Арқаның кербез сұлу Көкшетауы

1792

0

Жол басы

Мамыр айының екінші онкүндігінде Қызылорда қалалық ардагерлердің пленум мүшесі, қалалық ардагерлер кеңесінің бұрынғы төрағасы Жақай Бодықбаевтың ұйымдастыруымен 70-ке жуық Сыр бойы ардагерлері Көкшетау жеріне барып, 10 күн демалып қайтты. Оның құрамында әр саланың зейнеткерлері, еңбек ардагерлері болды. Бұл бастаманы қолдаған азаматтар демалуға баратын күнді білісімен, алдын ала жол билеттерін қамдады.

Көкше жеріне жолға шыққандарға облыстық ардагерлер кеңесінің төраға орынбасары Өмірбек Шәменов ақжол тіледі.

Жолүсті әңгіменің бәрі Көкшетау жайында болды. Әркім өз білгенін айтуда. Жасыратыны жоқ, кітаптан оқығаным болмаса, өмірі көрмеген  жерім. Сәкеннің өлеңдерін оқыған сайын Көкшені бір көруді іштей армандап жүретінмін. Сол арман-тілегім орындалғандай. Жолдың ұзақтығы да онша сезілмейтін секілді. Көкше, оның табиғаты жайлы сан түрлі ой кешіп жатып ұйықтап кетіппін.

Армысың, Әулиеата!

Алдымызда – кенді аймақ

Таң сыз бере жасыл желекті шырайлы Шымкентке жетіп, Әулиеатаға қарай бет түзедік. Ерте оянған жұрт вагон терезелерінен сыртқа ентелей қарап қояды. Тау бөктері көкпеңбек. Қаратау мен Алатау сілемдерінің биік бастарында ақ қар жатыр. Көгал қуған төрт түлік басын жерден алмай құныға жайылуда. Әсіресе уақ мал шашылған тастар секілді тау бөктеріне өріп барады. Кәусар бұлақ, саф ауа, шағын көлдер, ақбұлақтар жанар тоқтатқан сайын өзіне ғашық етіп, табиғаттың ғаламат күші мен жасыл желекті бояуы өзіне бұрынғыдан да ынтықтыра түскендей. Әсем табиғаты ерекшелігімен дараланып, өзіне назар аудартты. «Әулиеата жері, армысың!» деп қасиетті жерге тағзым еттім. Тараздағы биік айырық жолда тұрған Жамбыл мүсіні бізді құшақ жая қарсы алып, қара алтынның мекені Қарағандыға қарай шығарып салып тұрғандай. Жүрдек пойыз солтүстікті бетке алып, тарс-тұрс етіп аңқылдай тартып келеді.

Түс қайта Мойынқұм ауданы шекарасынан аса Балқаш көліне де жеттік. Мойынқұмның шөлейтті жазығының етегін ала Балқаш көлі бізбен ілесе еріп келе жатқандай. Бес сағаттай теміржол жиегінде біресе ентелей көрінеді, енді бірде алыстан буалдыр тарта көгілдірленіп жал-жал толқындар аунап түсіп жатыр. Балқаш көлінің кереметтігі сонда оның бір бөлігінің суы ащы болса, екінші бөлігінің суы тұщы. Бұл да Алланың құдіреті дейміз бе, әлде табиғаттың кереметі дейміз бе, Балқаш суында осындай ерекшілік бар. Көл бетінде шаңқылдап ұшқан ақ шағалалар биіктеп барып, суға қарай зымырай құлай жақындап балықтарды іліп түскендей. Мойынқұм шөлейтті жазығындағы түйетабан шөптердің жапырақтарының көбісі сарғайып кетіпті. Жол жиегіне сары орамал жайып кептіріп қойғандай көрінді бізге.

Кешіміз Балқаш көлі жиегіндегі Сарышағаннан өте басталды. Ертеңгілік таңымыз Қарағанды қаласына жеткенде себезденді. Таң атса болды тіршілік атаулы оянып, күннің де көкке тез көтерілетіні белгілі.

Облыс болып құрылғанына 90 жылдан асқан аймақтың орталығы Қарағанды қаласында биік мұнаралы мұржалардан түтін будақтай шығып жатыр. Сарыарқаның жарты бөлігінен орын тепкен өңір ірі өндірістік орталық екенін бұрыннан да білеміз. Көмір өндірісі, машина жасау, металлургия, түрлі-түсті металл өңдеу, тамақ өнімдерін өндіру, тұрмыс қажетін өтеу, көлік және байланыс салалары жақсы дамыған. Келер жылы Қарағанды қаласы 90 жылдығын тойламақ. «Атыңнан айналайын, Қарқаралы» деп Мәди әнге қосқан жердің бүгіні баянды екені қаланың тыныс-тіршілігінен байқалып тұр. Баспасөз беттерінен оқып білгеніміздей, бүгінде аймақтың өнімдері әлемнің 70 еліне экспортталады екен. Тарихы тереңнен бастау алатын өлкеден шығып, салқар төсі салқамданып жатқан Сарыарқа жазығына қарай біз мінген пойыз ышқына алға тартты.

