Аудан әкімі тұрғындармен кездесті

717

0

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» Жарлығына сәйкес аудан әкімдерінің қараша айындағы ауылдық округ тұрғындарымен кездесуі жалғасуда.

Осыған орай, Қазалы ауданының әкімі Мұхтар Оразбаев Өркендеу, Бірлік және Аранды ауылдық округінің тұрғындарымен кездесіп, ұсыныс-пікірлерін тыңдады.

Басқосуда Мұхтар Әуесұлы алдымен ауданда атқарылған жұмыстарға қысқаша тоқталып, қол жеткізген жетістіктер мен алдағы мақсат-міндеттерді айтты.

Сонымен қатар, кезектен тыс Президент сайлауына бір кісідей қатысқан ауыл халқына алғысын айтып, ризашылығын білдірді.

Кезек ұсыныстарға келгенде Жанкент ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Өткелбай Жолмырзаев өз ой-пікірлерін айтып, республикалық тарихи ескерткіштердің қатарына кіретін Жанкент шаһары мен ауыл арасындағы жолдың екі бетін көгалдандыру, көшені асфальттау және елді мекендегі аяқ су мәселесін көтерді.

Бірлік ауылдық клубында өткен кездесуде де тұрғындар бірқатар мәселелерді аудан басшысының назарына жеткізді. Атап айтар болсақ, елді мекендегі электр желілері мен бағаналарын жаңалау, ауылға электрик штатын бөлу, ұялы байланыс желісін дұрыстау, Қазалыдан «Kaspi bank»бөлімшесін ашу және тағы басқа мәселелер жөнінде ұсыныс айтты.

Тұрғындармен кездесуден соң аудан әкімі Мұхтар Оразбаев Бірлік ауылындағы жаңадан салынған әкімдік ғимараттың ашылу салтанатына қатысып, халықтың қуанышына ортақтасты.

Аудан басшысы мұнан соң Қожабақы ауылына ат басын бұрып, ауылдық мәдениет үйінде тұрғындармен кездесті.

Кездесуде ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Тілек Махамашов елдімекенде атқарылып жатқан жұмыстарға байланысты аудан басшыларына алғысын айтса, өзге тұрғындар М.Еселбаева мен Б.Өтепов көшесін асфальттау, қаңғыбас иттерді аулау, ақылы қоғамдық жұмысқа орналасудың заңдылықтарын сұрады.

Тұрғындардың көтерген мәселесіне байланысты аудан әкімі Мұхтар Оразбаев жауап беріп, айтылған ұсыныстардың барлығын рет-ретімен шешу үшін жүйелі жұмыс жүргізілетіндігін тілге тиек етті.

Халықпен кездесуде аудан прокуроры Дарын Әбіш те сөз сөйлеп, елімізде алғаш рет прокуратура туралы заңға конституциялық мәртебе берілгенін жеткізді.

Тұрғындармен кездесуге аудандық мәслихат хатшысы Бақытжан Жарылқап, аудан прокуроры Дарын Әбіш, аудандық полиция бөлімінің бастығы Болат Кабизов, аудандық мәслихат депутаты Әбдуәли Рахметов, аудандық қоғамдық кеңес төрағасы Талайлы Бөріқұлақов және бірқатар дербес бөлім мен мекеме-кәсіпорын басшылары қатысты.

Кездесуден соң аудан әкімі Мұхтар Оразбаев пен аудан прокуроры Дарын Әбіш, аудандық полиция бөлімінің бастығы Болат Кабизов тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдап, ұсыныс-пікірлерін тыңдады.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<