Байқоңырдың мәселелері бақылауда тұр

524

0

Сейсенбіде облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қатысуымен Байқоңыр қаласының мәселелері бойынша мәжіліс өтті. Мәжілісте шаһардың әлеуметтік-экономикалық дамуы, ондағы қоғамдық-саяси ахуал жан-жақты талқыланды.

Байқоңыр Мемлекет басшысы мен Үкіметтің тікелей бақылауында. Облыс басшысы қаладағы қоғамдық-саяси жағдайға тікелей әсерін тигізетін және жедел әрі уақытылы шешуді талап ететін азаматтардың тыныс-тіршілігіне байланысты бірқатар жүйелі мәселелер бар екенін атап өтті.

– Тұрғындар көтерген өзекті мәселелерді Үкіметаралық комиссия шешіп келеді. Менің тапсырмама сәйкес құқық қорғау органдары басшыларының қатысуымен кездесулер, азаматтарды жеке қабылдаулар тұрақты түрде өткізілуде. Қала жалға берілгенімен, мемлекеттік мүліктің барлығы Қазақстан меншігінде. Сол себепті инженерлік инфрақұрылым мәселесіне Қазақстан Үкіметі ерекше көңіл бөліп отыр.

Осының нәтижесінде қала толықтай газға қосылса, оған іргелес жатқан Төретам кенті мен Ақай елді мекені жыл соңына дейін «көгілдір отын» игілігін көре алады.

Алдағы жылдары да жобаларды жүзеге асыру жоспарлануда. 2024 жылы Байқоңыр қаласында кәріз жүйелерін және су құбырларын қайта жаңғырту жобасы іске асырылады. Бұдан бөлек, электр және жылу жүйелерінің 75 пайызы ескірген. Олардың жағдайына зерттеу жүргізіп, қайта жаңғырту бойынша ұсыныстар енгізілуі тиіс. Сонымен қатар, қаладағы 351 көпқабатты үйдің ішкі инженерлік жүйелері де назардан тыс қалмау қажет, – деді Нұрлыбек Машбекұлы.

Облыс әкімінің орынбасары, ҚР Президентінің «Байқоңыр» кешеніндегі арнаулы өкілі Қайрат Нұртай атқарылған жұмыстар мен алдағы міндеттер жайында айтып берді.

 Бүгінде Байқоңыр қаласында 57 мың адам тұрады. Оның 41 мыңы – қазақстандықтар.  Бұл шамамен 71% пайызды құрайды.

Кейінгі жылдары Қазақстан тарапының Байқоңыр қаласының дамуына қосқан үлесі артып келеді. Атап айтқанда, аурухана, мектеп, балабақша салынды. Байқоңыр қаласының бас жоспарына сәйкес 2019 жылы «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы бойынша бес 50 пәтерлі тұрғын үй бой көтерді. 2021 жылы ол жалғасын тауып, қазір мұнда  тағы 50 пәтерлі бес тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Сондай-ақ, 2021 жылы Байқоңыр қаласындағы сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін қайта реконструкциялау, су бұру нысанының құрылысы толық жүргізіліп, кәріз жүйесі жаңғыртылды.

Алдағы уақытта Байқоңыр қаласының бас жоспарына сәйкес тұрғын үй құрылысын жалғастыру және әлеуметтік нысандар салу бағытында жұмыстар жүргізу жоспарланып отыр. Қалада 12 мектеп және 15 балабақша бар. Оның ішінде 5 мектеп (5 242 оқушы) және 3 балабақша (685 бала тәрбиеленуде) қазақстандық білім беру стандарты бойынша жұмыс істейді. Облыс басшылығының қолдауымен ҚР Оқу-ағарту министрлігі «Қызылорда облысы Байқоңыр қаласының 2023-2026 жылдарға арналған білім беру жүйесін дамыту бойынша жол картасын» қабылдады. Жол картасында жалпы 29 іс-шара бекітілген. Атап айтқанда, олардың қатарында Байқоңыр қаласында білім бөлімін, балабақша, қосымша білім беру орталығын ашу, 600 орындық мектеп салу секілді мәселелер бар. Қалада мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының санын арттыру мақсатында 2 нысан жалдан шығарылған, – деді Қайрат Ырзақұлұлы.

Мемлекетаралық келісімге сәйкес, Байқоңыр қаласында қазақстандық және ресейлік медициналық ұйымдар қызмет көрсетеді. 2016 жылдан бері Байқоңыр қаласының көпбейінді ауруханасы ашылды. Десе де, кейбір мамандардың, медициналық жабдықтардың жетіспеушілігі байқалып отыр. Оған қоса емдеу орнында перзентхана, туберкулезден емдеу, инфекциялық бөлімшелер жоқ.

Байқоңыр қаласы әкімшілігімен бірлескен бұқаралық-спорттық, мерекелік шаралар өтуде. Қазан айында «Қызылорда» телеарнасының меншікті тілшілері жұмысын бастады.

Сондай-ақ, мәжілісте облыстық білім, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт, қоғамдық даму басқармалары, Қармақшы ауданының әкімі Жандос Еркінбек Байқоңыр қаласындағы кейбір түйткілді мәселелерді шешу бойынша атқарылып жатқан жұмыс барысын баяндады.

Жиын нәтижесінде Байқоңыр қаласының инженерлік инфрақұрылым желілерін жаңғырту, тұрғын үй құрылысын жалғастыру және әлеуметтік нысандарды салу, қазақстандық стандартқа сай мектепке дейінгі біліммен қамтитын екі балабақшаны іске қосу және медициналық ұйымдарды қажетті мамандармен, құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету бойынша тапсырмалар берілді.

Оқу-ағарту, Спорт және туризм министрліктерімен бірлесіп, бірінші кезекте Байқоңыр қаласынан білім беру және спорт нысандарының (мектеп, оқушылар үйі) құрылысын жүргізуге назар аударылмақ. Қолданыстағы тәжірибені пайдаланып, жылу желілері мен электр жүйелерінің жағдайына зерттеу жүргізіп, қайта жаңғыртуға көңіл бөлінеді. Қаладағы 351 көпқабатты үйдің ішкі инженерлік жүйелері де назардан тыс қалмауы қажет. Бұдан бөлек, шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту – өзекті мәселе. Жалдан шығарылған ғимараттар кәсіпкерлік мақсатта пайдаланылуы керек.

Әділжан ҮМБЕТ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<