Аудан жаңалықтары

303

0

Өтініштер шешімін табады

Қала әкімінің орынбасары Дінмұхаммед Исламов азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады.

Қабылдауға келушілер тұрғын үй мен коммуналдық мәселелерді көтерді. Сонымен қатар, көпбалалы аналар арнайы санат бойынша азық-түлік пен балалар киімімен қамтылуға қатысты талап-тілектерін жеткізді. Дінмұхаммед Аманұлы көтерілген мәселелерге қатысты зерделеу жұмыстары жүргізіліп, заң аясында шешілуіне қатысты тапсырмалар берілетінін жеткізді. Сондай-ақ, көпбалалы аналардың да өтініштері өз шешімін табатынын айтты.

Жаңа боулинг орталығы ашылады

Арал қаласында денешынықтыру-сауықтыру ғимаратының жанындағы бос тұрған учаскеге жеке инвестор тарту арқылы құны 250 млн теңге тұратын боулинг орталығының құрылысы салынбақ.

Бұл кешенде тұрғындар бос уақытын тиімді өткізеді. Алдағы уақытта қала аумағындағы өзге де бос орындарға жеке инвестор тарту арқылы жұмыс орындарын көбейту мақсатында жаңа нысандар салу жоспарлануда.

Еңбек адамдары құрметке бөленді

Р.Бағланова атындағы мәдениет орталығында қажырлы еңбекті қадірлеген жандардың құрметіне арналған салтанатты шара өтті. Аудан әкімі Мұхтар Оразбаев қалтқысыз қызмет етіп жүрген жандарға ыстық ықыласын жеткізді.

Қорғаныс саласында қызмет еткен Ауған соғысының ардагері Күмісбай Серікбайұлына «Қазалы ауданының құрметті азаматы» атағын, аудандық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау мекемесінде 37 жыл еңбек етіп, зейнет жасына жеткен Муаззам Рахметоваға «Қазалы ауданының құрмет грамотасын» табыстады.

Кеште әр салада еңбек ететін мамандарға облыс әкімінің, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының Алғыс хаты және аудан әкімінің арнайы дипломы берілді.

Екі ауылдағы кездесу

Апта басынан бері ауылдық округтердің тұрғындарымен есепті кездесу өткізген аудан әкімі Жандос Еркінбекұлы «ІІІ Интернационал», Дүр Оңғар ауылдарында болды.

Кездесулерде аудан басшысы есепті кезеңде ауданда атқарылған жұмыстарды баяндап, ауылдарға бөлініп жатқан қаражаттардың қандай мақсатта жұмсалып жатқанын айтты. «ІІІ Интернационал» ауылында құрылысы басталған спорт кешені, Астана көшесінің орташа жөндеу жұмыстары, электр желілерін жаңғырту және қосалқы станцияны кеңейту мен ауыл көшелеріне жол белгілерін орнату бойынша жұмыстарға тоқталды.

Дүр Оңғар ауылдық округі бойынша биылға 9 жоба мақұлданып, дәрігерлік амбулаторияның құрылысына, «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында спорт кешенін салуға қаржы бөлініп, жұмыстар  жүргізілуде.

Абаттандыру жұмысы бақылауда

Аудан әкімі Асқарбек Есжанов Жалағаш кентінің санитарлық тазалығы мен абаттандыру жұмыстары бойынша берілген тапсырмалардың орындалуымен танысты.

Ол кәсіптік нысандардың сыртқы жарнама тақтайшаларын жаңарту қажеттігін, қасбетін әрлеп, абаттандыру жұмыстарын қайта жасауды тапсырды. Сонымен қатар, Жалағаш кентіндегі жаяу жүргіншілер жолында тұрғындар қозғалысына кедергі келтіріп, ескерту белгісіне қарамастан тәртіп бұзған көліктерді автотұраққа қою қажеттігін айтты. Кент көшелеріне орналасқан балалар ойын алаңдары мен спорттық жабдықтардың сапасымен танысып, жөндеу қажет ететіндерін қайта қалпына келтіруді тапсырды.

Халықаралық турнир өтуде

Мемлекет және қоғам қайраткері Елеу Көшербаевты еске алуға арналған волейболдан XХIV халықаралық турнирдің салтанатты ашылуы өтті.

Дәстүрлі спорттық іс-шараға аудан әкімі Берік Сәрменбаев, аудандық мәслихат төрағасы Ержан Әжікенов, облыстық мәдениет және спорт басқармасы басшысының орынбасары Жігер Айекешов, ұрпақтары мен ағайын туыстары, аудан ардагерлері, спортшылар қатысты.

Бұл додаға Өзбекстан мемлекетінен және еліміздің әр өңірінен 30-ға жуық команда, яғни 350-ден астам спортшы  келген. Халықаралық турнир 24 қыркүйекке дейін жалғасады.

Ардагерлер балық аулап жарысты

Жыл сайын дәстүрлі түрде өткізіліп келе жатқан «Үздік балықшы» сайысына биыл 10-нан астам ардагер қатысуға ниет білдіріп, бақ сынады. Қатысушыларды қолдау үшін аудан әкімі Нұржан Ахатов сайыс өтетін орынға арнайы барды.

Нәтижесінде қармағына бірнеше балық ілінген ардагерлер жүлделі орындарға ие болып, алғыс хаттар мен балықшыға қажетті жабдықтармен марапатталды. Сондай-ақ, барлық қатысушыларға естелік сыйлықтар табыс етілді.

Мәдени нысан – ел игілігіне

Аудан әкімі Мұрат Тілеуімбетов «Жайылма» ауылы тұрғындарымен кездесті. Онда аудан басшысы ауызсу мен газ құбырын тарту мәселесі бойынша жүзеге асырылып жатқан істерден  хабардар етті.

Сонымен қатар құрылысы біткен жаңа клубтың алдағы айда Жаңақорған ауданының 95 жылдығы қарсаңында пайдалануға берілетінін де атап өтті.

Жиынға қатысқан ауыл тұрғындары ауылішілік көшелердегі жарық, жол және өзге де әлеуметтік маңызы бар мәселелер жөнінде ұсыныс-тілектерін білдірді. Тұрғындардың ұсыныс-пікірлері ескеріліп, жұмыстар заң аясында кезең-кезеңімен жүйелі түрде іске асырылады.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<