Бала тәрбиесіне қоғам жауапты

456

0

Фото: Сырдария ауданы әкімдігі

Бүгін аудан әкімі Берік Сәрменбаевтың төрағалығымен «Ұрпақ тәрбиесі – ұлт болашағы» тақырыбында кеңейтілген мәжіліс өтті. Бала тәрбиесі, жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатындағы мәжіліске Қызылорда облыстық білім басқармасының басшысы Асқарбек Есжанов, аудандық мәслихат төрағасы Ержан Әжікенов, аудан прукуроры Асқар Кемалов, облыстық, аудандық мәслихат депутаттары, зиялы қауым өкілдері, құқық қорғау органдары мен білім саласының қызметкерлері қатысты.

Басқосудың мәні мен маңызына тоқталған аудан басшысы бала тәрбиесіне қоғам жауапты екенін атап айтты.

– Мемлекет басшысы «Біз ұрпақ тәрбиесіне баса мән беріп, жастарды жақсылыққа жетелеуіміз керек. Бүгінгі интернет дәуірінде бұл оңай шаруа емес. Ашығын айтсақ, қазір жас ұрпақ әлеуметтік желі арқылы тәрбие алып жатыр. Баланы дұрыс бағытқа бұрып, жол көрсетіп отырмасақ, бұл – өте қауіпті үрдіс» деп атап өтті. Сондықтан қазіргі таңда ұрпақ тәрбиесіне аса жауапкершілікпен қарау қажет.
Бүгінгі күні қоғамның алдында тұрған басты міндеттердің бірі – оқушыларға сапалы білім мен саналы тәрбие беру, ұрпақ тәрбиесінде жауапкершілікті арттыру. Сондай-ақ, қылмыс пен құқық бұзушылықтың алдын алу, әсіресе кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстың өсуіне жол бермеу. Бұл аймақ басшысының алдымызға қойып отырған талабы екенін жақсы білесіздер. Осы бағытта «Ата-ана – ұстаз – қоғам» үштағаны бірлікте, үндестікте жұмыс жасауы қажет. Сапалы білім мен саналы тәрбиенің мәселелерін байыпты шешуде тек ұстаздарға ғана иек арту орынсыз. Ұрпақ тәрбиесінде отбасының, ата-аналардың жауапкершілігі өте маңызды.
Халқымызда «Ұлтыңды сақтаймын десең – қызыңды тәрбиеле, рухыңды сақтаймын десең – ұлыңды тәрбиеле» деген даналық сөз бар. Жаңа бастамалар кезеңіне аяқ басқан уақытта ұрпақ тәрбиесіне қатысты алдымызда ауқымды міндеттер тұр. Барлық шаралар жасөспірімдердің жан-жақты дамуына бағытталу керек. Өйткені, бала тәрбиесіне қатысты мәселе бір ғана саланың жұмысы емес, ол тұтас қоғамның, әрбір азаматтың қасиетті парызы, – деді Берік Әбдіғаппарұлы.

Тәрбиеге қатысты ауданда арнайы жұмысшы тобы құрылып, барлық мектептердегі жоғары сынып оқушыларына тәрбие, ұлттық құндылықтар, еліміздің патриоты болу, салауатты өмір салтын ұстану, бос уақытын тиімді пайдалану және жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтардың жауапкершілігі жөнінде түсіндірме жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, жасөспірімдердің беймезгіл уақытта жүрмеуін тұрақты түрде бақылау мақсатында апта сайын және мереке күндері зиялы қауым өкілдері, ардагер ұстаздар, ата-ана, полиция қызметкерлерімен бірлесіп, түнгі рейдтер ұйымдастырылуда.

Мәжілісте жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылық және оның алдын алу бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы аудандық полиция бөлімі бастығының міндетін атқарушы А.Оспанов, аудандық білім бөлімінің басшысы Б.Жәнібеков хабарлама жасады. Хабарламашылар оқушыларға құқық бұзушылықтардың жауапкершілігі, тәрбиелік мақсаттағы іс-шаралар өткізіліп жатқанын жеткізді.

Келелі басқосуда аудандық мәслихат төрағасы Е.Әжікенов, аудан прукуроры А.Кемалов және ата-аналар М.Елеусінов пен Ә.Искендирова бала тәрбиесінде ата-ананың рөлі, мұғалімнің және қоғамның ынтымақтастығы жөнінде пікірлерін білдірді. Тәрбие мәселесін тек ұстаздарға артып қоймай, бүгінде ата-ананың жауапкершілігін қарауды атап көрсетті.

Тәрбиеге келгенде ата-аналардың, қоғамның жауапкершілігін арттыруды облыстық білім басқармасының басшысы А.Есжанов та айтып, тәрбиенің негізі отбасынан басталатынын жеткізді. Бұл тұрғыда білім қызметкерлеріне екі есе жауапкершілік жүктелетінін тілге тиек етті.

Кеңейтілген мәжіліс барысында оқушылар арасында электронды темекіге әуестену, өз-өзіне қол жұмсау, ерте жүктілік, ойынқұмарлық, топтық төбелестер мен әлімжеттік жағдайлары жиі көрініс беріп жатқаны, ұрпақ тәрбиесіне гаджеттердің кері ықпалы айтылды.

Күн тәртібіндегі мәселе бойынша ауданы прокурорының орынбасары Ғ.Дүйсенбаев та хабарлама жасап, «Қылмыстық құқық бұзушылық профилактикасы аясында 2023 жылы атқарылған жұмыстар мен алға қойған міндеттерге» тоқталып өтті.

@Сырдария ауданы әкімінің баспасөз қызметі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<