Жазушылардың жаңа жинағы

2462

0

Қос кітап

Белгілі қаламгер, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, филололгия ғылымдарының докторы, профессор Тоқболат Еңсегенұлының «Тәңірлік дәуір әдебиеті – «Авестадан»  «Диуани хикметке» дейін» және «Жан айқай жыры» атты қос кітабы жарық көрді.

«Тәңірлік дәуір әдебиеті – «Авестадан»  «Диуани хикметке» дейін» тақырыбы осы кезге дейін арнайы зерттелген жоқ. Қазақ халқының мәдениеті, әдебиеті, кәсібі, діні, өмір сүру ережесі, заңы, философиясының түп-төркіні дала пайғамбары жасаған 21 кітаптан құралған, поэзия тілінде жасалған тұңғыш жазба мұра – «Авеста» кітабы. Талас, Алтай, Енисей, Орхон, Тұрфан бойындағы дәу қой тас­тарға, биік, жалпақ мраморларға және қағазға түсірілген көне түркі руна жазбаларына Тәңірлік дін тікелей өзек болған. Жаңа еңбектің әр бөлімі, әр тарауы арнайы терең зерттелген, бірнеше талқылаудан өтіп, ғылыми басылымдарда жария­ланып, жинақталған ғылыми түйіндеу­лерден өткен.

Ал, «Жан айқай жыры» атты туындысында поэмалар, өлеңдер мен толғаныс-сұхбаттар енгі­зілген. Кітап төрт бөлімнен тұрады. Жинақтың көтеріп шық­қан жүгінің күрделі, ауқымды, өміршеңдігін бір ауыз түйін сөзге сыйғызу қиындау. Мұндағы әр тарау­да философиялық ой-толғау­лар, мәңгі ел болудағы талаптар мен болжамдар, намыс, сана – өлең өзегі кеңінен тарқатылған.

Әдебиеттің түрлі жанрларына қалам тартқан Тоқболат Еңсегенұлының 30-дан астам кітабы, 10 көркем шығармасы, 16 монография, бір оқулық, 11 оқу-әдіс­темелік құрал, оған қоса 260-тан астам ғылыми, 70-тен астам көркем сын мақала, 40-тан астам әңгімесі жарияланған. Сонымен бірге эссе, өлеңдер топтамалары мен бірнеше әні жарық көрген.  

Қос кітап Алматы қаласындағы «Тоғанай Т» баспаханасында басылып шықты.

«Көк иненің көзі»

Жақында белгілі сатирик жазушы Нұрмахан Елтайдың «Көкиненің көзі» атты сатиралық жинағы оқырманға жол тартты. Жинақта бір ауыз сөзге терең мағына беріп, діттеген жеріне дөп тигізетін сөз мергендерінің астарлы дүниелері қамтылған. Жаңа туынды бес бөлімнен тұрады. «Жылан жылғы оқиға», «Діріл мен дүріл» атты бөлімдерде елге белгілі қоғам қайраткерлері мен жазушылардың  «деген екені» біріктірілсе, басқа бөлімдер де өнер, айтыс адамдары мен журналшылардың тап­қыр ойлары топтастырылған. Ал, үшінші, төртінші, бесінші бөлімдердегі ауыл айтқыштарының әзіл оспақтары  езуіңізге еріксіз күлкі үйіреді.

Нұрмахан Елтай – Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Бірнеше сатиралық  және деректі кітаптың авторы. Жазушының бұған дейін «Жайма базар», «Қатырамыз», «Сүйінші дайындаңыздар», «Ауылдағы айтқыштар», «Япырай, бұл қандай қызық?!», «Беті бүлк етті», «Үшінші тайм», «Сыпыра сыйлық», «Сөз семсері» атты жинақтары жарық көрген болатын. Оның әзіл-сықақтары рес­публикалық басылымдарда жиі жария­ланып келеді. Сонымен қатар аудандық, облыстық газетте арнаулы сатира бетін ұйым­дастырушы әрі шығарушы редактор болды.  Ол – «Ақпарат саласының үздігі». Республикалық Қ.Балғабекұлы атындағы сыйлықтың лау­реаты атанған.

Сатириктің алда әлі талай тың туындылары жарық көріп, оқырмандарын қуантары анық. «Көкиненің көзі» жинағы Алматы қаласындағы «Тоғанай Т» баспасынан 1000 дана таралыммен басылды.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<