Ару қала – Астана

Межелі жерге жақындаған сайын пойыз да ел ордасы – Астанаға жетуге асыға түскендей. Ішіне демін терең тарта жиі-жиі гудок беріп, дауысын соза айқайлап қояды. Арқа жерінде көктемгі тіршілік қыза түскендей. Күн арқан бойы көтерілгенде қыратты дала төсінде жер жыртылып, бидай дәні себіліп жатқанын байқадық. Сай-салалы дала төсінде ырыс пен молшылықтың негізі қаланып жатқанына қарап, көңіліміз сергіп сала берді. Жап-жасыл шексіз Сарыарқа төсіне дән сеуіп бара жатқан тракторлар көктемнің қарбалас шағы мен астықты аймақтың тынысынан хабардар еткендей көз ұшында бұлдырап, қыр астына сіңіп барады. Арқа табиғаты мен көктемгі қым-қуыт тіршілікті әңгімелеп отырғанымызда, жүрдек пойыз Астанаға келіп өкпесін басып алды. Содан Көкшетауға қарай ақырындап жылжи түсті. Көкпен таласқан көпқабатты зәулім үйлер қол бұлғап шығарып салғандай болды. Астана қаласындағы көптеген құрылыс алаңдарында мойыны көк тіреген алып крандар тынбай жұмыс жасап жатқанын сырттай байқадық. Елордада құрылыс қарқынды екен ғой деген ой келді кеуде сарайына. Астанада аптығын басқан пойыз кербез Көкше жаққа қарай жолға түсті…

Табиғатымен тамсандырған сұлу Көкше

Щучинск ауданы шетіне енгеннен қарағайлы-қайыңды ну орман басталды. Бір-бірімен иін тіресе, көкке таласа өскен, сұлу да биік қарағайлы-қайыңды орман көркі көздің жауын алады. Оған ынтыға қараудан жұрт әсте жалықпайтындай. Вагон ішіндегі сапарластарым көркем табиғатқа таңдана қарап, тамсанып келеді. «Не деген көркем жер мынау?! Мынадай табиғаты сұлу жеріміз бар, біз бай ел екенбіз ғой» деп дабырласып қоямыз бір-бірімізге. Сырдың бойынан шығып, Шымкентке жеткеннен басында қар жатқан сеңгір таулар мен мөлдіреп аққан бұлақтарды, егіні жайқалған жасыл дала мен ақжал толқыны ойнаған Балқашты, Мойынқұм секілді аптапты шөлейті мен құм суырған даланы басып өтіп, керім Көкше жеріне де табанымыз тиді-ау. Ардагерлердің қуанышында шек жоқ.

Курортты аймақ саналатын Щучинск ауданының орталығы Щучинск қаласына жеткенде, жанымызда отырған бір топ шиелілік азамат «Бурабайға» бара жатырмыз» деп, жолай түсіп қалды.

Ардагерлер жұбымыз жазылмай Көкшетау қаласына қарай жол тарттық. Астана уақыты бойынша түскі 2 шамасында қалаға маңдай тіредік. Ақмола облысының орталығы – Көкшетау қаласының теміржол вокзалының айналасы мұнтаздай тап-таза екен. Көшелері жасыл желекке малынып тұр. Вокзал жанындағы 10 қабатты үйдің үстінде «Арқаның кербез сұлу Көкшетауы» деген жазу тұрғанын көрдік. Сол жақтағы автобекеттің үстінде «Көкшетауға қош келдіңіз!» деген жылы лебізді оқып, жанымыз шуаққа бөленгендей.

Ардагерлерді Зеренді ауданындағы «Тұмар» демалу-сауықтыру орталығының бастығы Базарбек Бауыржан Қонысбекұлы өзі күтіп алды. Өте парасатты, пайымды, зерек, не сөйлесе де ойланып, ақылмен айтатын, білімді жігіт екенін аңғардық. Бізді өзінің тілтабыстығыштығымен баурап алды. Көкшетау қаласы мен Зеренді арасы 42 шақырымдай екен. Келісімен бөлмелерімізге тез орналасып алдық. Жуынып-шайынып болысымен, арнайы әзірленген асханадағы түскі асқа шақырды. Сол жерде орталықтың жұмысын әрі ас ішу уақыттары мен ережелерін түсіндіріп, жақсы демалуымызға сәттілік тіледі орталық директоры.

