Балалар мерейі үстем болған кеш

294

0

Жуырда №144 мектепте «Сыр жұлдызы» балабақшасының ән-би мамандарының біржылдық есеп беру концерті өтті. Кеште әртүрлі жанрдағы билер орындалып, осы балабақшада қызмет атқаратын белгілі композитор С.Шынымовтың бірнеше әндері шырқалды. Концертке кіші топ бүлдіршіндерінен бастап ересек топ тәрбиеленушілеріне дейін өнер көрсетті.

Әсіресе, Елбасы Н.Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы бойынша қойылған «Ұлы дала тарихына саяхат» мюзиклы концертке келген көрермендерге ерекше әсер сыйлады.

– Бұл есеп беру концерті біз үшін жылдық есеп қана емес, балаларымыздың, таланты мен өнерін көпшілікке паш ету еді, – деді жетекшілерінің бірі Гүлшат Сәрсенбаева.

Балабақша мамандары дайындаған өнерлі бүлдіршіндер бұған дейін де бірнеше байқауға қатысып, өнер биігінен көрініп келеді. Мәселен, өткен жылы «Қазақстан таланттары» республикалық байқауында «Хореография» номинациясы бойынша бас жүлдені иемденіп, халықаралық байқауға жолдама ұтып алды. Балабақша хореографы Мөлдір Тойбазарованың еңбегі еш кетпеді, Алматы қаласында өткен ІІ Халықаралық «Қазақстан таланттары» байқауында балалар аталған номинация бойынша жүлделі 1-орынды иемденді.  Сондай-ақ, сайыста бүлдіршіндер «Вокал», «Қолөнер», «Мәнерлеп оқу» номинациялары бойынша жүлделі орындардан көрінді. Ал, Нұр-Сұлтан қаласында өткен «Танцевальная фее­рия» би чемпионатында бүлдіршіндер гран-при иеленді.

Жалпы, жыл бойы жасалған жұмыстардың осындай концертпен қорытындылануы заңды-ақ. Мамандар мен тәрбие­шілердің бала жанының бағбандары екенін «Сыр жұлдызы» балабақшасының  педагогтары бұл кеште тағы бір дәлелдегендей болды.

«СБ» ақпарат.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<