Ардагерлер арасындағы сайыс

440

0

Бүгінде облыстық ардагерлер кеңесі аймағымыздағы жалпыұлттық идея рухында патриоттық және адамгершілік тәрбиелеу, қарт адамдардың әлеуметтік құқықтары мен мүдделерін қорғау, олардың лайықты әлеуметтік жағдайын қамтамасыз ету бағыттарындағы жұмыстарға өз үлесін қосуда. Осы орайда, қаламызда «Қазақтың даналық, ғибратты сөздері» атты шежірелі ардагерлердің облыстық байқауы өтті.

Байқауға Қызылорда, Байқоңыр қаласы және барлық жеті ауданнан іріктелген мықтылар қатысып, жарыс көрігін қыздырды. Ал оларға ақын Махмұтбай Әміреев, Қазақстан Жазушылар одағы мүшесі Шахизада Әбдікәрімов, айтыскер ақын, Қазақстан республикасының өнер қайраткері Серік Ыдырысов қазылық етті.

Байқау нәтижесі бойынша жүзден жүйрік шыққан Жалағаш ауданының өкілі, 83 жастағы Байділда Сәрсенов І орынды қанжығасына байлады. Келесі жүлделі орынды Байқоңыр қаласынан келген еңбек ардагері Дәріқұл Махамбетов иеленсе, қызылордалық Қазынагүл Өзденбаева ІІІ орынды қанағат тұтты. Жүлдегерлерге диплом мен қаржылай сыйлықтар тапсырылды. Сондай-ақ, белсенділік танытқан қатысушылар облыстық ардагерлер кеңесінің Алғыс хаты және ынталандыру сыйлықтарымен марапатталды.

Кеш ұлттық өнердің аясын кеңейтіп, даналығын үлгі етер аға буын өкілдерінің өз өнерлерін ортаға салуымен аяқталды.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<