Ертеңіне Зеренді жеріне Сыр бойы ардагерлерінің демалуға келгенін естіген Ақмола облыстық ардагерлер кеңесінің жауапты хатшысы Майра Сәкенқызы келіп, арнайы дастархан жайып, дәм татқызып, сый-құрметін көрсетті. Майра Сәкенқызы «екі облыс арасында осындай қарым-қатынас жасап тұрайық, сіздер де енді жиі келіп тұрыңыздар» деген тілегін жеткізді. Жақай Бодықбаев Майра Сәкенқызына арнайы көңіл бөліп келгеніне алғысын білдіріп, Ақмола облыстық ардагерлер кеңесіне рахметін айтты.

Демалысымыздың екінші күнінде сауықтыру орталығының басшысы Бауыржан Қонысбекұлының тікелей ұйымдастыруымен «Бурабай» курорты аймағына жол тарттық. Зерендіден 120 шақырымдай қашықтағы «Бурабай» курорты аймағынан бұрын Зеренді шетіндегі «Тұзды көлге» соғып, табиғатын тамашаладық. Суы тұзды екен. Түрлі жараларға ем екенін жолбасшы Бауыржан ініміз айтып түсіндірді. Көл жағасы тола қайың. Бетінде аққулар жұптарымен жүзіп жүр. Үйректер барқылдап қояды. Бауыржан ініміз жолай Көкшетау тауының етегінде орын тепкен «Ботай–Бурабай» музейін көруге ұсыныс жасады. Ботай мәдениетіне қызыққан бір мен емес, барлық ардагерлер келісе кетті. Оның энеолит, яғни мыстас дәуіріне жататынын тарихтан оқып білгенімізбен, музейді көзбен көрмегеніміз шындық. Сыртқы көрінісі баяғы өзіміз көзбен көрген қазақтың шошаласы секілді екен. Иә, дәл сол біз көрген шошаланың өзі. Ерекшілігі сол шошала сыртына жылқының бас сүйегін айналдыра қойған. Бізді Ақмола облыстық музейінің ғылыми қызметкері Ержанов Рауан Мырзабекұлы қарсы алды.

«Ботай–Бурабай» музейі

Жалпы музейдің сыртынан қарағанда, жер бетінен бір метрдей биік тұр. Ал ішіне енгенде оның ішкі дуалының биіктігі екі жарым метрдей биік екен. Қабырғаларды жергілікті гранит тастардың арасына жылқының қылын қосып өрген. Іш жақ беті сыланған. Қазақтың қараша үйінің пошымында салынған шошала іспетті тұрғын-жайдың үстіңгі қабырғасы бірнеше қырлы етіп, бөрене ағаштан тұрғызылған. Ішінің биіктігі 5-6 метрдей болып қалады. Сырт жақтағы есік арқылы алдымен ауызғы бөлмеге кіресіз. Алғаш кірген ауызғы бөлме ортасында мосы сияқты іші терең шөген қазан тұр. Ол ошақтың үстіне қойылған. Енді сол ауызғы бөлме арқылы орталық бөлмеге өтесіз. Сол орталық бөлмеге қараған алты жаққа бағытталған үсті жабық жол арқылы басқа бөлмелерге бара аласыз. Жабық жолдың ұзындығы 60-70 метрдей.

Ең төргісі – тайпа басшысының қабылдау бөлмесі. Ол бөлмеде тайпа басшысы тақ үстіндегі орындықта оң қолына ұшы тастан жасалған үшкір найза ұстап отыр. Одан бөлек шаманның бөлмесі, ұстахана, қымыз дайындайтын, жұмысшылардың сәкі құрған жатын бөлмесі, асхана бар. Барлығының үсті ашық. Сол арқылы ортаға от жаққанда түтін сыртқа шығатын болған. Әр бөлменің ортасына жоғарыға шығып, жан-жақты көріп тұруға арналған кәдімгі қолдан жасалған саты қойылған. Саты арқылы жоғарыға шығып, айналаны бақылауда ұстап отырған. Демек, тұрғын-жайдың үстінің ашықтығы түтін шығуын қамтамасыз етсе, екінші жағынан айналаны барлап тұру қызметтерін атқаратынын түсіндік.

