Аудан жаңалықтары

485

0

Көшпелі кеңес

«Qosyl» жастар орталығы Тасбөгет кентіндегі С.Майқанова атындағы мәдениет үйінде елді мекен тұрғындарына мемлекеттік бағдарламаларды кеңінен насихаттайтын көшпелі кеңес беру жұмыстарын жүргізді.

Тұрғындарға қалалық «Мансап» орталығы, кәсіпкерлік бөлімі, ауыл шаруашылығы бөлімі, «Отбасы» банкі және облыстық жастар денсаулығы орталығының мамандары кеңес берді.

Жеке қабылдау өтті

Аудан әкімі Серік Сермағамбетов тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдады. Азаматтар негізінен жұмысқа орналасу, тұрғын үй және денсаулық сақтау саласына қатысты мәселелермен жүгінді.

Қабылдауға келген әрбір тұрғынның мәселесін бақылауға алу аудан әкімінің жауапты орынбасарларына жүктелді. Айта кетейік, қабылдауға egov порталы, е-otinish бірыңғай базасы немесе әкімдікке келіп, жазбаша арыз беру арқылы жазылуға болады.

Биологтар тәжірибе алмасты

Аудан ұстаздары арасында биология пәнін меңгертуде STEM технологиясын пайдалану арқылы білім сапасын көтеру тақырыбындағы семинар өтті. Шараға облыстық оқу орталығының әдіскері Ж.Сыздықова, аудандық білім бөлімінің мамандары қатысты.

Жиында биология пәнінің мұғалімдері озат тәжірибе алмасу жолдарын талқыға салды. Семинар барысында 4 бөлімнен тұратын биокөрме, әдістемелік көрме, зертханалық жұмыс ұйымдастырылды.

Жыршы-жыраулар фестивалі

Сыр сүлейі Омар Шораяқұлының 145 жылдығына арналған облыстық жыршы-жыраулар фестивалі өтті. Онда мәдениет және спорт бөлімі басшысының міндетін атқарушы Нұрбол Мырзабаев қатысушыларға сәттілік тіледі. Ақынның ұрпақтары Сабытбек Жолмаханов, Серік Ыдырысов, Дәулет Тоқсанбаев лебіздерін білдірді.

Өнерпаздар жырау шығармаларын Сыр мақамдарымен нақышына келтіре орындады. Фестиваль соңында Қадыр жыраудың ұрпағы Тәшбай қария көпшілікке ақ батасын берді.

Құқық бұзушылық профилактикасы

Аудан әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандар және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссия тапсырмасына сәйкес аудан әкімінің орынбасары Ғани Сүлейменов, аудандық мәслихат депутаттары және жауапты сала басшылары адресті түрде түсіндірме жұмыстарын жүргізді.

Түнгі рейд барысында Жалағаш кенті бойынша тұрғын үйлерге, халық көп шоғырланатын орындар мен ойын-сауық орталықтарында нысан иелеріне заң талаптары түсіндірілді.

Портрет кеші

«Шаған» ауылдық модельді кітапханасында жазушы, драматург, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Оралхан Бөкейдің туғанына 80 жыл толуына орай «Алтайдың асқақ жыршысы» атты портрет кеші өтті.

Кітапхана оқырмандары қатысқан шарада жазушының өмірі мен шығармашылығы таныстырылды. «Шығыстан жарқырап шыққан жұлдыз» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды.

2400 көшет отырғызылды

Аудан әкімдігінің бастамасымен кент, ауылдық округтер, елді мекендердің барлығы ағаш отырғызуға қатысып, 2400 дана күзгі көшет отырғызылды.

Аудан көлеміндегі шараға барлық мекеме қызметкерлері атсалысып, бөлінген аумақтарда тазалық жұмыстарын қарқынды жүргізуде. Шара санитарлық жағдайды жақсартуға бағытталған.

Ұстаз атындағы сынып ашылды

Аудан орталығындағы С.Сапарбеков атындағы №125 орта мектепте ұлағатты ұстаз, Қазақ КСР Оқу ісінің үздігі, «Күміс алқа» иегері, ауданның Құрметті азаматы, қаламгер, ақын Хадиша Баязитова атындағы сынып ашылды.

Сыныптың лентасын қиюға ел ағалары Ибрагим Әбибуллаев, Нажмадин Мұсабаев, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Өмірсерік Тақырбасов қатысты. Сыныпты арнайы жабдықтап отыруды ұлағатты ұстаздың ұрпақтары міндетіне алды.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<