Президенттің «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» Жарлығы аясында бейсенбі күні облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев құқық қорғау органдарының басшыларымен бірге Қармақшы және Қазалы аудандары тұрғындарына жеке қабылдау өткізді.
Екі ауданда өткен жеке қабылдау шараларына облыстық сот төрағасы Әділхады Шығамбаев, облыс прокуроры Нұрлан Бижанов, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Қызылорда облысы және Байқоңыр қаласы бойынша департаментінің бастығы Болат Қалмырзаев, облыстық полиция департаментінің бастығы Мұхтар Қожабаев, облыстық экономикалық тергеп-тексеру департаментінің басшысы Бақыт Қайшыбеков келді. Сондай-ақ, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыстық департаменті басшысының бірінші орынбасары Серікжан Мырзалы және мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы Ғани Аманов тұрғындар өтініші мен сауалын тыңдап, оларға тиісті жауабын берді.
Жеке қабылдауға келген азаматтар әлеуметтік көмек көрсететін ғимараттарға жөндеу жүргізу, жайылымдық алқапты суару, тұрғын үй, денсаулық жағдайына байланысты медициналық көмек алу мәселесін сұрады.
Аймақ басшысы аталған мәселелерді сала мамандарымен бірге мұқият зерделеді. Ол бойынша алдағы уақытта заңдылығына қарай шешім қабылдау мақсатында жауапты басқарма басшыларына тиісті тапсырма берілді.
Қармақшылық тұрғындар кәсіпкерлік, денсаулық, әлеуметтік, құқықтық және өзге де мәселелерді көтерді. Сондай-ақ, құқық қорғау органдарының басшыларына 51 азамат өз ұсыныс-пікірін жеткізіп, заң аясында тиісті түсіндірме алды.
– Мен облыс әкімінің қабылдауында Байқоңырда өзім басқаратын балабақша жөнінде айтқан едім. Оған қатысты нақты жауап берілді. Аталған қалада балабақша ғимаратын сенімгерлік басқаруға алған болатынмын. Дегенмен, бірқатар проблемалар туындап отыр. Қабылдау барысында сәбилерді тасымалдауға арналған көлік, коммуналдық қызмет бағасының қымбаттығы, салық мәселесі жөнінде сөз қозғалды. Бұл мәселелер бұдан бұрын да айтылып жүрген еді. Облыс әкімі айтылған ұсыныстар бойынша тиісті шешім қабылданатынын жеткізді, – деді кәсіпкер Марал Кенжебай.
– Облыс әкімінің қабылдауында ауданнан Қызылорда қаласына қатынайтын такси қызметіне жеткілікті деңгейде көңіл бөлінсе деген ұсынысымды жеткіздім. Бұған байланысты аймақ басшысы мәселенің тиісті деңгейде шешілетінін айтты, – деді ол.
Құқық қорғау органдарының басшылары да тұрғындар мәселесін мұқият тыңдап, түсіндірме берді.
– Бұрын кейбір мәселемізді айту үшін облысқа баруға тура келетін. Енді сол басшылармен жергілікті жерде жолығудың сәті түскені бізді қуантып отыр. Мен облыстық экономикалық тергеп-тексеру департаменті басшысының қабылдауында сауалыма нақты жауап алдым, – дейді Жұпаргүл Бердібаева.
Ал ауданның тағы бір тұрғыны Рахат Бақытжан облыс прокурорынан заңдық түсініктеме алу мақсатында келгенін айтты. Ол өз өтінішін емін-еркін жеткізіп, оған лайықты жауап алғанына ризашылығын білдірді.
***
Қазалы ауданы әкімдігінде өткен жеке қабылдауда барлығы 58 азаматтың өтініші қаралды. Облыс әкіміне 25 тұрғын келді. Олар жол салу, газ жүргізу, мектеп пен балабақшаға орналасу, медициналық амбулатория мәселелерін шешу, қоғамдық көлік, жайылымдық жер учаскелерін белгілеу, наубайхана цехын ашу сынды сауалдарын қойды.
Алдын ала хабарландыруды естіп келген жеке тұрғындар арасында 14 құрсақ көтерген Батыр ана, І топ мүгедектігі бар азаматтар да бар.
– Ауылда балалар ойнайтын алаң жоқ екендігін мәселе етіп көтердім. Әкім мырза өңірде биыл 80 ойын-спорт алаңы берілгенін жеткізіп, алдағы уақытта біз тұратын аймаққа да салуға ықпал жасайтынын айтты, – деді қазалылық тұрғын Руслан Омаров.
Ал 14 баланың анасы Күләй Ысқақ қабылдауда жолдасына жұмыс сұрап келгенін айтты. Бұған байланысты тиісті жауабын алған.
– Отбасымда жалғыз өзім еңбек етемін. Күнделікті тамақ, киім-кешек және басқа да мұқтаждыққа жете бермейді. Облыс әкімі жолдасымды ауданда жаңадан ашылатын әлеуметтік нысанның біріне техникалық қызметкер ретінде алуға жәрдемдесетінін жеткізді, – деді Батыр ана Күләй Ысқақ.
Құқық қорғау органдарының басшыларына 33 азамат өз мәселесін жеткізіп, заң аясында тиісті түсіндірме алды.
Сондай-ақ, сапар барысында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев тұрғындармен кездесіп, сұрақтарына жауап берді.
Айта кетейік, облыс әкімі өткен аптада Жаңақорған, Арал ауданында құқық қорғау органдары басшыларымен бірге тұрғындардың мәселелерін қараған еді. Ал, екі күндік сапармен Сырдария, Жалағаш, Қармақшы, Қазалы аудандарында болды. Жалпы осы кезге дейін аймақ басшысы 400-ге жуық тұрғынның мәселесіне ден қойды.
Әділжан ҮМБЕТ,
«Сыр бойы»
Суреттерді түсірген
Бағдат ЕСЖАНОВ
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<