Музейдің ғылыми қызметкері Рауан Мырзабекұлы:

– Сонау 70-жылдары Солтүстік Қазақстан облысы Айыртау ауданы Қазан ауылдық округіне қарасты Никольск елді мекенінен оңтүстік шығысқа қарай, осы қонысқа жақын жерде ағып жатқан «Иман-Борлық» өзенінің жағасында ойнап жүрген балалар сүйектен, тастан және балшықтан жасалған бұйымдарды тауып алады. Оны сол кезеңдегі мектеп директоры, тарих пәнінің мұғалімі Есләмбек Зәкәрияұлы Көкшетау қаласындағы тарихи-өлкетану музейіне әкеліп тапсырады. Арада біраз жыл өткен соң осы жәдігерлерді көрген Қызылжар педагогика институтының жас ғалымы Виктор Зайберт дереу ат басын Ботайға бұрып, арнайы экспедиция ұйымдастырады. Сөйтіп Ботай мәдениеті қазақ даласында бізге дейін 6 мың жыл бұрын жылқыны қолға үйреткені жөнінде ең алғашқы археологиялық дәлел тауып, дүниежүзілік археология тарихына жаңа бетбұрыс әкелді.

Сондай-ақ ағылшын зерттеушісі Кимберлей Броун «Лос Анжелес Таймс» газетіне сілтеме жасай отырып, «Horse» атты журналға жазған еңбегінде жылқы түлігі еуропалықтар ойлағаннан көп уақыт бұрын Азияда қолға үйретілгенін меңзеген. Ал К.Броунның пікірі «Ботай» қонысы маңына жүргізілген қазба жұмыстары барысында дәлелін тапты. Аталған археологиялық жаңалықтың құндылығы жайлы еуропалық «National Geographic News» атты ғылыми басылым: «Қазіргі күні Қазақстан деп аталатын елдің жерін мекендеген далалық өлке тұрғындары алғашқы болып жылқыға мініп, оның сүтін ішкен…» деген байлам жасады,– деді өз сөзінде музей қызметкері.

Сондай-ақ «Ботай» қонысы маңына археологиялық қазба жұмыстарын жүргізген ұлыбританиялық жетекші ғалым, Эксетер университетінің қызметкері Алан Оутрам: «Біздер тапқан жаңалықтан түйгеніміз, байырғы адамдар біз ойлағаннан да өнертапқыш екенін көріп отырмыз» деген екен. «Ботай» музейінің ішінен сол кезеңдегі өмір сүрген төрт бұрышты шыныға сақталған адамның басын көрдік. Адам басының қаңқасы өте ірі. Тістері жылқының тістеріндей ірі, бірақ өте тығыз орналасқан. Адам басының түсі темекінің күлі түстес, төбесі тесілген және оның айналасында бірнеше өте ұсақ майда тесіктер барын байқадық. Бұның сырын музей қызметкері Рауан Мырзабекұлынан сұрадық. Оның айтуынша, сол кезеңнің өзінде адам басын тесіп, операция жасағанын, оны қайта тігіп, медицинаның қыр-сырын меңгергенін айтты. Бұл сол кездегі дала өркениетінің қаншалықты дамығанын аңғартса керек. Адам басына операция жасау бүгінгі медицинаның жетістігі деп жүрміз ғой…

Бұдан басқа жылқыны қолға ұстап үйретіп, сүтін қымыз етіп пайдалана білудің өзі осы ежелден қазақ даласында қалыптасқанын айғақтаса керек. Арнайы жылқы сауатын бөлмеде жылқы терісінен жасалған күбіні көзбен көрдік. Тері күбінің ауызы төрт бұрышты жұқа ағашқа бекітілген. Оның бетін жабатын  ортасы тесік қақпағы бар. Қақпақтың ортасында піспек бар. Сол арқылы қымызды бүлкілдете пісіп, бабын келтіретін болған. Ал жылқының саумалы мен қымызын қаншама ауруға ем екенін өздеріңіз жақсы білесіздер. Тері күбіден басқа биені байлайтын шылбыр және теріден жасалған үлкенді-кішілі торсықтар тұр. Қымызға салатын көкемарал шөбіне ұқсас шүберекке оралған шөпті көрдік. Жылқы сауатын бөлмеде биені сырттан сауын орынға әкеліп кіргізетін арнайы есік бар. Жалпы ботайлықтардың тұрғын-жайдағы бөлмелері жабық жолдар арқылы бір-бірімен жалғасып жатыр.

