Аудан әкімі теміржол мекемелерін аралады

161

0

Қазалы ауданының әкімі Мұхтар Оразбаев Әйтеке би кентіндегі әлеуметтік нысандардың тыныс-тіршілігімен таныстыруды одан әрі жалғастыруда. Аудан орталығындағы Қазалы теміржол ауруханасы, Қазалы локомотив жөндеу зауыты, Қазалы вагон жөндеу депосы, Қазалы көлік-техникалық колледжі мен Қазалы темірбетон бұйымдарын шығару зауытына арнайы барып, жұмысымен танысты.

Аудан басшысы ең алдымен ғасырдан астам тарихы бар Қазалы теміржол ауруханасына ат басын бұрып, дәрігерлермен тілдесті. Қазалы теміржол ауруханасы тіркелімдегі тұрғындарға, теміржолшыларға және олардың жанұясына сапалы медициналық көмек көрсетеді. Медициналық ұйымның жұмысы туралы «Қазалы теміржол ауруханасы» ЖШС директоры Құбыл Ршымбетов жан-жақты баяндап, хирургия, реанимация сияқты бөлімдердің жұмысымен таныстырды.

Мұнан соң аудан әкімі Мұхтар Оразбаев Нұрлан Алмағамбетов басшылық жасайтын Қазалы локомотив жөндеу зауыты мен Талғат Әліпбаев басқаратын Қазалы вагон жөндеу депосының жұмысымен танысты. Шойын жолдағы қос ұжымның қол жеткізген табыстары көз қуантарлықтай. Республиканың әр аймағынан алынған тапсырыстар уақытылы орындалып, қызметкерлер жемісті еңбек етуде. Бұл жөнінде теміржол мекемелерінің басшылары егжей-тегжейлі айтып берді.

Қазалы көлік-техникалық жоғары колледжі аудандағы теміржолшыдарды дайындайтын бірден-бір оқу орны. Өткен ғасырдың 30 жылдары ашылған оқу ордасының қол жеткізген жетістіктері де жетерлік. Қазіргі таңда оқу орны еңбек нарығына аса қажетті 11 мамандық бойынша жан-жақты кәсіпқой жұмысшы мамандарды оқытып, дайындауда. Колледждегі 600-ге жуық студентке 120 инженер-педагог білім беруде.

Колледжге арнайы келген аудан басшысына колледж директоры Болатбек Ахметов оқу орнының материалдық-техникалық базасымен, колледж жанынандағы өлкетану мұражайымен таныстырды. Сонымен қатар, бүгінгі күні колледжге «Жас маман» жобасымен құны 300 млннан асатын заманауи құрал-жабдықтар келіп жатқанын қуанышпен жеткізді. Өз кезегінде аудан әкімі Мұхтар Оразбаев теміржол саласына қажетті сапалы мамандарды даярлау ісіне сәттілік тіледі.

Келесі нысан Қазалы темірбетон бұйымдарын дайындау зауыты болды. Республиканың әр түкпірінен темірбетон бұйымдарын дайындауға тапсырыс қабылдап отырған мекеменің директоры Сәбит Өтегенов зауыт жұмысымен таныстырды. Аудандағы темірбетон зауытының тарихы 1978 жылдан басталады. Қазіргі таңда зауыт негізінен аудандағы құрылыс нысандарын бетонмен қамтамасыз етуде. Одан бөлек, үй құрылысына қажетті құрылыс заттарынан бөлек жолға, көпірге қажетті темірбетон бұйымдарын дайындауда. Мекеме 2021 жылдың 1 тоқсанында құны 195,9 млн теңге болатын 14 мың текше метр бетон шығарды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз