Әлем көз тіккен Катар

681

0

Жер-жаһан жұртшылығы асыға көз тіккен футболдан әлем чемпионатының басталуына небәрі екі күн қалды. Катар елінде жалауын көтеретін доп додасында барлығы 32 құрама айға жуық уақыт бойы дүние жүзіне қызықты ойындар сыйлайды. Жасыл алаң төрінде шыңдалған футбол жұлдыздары тағы бір мәрте жанкүйер қауымына тартысты бәсеке тарту етпек.

Биыл 22-мәрте өткізілетін доп додасы жөнінде шешім 2010 жылы Швейцарияның Цюрих қаласында қабылданды. Алғашқыда аталған турнирді ұйымдастыруға Катар, Австралия, АҚШ, Оңтүстік Корея, Жапония ниет білдірді. Алғашқы екі турда олардың үшеуі қажетті дауыс жинай алмады. Төртінші турда Катар – 14, АҚШ  8 дауыс алып, осылайша шағын мемлекет 2022 жылғы Әлем чемпионатын өткізу құқығын иеленді.

Катар дүние жүзі жұртшылығына мұнайға бай ел ретінде танылған. Сондықтан олар айтулы аламанға үлкен дайындық жасады. Әдетте, мұнда жаз мезгілінде өте ыстық ауа райы тіркеледі. Сондықтан турнирдің финалдық сатысы өз тарихында тұңғыш мәрте күз және қыс мезгілінде өтетін болды. Әрбір стадионда ауа салқындатқыш желісі іске қосылады. Температураның 27 градустан жоғары болмауы қадағаланады.

Әлем чемпионаты Катардың бес қаласында орналасқан сегіз стадионда өткізіледі. Олардың арасында Лукаил қаласындағы Ұлттық стадион 80 мың адамды емін-еркін қабылдай алады. Сондай-ақ, Эль-Хаур қаласындағы «Эль-Байт» стадионы 60, Эр-Райян қаласындағы «Халифа» 45,4, «Эдьюкейшн сити» 45,3, Эль-Вакра қаласындағы «Ахмед бин Али» 44,7, «Эль-Джануб», Доха қаласындағы «Стадион – 974» пен «Эль-Тумама» 40 мыңнан астам жанкүйерге арналған.

Катарда өтетін Әлем чемпионатына деген жанкүйерлердің қызығушылығы зор. Олар алғашқы күннің өзінде 1,2 миллион билет алуға сұраныс жасаған. Оған қызығушылық білдірген тұрғындар арасында Катардан өзге Аргентина, Мексика, АҚШ, Біріккен Араб Әмірлігі, Англия, Үндістан, Сауд Арабиясы, Бразилия және Франция елінің фанаттары бар. Сондай-ақ, жарыстың ашылуына қатысуға 80 мыңнан астам адам билет алуға ниет білдірген. Ал финалды көруге 140 мыңнан астам сұраныс түскен. Шетелдік жанкүйерлер үшін билеттің минималды бағасы – 69 доллар. Ол Ресейде өткен Әлем чемпионаты билетінен 36 долларға арзан. Ал төртінші санаттағы ең арзан билеттер 11 доллардан сатылымға шықпақ.

Дүбірлі додада 36 төреші қызмет етеді. Оларға алаң жиегінде 69 лайнсмен көмектессе, VAR жүйесіне 24 төреші жауап береді. Олардың қатарында Стефани Фраапар (Франция), Салима Мукасанга (Руанда) және Йошими Ямасита (Жапония) сынды әйел төрешілер бар. Тарихта тұңғыш рет Әлем чемпионатында нәзікжандылар төреші қызметін атқарады.

2022 жылдың 30 наурызында  айтулы аламанның ресми добы бекітілді. Ол араб тілінде «Al Rihla» атауын иеленді. Тәржімалағанда «саяхат» деген мағына білдіреді.

Биылғы жылдың 1 сәуірінде Әлем чемпионаты финалдық сатысының жеребесі тартылды. Нәтижесінде 32 құрама сегіз топқа бөлінді.

Құрамалардың топтарға бөлінуі төмендегіше:

А тобы: Катар, Эквадор, Сенегал, Нидерланды.

В тобы: Англия, Иран, АҚШ, Уэльс.

С тобы: Аргентина, Сауд Арабиясы, Мексика, Польша.

D тобы: Франция, Австралия, Дания, Тунис.

E тобы: Испания, Коста-Рика, Германия, Жапония.

F тобы: Бельгия, Канада, Марокко, Хорватия.

G тобы: Бразилия, Сербия, Швейцария, Камерун.

H тобы: Португалия, Гана, Уругвай, Оңтүстік Корея.

