Әріптестері Мариям Баекееваны жаңа қызметке шығарып салды

579

0

Бүгін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен өткен актив отырысында кадрлық өзгерістер хабарланды.
2015 жылдан бастап ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының Қызылорда облысы бойынша департаментінің басшысы қызметін атқарып келген Мариям Баекеева ротация тәртібімен Ұлттық статистика бюросы Ақпараттық технологиялар департаментінің Ақпараттық жүйелерді үйлестіру және интеграциялау басқармасының басшысы қызметіне тағайындалды.
Аймақ басшысы Мариям Жәдігерқызын құттықтап, жаңа қызметінде сәттілік тіледі.

«Мариям Жәдігерқызы – статистика саласында мол тәжірибе жинап, қызметте сатылап өскен өз ісінің майталман маманы ретінде Сыр өңіріне белгілі. Қызылорда облысының статистика басқармасында қарапайым экономистен бастап, жоғары басшылық лауазымға дейінгі жолдан өтті. Өңірдің мемлекеттік статистикасын дамыту мен жетілдіру ісіне елеулі үлес қосқан білікті кадрлардың бірі. Өзіне сеніп тапсырылған жұмысты абыроймен атқарып, тұрақтылығы мен тиянақтылығының арқасында өз саласында жемісті қызмет атқаруда. Қызметті үйлестірумен қатар жауапты салада шәкірт тәрбиелеу ісімен орны қалыптасқан бірегей кадр. Статистика органдарында 33 жылдан аса қызмет атқарған кезеңде қажымай еңбек етіп, білікті кадрлар тәрбиелеуге айтарлықтай үлес қосты», – деді Нұрлыбек Машбекұлы.

Статистика саласында атқарған еңбегі үшін Мариям Жәдігерқызы Сыр жұртшылығы атынан Қызылорда облысының Құрмет грамотасымен марапатталды.

Актив отырысында облыстық мәслихат төрағасы Наурызбай Байқадамов Мариям Баекееваға жаңа қызметте сәттілік тіледі.
Өз кезегінде, Мариям Жәдігерқызы әріптестеріне көрсетілген құрмет үшін ризашылығын білдірді.

Мариям Жәдігерқызы аймақтағы статистикалық деректерді қалыптастырумен қатар тіркелімдерді цифрландыруға бағытталған тың жобалардың жүзеге асырылуына дәнекер болды. Оның бастамасымен департамент аумақтық статистика органдары арасында бірінші болып есептерді «Бір терезе» қағидаты бойынша қабылдауға көшті. Мемлекеттік органдардың қызметін бюрократиядан арылтуға бағытталған ауқымды шараларды атқарды. 2010 және 2016 жылдары еліміздің әлеуметтік-экономикалық жағдайын анықтауға бағытталған ЮНИСЕФ-тің «Мульти-индикаторлық класттерлік зерттеу» халықаралық жобалары өткізілді. Жоба аясында еліміз үшін маңызды ұлттық мақсаттар мен жаһандық міндеттерді орындауға бағытталған деректер жинақталды.

Шаруашылықтардың есепке алу кітаптары электрондық форматқа көшіріліп, нақты статистикалық деректерге онлайн қолжетімділік артты. 2009 және 2021 жылдары өткізілген ел тарихындағы елеулі оқиғалардың бірі – Ұлттық халық санағы өңірімізде сапалы және жоғары деңгейде өткізіліп, сәтті жүзеге асты. Өңірдегі статистика департаментінде атқарған көп жылғы жемісті еңбегі үшін Мариям Жәдігерқызы «Ерен еңбегі үшін» медалі (2018 ж.) және «Статистика үздігі» төсбелгісімен (2013 ж.) марапатталды.

Қызылорда облысы

әкімінің баспасөз қызметі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<