22 жастағы жігіт Telegram арқылы есірткі сатушы болып орналасқан

186

0

Теміртау қаласының 22 жастағы тұрғыны есірткіні жарнамалағаны үшін 15 жылға дейін сотталуы мүмкін. Тәртіп сақшылары жігітті ұстаған кезде одан 4 кг синтетикалық есірткі тапқан, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Теміртау қаласы полиция басқармасының тергеу бөлімі ҚР Қылмыстық кодексінің 297-бабы 3-бөлігі және 299-1-баптары бойынша 22 жастағы теміртаулық тұрғынға қатысты есірткі құралдарын сату жөніндегі сайтты насихаттағаны және жарнамалағаны үшін іс жүргізіп, сотқа жолдады.

2020 жылдың желтоқсан айында Теміртау қаласының полиция басқармасы патрульдік полиция батальонының қызметкерлері қала көшелерін патрульдеу кезінде 22 жастағы жігітті тоқтатып, онда өзімен бірге жалпы салмағы 4,309 грамм PvP синтетикалық есірткісі бар 10 полимерлік түйіншек болғанын анықтаған. Айта кету керек, бұл аса ірі мөлшер болып табылады.

«Бұрын сотталмаған жас жігіт, жұмысы бар, жуырда сәбилі болған. Тез және оңай ақша табуды шешіп, Telegram мессенджері арқылы есірткіні белгіленген жерге жасырушы болып орналасқан. Ол үшін алдымен, қала ғимараттарының сыртына осы дүкеннің жарнамасы бар он граффити сурет салуы керек болған. Бұл жұмысты атқарғаннан кейін шартта белгіленген қосымшаны жүктеп алып, аккаунтты тіркеген. Психоактивті заттарды сататын интернет-дүкеннің кураторының талабын орындап, одан байланыссыз жолмен есірткіні алған. Кейін оларды белгіленген жерге жасыру арқылы сатуы тиіс болды.

Алайда, қажетті ақшаға қолы жетпестен, ер адам жұмысынан және отбасынан айырылды. Оған 10 жылдан 15 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалуы мүмкін», – деп хабарлады Қарағанды облысы ПД баспасөз қызметінен.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз