Аудандық ҚХА құрылым мүшелерімен кездесу өтті

443

0

Сурет: облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы

Бүгін Жалағаш ауданында «Қоғамдық келісім» КММ директорының орынбасары Дәулет Омаров, облыстық ҚХА жанындағы Ғылыми-сарапшылық тобының мүшесі, заң ғылымдарының магистрі Қуаныш Жарекеев аудан әкімдігі өкілдері, ҚХА құрылым мүшелерімен кездесті.

Кездесуді аудан әкімінің орынбасары Ғани Сүлейменов жүргізді.

– Елімізде этносаралық татулық пен келісімді сақтау үшін әрдайым орнықты саясат жүргізілуде. Бұл – мемлекетіміздің мызғымас ұстанымы. Ауданда қазір 254 этнос өкілі бар болса, олар жергілікті халықпен біте-қайнасып, түрлі салада еңбек етуде. Мәдени-көпшілік, спорттық шараларға қатысып, жеңімпаз атанып, аудан мерейін көтеріп жүргендер де аз емес. Қоғамдық-саяси тұрақтылықты қамтамасыз ету, мемлекеттік және азаматтық қоғам институттарының этносаралық қатынастар саласындағы өзара іс-қимылының тиімділігін арттыру бағытында Қазақстан халқы ассамблеясының атқарар рөлі зор. Бұл бағытта аймақ бойынша ауқымды жұмыстар жасалуда, – деді аудан әкімінің орынбасары.

Кездесу аясында ауылдағы этносаралық қатынастар жайлы және қоғамдық келісімді қалыптастыру бағытындағы атқарылған жұмыстар жайлы хабарламалар тыңдалды.

Мемлекет басшысы ҚХА-ның 32 сессиясында «Азаматтардың бірлігін, жалпыұлттық бірегейлікті және еліміздің этноәлеуметтік тұтастығын нығайту жөніндегі іргелі, тіпті қасиетті деп айтуға болатын міндеттерді жүзеге асырмайынша, мемлекеттің бірде-бір стратегиялық міндетінің орындалуы мүмкін емес екенін естен шығармаған жөн», – деген болатын.

Осы ретте «Қоғамдық келісім» КММ директорының орынбасары Дәулет Омаров Қазақстандық бірегейлік пен бірлік – ұрпақтан ұрпаққа үзілмей жалғасатын дүние. Ол әрбір қазақстандықтың тегіне, нәсіліне, дініне қарамастан өзінің тағдыры мен болашағын Қазақстанмен байланыстыруына негізделеді. Ортақ тарих, болашаққа деген жауапкершілік елімізді біртұтастыққа бастайтынын алға тартты.

Облыстық ҚХА жанындағы Ғылыми-сарапшылық тобының мүшесі, заң ғылымдарының магистрі Қуаныш Жарекеев, ауылдық Ақсақалдар кеңесі төрағасы, ауылдық Аналар кеңесі төрағасы сөз сөйлеп, толеранттылық, қоғамдық келісім мен саяси тұрақтылық жөнінде келелі ойларын ортаға салды.

Кездесу соңында қатысушылар тарапынан өнегелі ойлар мен құлақасар пікірлер айтылды. Жалпыұлттық бірлік пен қоғамдық келісімге байланысты бүгінгі күні туындап жатқан мәселелерді талқылау, оларды шешу жолдары ұсынылды.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<