Ұстаханада жебе, садақ, қанжар, пышақ, найзаның үшкір ұштары неше түрлі пішінде жасалған. Сондай-ақ пышақтың түрлері, аңдардың сүйектері мен терісін өңдеп, олардан жасаған ыдыс-аяқ сақтаулы тұр. Жылқының қабырғаларынан жасалған тері өңдейтін құралдарды, ағаш өңдейтін қашауышты, құс сүйегінен киім тігуге арналған инелерді, жуалдыз, тескіш біздер, тұмар мен әшекей бұйымдарды көрдік. Ұстаның қолында сом балға мен темір шыңдайтын төстік тұр.

Шаман бөлмесінің еден табанына тастар бір-бір қатардан үш жолаққа бөлініп төселген. Оның біреуі ауаға, екінші жолағы күнге, үшінші суға бару бөліктеріне бөлінген. Бұның бәрі өмірді, тіршілікті, ағзадағы нәрді білдіреді деп меңзеген екен. Осылай адамдарды емдеген. Ал өлген шаманды үйдің босағасына жерлейтін болған. Ол жамандық атаулыдан қорғап жатады деп сенген.

Жалпы «Ботай – Бурабай» дала музейі маңында сақталған жұмбақтар әлі де көп екені байқалады. Оның қалыптасуына Атбасар неолиттік мәдениетін жасаған тайпалар араласқан, Ертіс пен Жайық өзендері аралығын мекен еткен тайпалар мәдениетіне жататынын білдік.

Сұлу Көкшеге саяхат

Қайталанбас сұлу табиғатымен тек өз елімізге ғана танымал емес, бүгінде әлемге даңқы арта бастаған Көкше жеріндегі Оқжетпесті көруге асығып келеміз. Шоқтығы биік, рухы асқақ ақын Сәкен Сейфуллиннің «Көкшетауы» кеудеде сайрап келеді.

– …Сексен көл Көкшетаудың саясында,

Әрқайсысы алтын кесе аясында.

Ауасы – дертке дауа, жұпар иісі,

Көкірек қанша жұтса тоясың ба?

Мөп-мөлдір Бурабайдың суы күміс,

Көргенде шаршаған жан алар тыныс.

Мінбелеп қоршалаған шымылдықтай,

Қарағай, қайың менен қалың жыныс…

Жолдағы орман-тоғайға, қарағай мен қайыңға көз тоқтатқан сайын Жаратушының ғаламатына таңғаласың. Сұлу Көкше десе, сұлу екен. Тамылжыған табиғатқа ынтыға, құмарта қарап келеді жанымдағылар да. Табиғат музейі атанған Бурабай аймағына ендік. Алда Оқжетпес шыңы алыстан менмұндалап тұр. Жанында жатқан алып піл бізді көргендей табандап жатып алған. Бізде оны оятпауға тырыстық. Оқжетпес басынан лезде ақ бұлт көтерілді де аяқасты жел тұрып, көзді ашып-жұмғандай сіркіреп өтті. Әбігерге салмады.

«Бурабай» көліне жетісімен ардагерлер тобымызбен қайықты жалға алдық. Содан қайыққа отырып «Бурабай» көлінің ортасына қарай жүзе түстік. Көл ортасында аты аңызға айналған «Жұмбақтас» тұр. Оны айнала жүзіп бірде кемпірге, бірде жас қызға ұқсатқан жұрт аңыз әңгімені айтып жатты. Көл бетіне төне қарап тұрған «Оқжетпес» басындағы батыр бейнесі «Жұмбақтасты» судан көтеріп алардай. Биік шыңды қиялай шыққан қалың қарағайдың жұпар иісін құмарлана жұта бергің келеді. Бой балқып, көңіл шалқып, қиялға беріліп тұрғанда, аяқастынан шың басынан көк қаршыға саңқ ете түсті. Жұрт елең ете қолдарын көздеріне қоя жоғары жаққа қарады. Көкпеңбек болып мұнарланып тұрған жоғары басынан қаршыға көзге көріне қоймады. Шаңқ еткен күйі көк сағымға сіңіп кеткендей ғайып болды. Көл беті өте салқын. Жаурап та бара жатырмыз. Бірақ шыдауға тура келді. Тоңсақ та көл бетінде жүре беретіндейміз-ау, әттең, белгіленген уақыт бітіп қалмағанда. Бурабай көліне осылай саяхаттап барып, табиғатымен қимай қоштастық. Сол күні өзіміз демалып жатқан Зерендіге, Балқадишаның ауылына қайтып оралдық…

Кенжалы ЕРІМБЕТОВ,

ҚР Журналистер одағының мүшесі

Қызылорда-Көкшетау-Қызылорда.

(Жалғасы бар)

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<