Бас жүлде Аргентина құрамасына бұйырды

676

0

Катар жерінде өткен әлем чемпионаты мәресіне жетті. Дүбірлі доданың өту барысына жер-жаһандағы жанкүйерлер жоғары бағасын берді. Солай болатын жөні бар. Аталған мемлекет басшылығы аяқдоп аламанын лайықты деңгейде өткізуге көп күш жұмсады. Таяу Шығыс аймағында орналасқан шағын мемлекет ұйымдастырған футбол тойы осылайша әлем халқының есінде ерекше айшықтарымен жаңғырып қалды. Айта кетерлігі, бұл чемпионат тарихында тұңғыш мәрте  қыс мезгілінде өтті.

Жанкүйерлер ойындарды 5 қалада орналасқан 8 стадионда тамашалауға мүмкіндік алды. Катар дүбірлі доданы ұйымдастыруға өтініш берген уақытта елде небәрі бір стадион бар екен. Содан бері жаңадан 7 стадион бой көтеріп, 100-ден аса қонақүй мен қаншама шақырым жол салынды.

Төрт жыл бұрын Ресейдегі жарыста 1/8 финалда Франция Аргентинадан 4:3 есебімен басым түскен еді. Сол жолы франциялық жас жампоз Килиан Мбаппе қос голдың авторы атанды. Ол жолы Лионель Месси көзге түсе алмаған болатын.

Биылғы доп додасында екеуі де гол соғудан алдына жан салған жоқ. Кездесу басталғанда аргентиналық футболшылардың басымдығы байқалып тұрды. Ойынның  21-минутында сол қанаттан айып алаңына екпіндей кірген Анхель Ди Марияны франциялық Усман Дембеле шалып құлатты. Төреші 23-минутта белгілеген пенальтиді Лионель Месси мүлтіксіз орындады. Содан кейін 36-минутта Месси асырған допты Ди Марияға голға айналдырды.

Екінші кезеңнің 79-минутында аргентиналық Николас Отаменди Рэндал Коло Муаниге қарсы ойын тәртібін бұзды. Нәтижесінде 80-минутта белгіленген пенальтиді Килиан Мбаппе құр жіберген жоқ. Іле-шала Коло Муаниден пас алған Мбаппе таразы басын теңестіріп үлгерді.

Осылайша негізгі кезеңде 2:2 есебі тіркелді. Қосымша кезеңнің 109-минутында Лионель Месси  тағы бір мәрте гол соқты. Ал 118-минутта К.Мбаппе пенальтиден допты тағы да торда тулатты. Осылайша ойын 3:3 есебімен тең аяқталды. Пенальти сериясында Францияны 4:2 есебімен жеңген Аргентина өз тарихында үшінші рет Әлем чемпионы атанды.

Килиан Мбаппе жеті ойында 8 гол соғып, Әлем чемпионатының үздік сұрмергені атанды. Ол топтық кезеңде Австралияға (4:1) бір, Данияға (2:1) екі гол соқты. Ал 1/8 финалда Польшамен (2:1) кездесуде екі мәрте мергендік танытты. Сондай-ақ,  финалда Аргентинамен кездесуінде оны үш голмен толықтырды. Осылайша сұрмергендер көшінде сегіз голмен жеке-дара көш бастады. Тағы айта кетерлігі, ол Әлем чемпионаты тарихында финалда хет-трик авторы атанған екінші футболшы болды. Бұдан бұрын англиялық Джефф Херст 1966 жылы финалда ФРГ құрамасына қарсы ойында хет-триктің авторы атанып, сол жолы Англия әзірге жалғыз мәрте чемпион болған еді.

Ал Лионель Месси өз спорттық жолында екінші рет Әлем біріншілігінің үздік ойыншысы атанып отыр. Бұдан бұрын 2014 жылғы чемпионатта да ол үздік ойыншы болған еді.

Катарда өткен чемпионат қорытындысында аргентиналықтар Эмилиано Мартинес – үздік қақпашы, 22 жастағы Энцо Фернандес – үздік жас ойыншы, франциялық Килиан Мбаппе үздік сұрмерген атанды.

Сондай-ақ, 3-орын үшін Хорватия мен Марокко құрамалары кездесті. Хорватиялық футболшы Йошко Гвардиол 7-минутта әуелеп келген допты баспен қақпаға соқты. Арада көп ұзамай марокколық құрама таразы басын теңестіріп үлгерді. Ойынның 9-минутында Ашраф Дари мергендік танытты. Ал 42-минутта Мислав Оршичтің соққан добы Хорватияға жеңіс алып келді. Осылайша Хорватия қарсыласынан 2:1 есебімен басым түсіп, қола жүлдеге қол жеткізді.

Енді 2026 жылғы футболдан Әлем чемпионатын АҚШ, Мексика, Канада мемлекеттері бірлескен түрде өткізеді.

Әділжан ҮМБЕТ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<