Азияда үздік атанды

802

0

«QS Asia University Rankings – 2023» рейтингінде Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті Азияның үздік жоғары оқу орындары қатарына енді. Оны британдық Quacquarelli Symonds (QS) компаниясы өткізді.

Биыл рейтингке 23 елдің 760 университеті енді. Олардың қатарында Қытай, Жапония, Оңтүстік Корея, Тайвань, Гонконг, АӘА, Сингапур, Пәкістан, Иран, Үндістан, Малайзия, Вьетнам, Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан және т. б. елдердің оқу орындары бар.

Нәтижесінде Азияның ең үздік 100 университеті қатарына еліміздің екі университеті кіріп, Қазақстан Орталық Азиядағы жетекші жоғары білім беру жүйесіне айналды. Сонымен қатар, Қазақстан – Орталық Азияның басқа елдері арасында университеті ең көп ұсынылған ел. Бұған еліміз бойынша 32 жоғары оқу орны енді.

Университеттердің академиялық білім беру сапасы, жұмыс берушілер арасындағы беделі, ғылыми-педагогикалық құрам мен студенттердің арақатынасы, бір қызметкерге шаққандағы жарияланымдар саны, халықаралық ғылыми байланыстар бойынша көрсеткіштері сараланды. Сондай-ақ, университеттің интернеттегі имиджі, PhD дәрежесі бар қызметкерлердің үлесі, бір мақаладағы дәйексөздер саны, шетелдік қызметкерлер және шетелдік студенттер үлесі де ескерілді.

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің Asia Rankings әлемдік рейтингіне енуі – қазақстандық жоғары оқу орындары арасында да, әлемдік білім беру кеңістігінде де университеттің бәсекеге қабілеті мен имиджін нығайтады. Айта кетейік, 2019-2020 оқу жылымен салыстырғанда университетте білім алушылар саны 70%-ға артып, 9014 адамды құрады.

Бүгінде білім ордасында 5 институт, 24 кафедра, 5 ғылыми орталық қызмет етеді. Жалпы, профессор-оқытушылар құрамы 560 адамды құрайды. Оның ішінде 22 ғылым докторы, 176 ғылым кандидаты, 37 философия докторы (PhD) бар.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<