АЛҒАШҚЫ ДАУЫС – ЕЛ БОЛАШАҒЫНА ҚОСҚАН ҮЛЕС

5

0

Бүгін Қызылорда облысында өтіп жатқан маңызды қоғамдық-саяси науқанға жастар да белсенді қатысуда. Солардың бірі – Медет Бақытжан, ол бүгін алғаш рет дауыс беріп, өзінің азаматтық таңдауын жасады. Медет – өңірде қоғамдық жұмыстарға белсене араласып жүрген «Сыр волонтерлары» волонтерлік қозғалысының белсенді мүшесі.

Жас сайлаушы таңғы уақытта дауыс беру учаскесіне келіп, ел болашағына қатысты өз таңдауын жасағанын ерекше толқыныспен жеткізді. Оның айтуынша, алғаш рет дауыс беру – әрбір жас үшін маңызды әрі жауапты сәт.

– Бүгін мен үшін ерекше күн. Себебі мен алғаш рет дауыс беріп, елімнің болашағына қатысты өз таңдауымды жасау мүмкіндігіне ие болдым. Бұл – әрбір азамат үшін үлкен жауапкершілік деп ойлаймын. Әр дауыс – мемлекетіміздің ертеңіне әсер ететін маңызды қадам. Сондықтан жастар да қоғамдағы маңызды үдерістерге белсенді қатысып, өз азаматтық позициясын білдіруі қажет, – дейді Медет Бақытжан.

Ол волонтерлік қызмет арқылы қоғамға пайдалы істерге атсалысып жүргенін айтып, жастардың ел өміріне бейжай қарамауы керектігін атап өтті.

Медеттің сөзінше, «Сыр волонтерлары» волонтерлік қозғалысы жастарды қоғамдық жұмыстарға тарту, қайырымдылық және әлеуметтік бастамаларды қолдау бағытында белсенді жұмыс жүргізіп келеді.

– Волонтерлік қызмет – бұл тек көмек көрсету ғана емес, сонымен қатар қоғамға деген жауапкершілікті сезіну. Біз түрлі әлеуметтік және қайырымдылық шараларына қатысып, халыққа қолдау көрсетуге тырысамыз. Осындай қоғамдық жұмыстарға араласу арқылы елге қызмет етудің маңызын түсінесің. Сондықтан бүгінгі дауыс беру де мен үшін үлкен мәнге ие, – дейді жас белсенді.

Медет Бақытжан бүгінгі дауыс беру – елдің дамуы мен тұрақтылығына ықпал ететін маңызды қадам екенін айтып, барлық жастарды азаматтық белсенділік танытуға шақырды.

– Біз – болашақтың иесіміз. Сондықтан ел тағдырына қатысты маңызды шешімдерге бейжай қарамай, өз таңдауымызды жасауымыз керек. Бұл – әр азаматтың парызы, – деп сөзін қорытындылады ол.

Медет Бақытжан секілді белсенді жастардың қоғамдағы бастамаларға атсалысуы – ел болашағына деген сенім мен патриоттық рухтың айқын көрінісі.