Әлем чемпионаты 20 қарашада Катар және Эквадор құрамаларының кездесуімен басталады. Әлемдік додада алаң иелері тұсаукесер ойынын өткізбек. Дүбірлі додаға дайындықты аталған құрама биылғы көктемнен бастап кетті. Сол кезден бері футболшылар жолдастық кездесуде шеберлігін шыңдап келеді. Дегенмен, нәтиже көңіл толарлық емес. Қыркүйек айында олар Сербияның олимпиадалық құрамасынан жеңіліп қалды. Осының өзі катарлық футболшылардың дайындығына сын болып тұрған жайы бар. Аталған құрамаға 2017 жылдан бері испаниялық маман Феликс Санчес жетекшілік жасап отыр.

Оңтүстік Америка құрлығынан келген Эквадор құрамасы іріктеу сатысында талайды таңғалдырды. Аталған жарыс сатысын сәтті өткізді. Олар Перу, Колумбия, Чили және Парагвайды артқа салып кетті. Құрама сапында Эннер Валенсия және Первис Эступиньян секілді есімі белгілі бірқатар ойыншылар ғана бар. Осыған қарамастан аргентиналық бапкер Густаво Альфаро әлемдік деңгейдегі жұлдыздары жоқ құраманы Әлем чемпионатына алып шықты.

Бүгінгі күнге дейін финалдық кезеңге көп қатысу жөнінен Бразилия құрамасы алда тұр, олар 22-ші мәрте айтулы аламанда бақ сынамақ. Одан кейінгі орындардағы Германия – 20, Италия мен Аргентина – 18, Мексика – 17, Англия, Франция, Испания – 16, Уругвай мен Бельгия 14-мәрте әлемдік додаға қатысады.

Қазірге дейін чемпиондық тұғырға небәрі 8 құрама көтерілді. Мұндай атаққа Бразилия 5 (1958, 1962, 1970, 1994, 2002) мәрте ие болып, көш бастап тұр. Одан кейінгі орындардағы Германия (1954, 1974, 1990, 2014) және Италия (1934, 1938, 1982, 2006) төрт-төрттен кубок алса, Аргентина (1978, 1986), Уругвай (1930, 1950), Франция (1998, 2018) екі-екіден чемпион атанды. Ал Испания (2010) мен Англия (1966) бір-бір мәрте жеңімпаз тұғырына көтерілді. Қазірге дейін чемпиондық кубок тек Еуропа және Оңтүстік Америка құрлықтарының құрамаларына тиесілі болып тұр.

Бразилия  және   Германия   құрамалары бірде-бір рет Әлем біріншілігінің іріктеу кезеңінде сүрінбей, турнирдің финалдық сатысында тұрақты түрде бақ сынап келеді. Тек Германия 1930 және 1950 жылдардағы Әлем біріншілігіне қатысудан бас тартқан еді.

Әлем біріншілігінің ең үздік сұрмергені атағы Германия ойыншысы Мирослав Клозенің (16 гол) еншісінде тұр. Одан кейінгі орындарда Роналдо (Бразилия) – 15, Герд Мюллер (Германия) 14 голдан соқты.

 Әлем чемпионатын 17 мемлекет өз жерінде өткізді. Атап айтқанда, Бразилия, Франция, Италия, Германия және Мексика, әрқайсысы екі рет қабылдады. Ал Уругвай, Швейцария, Швеция, Чили, Англия, Аргентина, Испания, АҚШ, Жапония және Оңтүстік Корея (бірлесіп), Оңтүстік Африка және Ресейде бір мәртеден ұйымдастырылды. Биылғы турнирден кейін 2026 жылы Канада, АҚШ және Мексика бірігіп өткізеді. Бұл Мексикаға үш Әлем чемпионатын өткізген алғашқы ел болуға мүмкіндік береді.

Әлем чемпионатын қазақстандық телеарналар тікелей эфирде көрсетеді. Мұндай міндет «Qazaqstan» және «Qazsport» телеарналарына жүктелген. Сондай-ақ, qazaqstan.tv және qazsporttv.kz сайттары да тікелей көрсетілім таратады. Оған қоса «Qazaqstan.tv» мобильді қосымшасы арқылы да көруге болады.

Дүбірлі додадан тарататын тікелей көрсетілімдерді жүргізетін 14 комментатор белгілі болды. Олардың қатарында қазақ тілінде Есей Жеңісұлы, Ермұхамед Мәулен, Жандос Байділдә, Ерсін Ерікұлы, Уәлихан Қосанбай, Әлімжан Асқарұлы, Руслан Бақытжан бар. Ал орыс тілінде Сергей Райлян, Ербол Қайыров, Дмитрий Нестеренко, Виктор Кирилюк, Дінмұхаммед Төлегенов, Дидар Қадыров және Әділет Құсайынов тікелей эфир тізгінін ұстайды. 

Әділжан ҮМБЕТ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<