпаға­ныңның арқасы. Өмірдегі ру­хани құндылықтарды білу кітап оқуға байланысты. Се­бебі, «Кітап – білім бұлағы, білім – өмір шырағы».

Заманымыздың заңғар жа­зушысы М.Әуезов: «Әрбір ма­мандық иесі нағыз интел­лигент болам десе, туған тілі мен әдебиетін білуі керек» деген болатын. Сондық­тан да жас маман туған халқы­ның әдебиетін оқуды жалғас­тырғаны жөн. Өйткені әде­биетте сол елдің тарихы да, болмыс-бітімі де тұнып тұр.

Кейде көп ойлардан қажып кетсем, ақын М.Шахановтың «Эверестке шығу» кітабын оқимын. Ақын өлеңдерін оқи отырып, жаныма жақын адам­мен тілдесемін. Жасыған жігерімді жанып, бойға күш-қуат аламын. Биік рухты жыр­лаған ғұлама қаламгердің ту­ын­дылары қандай тамаша!

Ұлы ақын, ойшыл Ә.Науаи «Кітап – ақылы үшін ақы сұ­рамайтын ең құн­ды қазына», – деген болатын. Кітап оқи жү­ріп, ақылың толысады. Өзіңді та­нисың. Өзгені танисың. Көп­шілік алдында өзіңді ер­кін ұстауға дағдыланасың. Ен­деше, қызым, кітап оқы. Жан дүниеңді байыт. Көзқа­расыңды молайт. Өзіңе деген сенімділігіңді арттыр. Мен саған сенемін!  

Нәзігүл МОЛЖІГІТОВА,

аудандық білім бөлімінің әдіскері.

Арал қаласы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<