Білікті ұстаздар еңбегі бағаланады

1088

1

Өңірде ұстаздардың кәсіби қызметін бағалап, мәртебесін арттыру бағытында 10 үздік ұстазға ерекше төсбелгі, 10 ұстазға қаржылай сыйақы (300 АЕК мөлшерінде) берілетін болады. Төсбелгіні білім беру саласына айрықша еңбегі сіңген, республикалық конкурстардың жеңімпазы атанып, озат шәкірттер тәрбиелеген ұстаздар иемдене алады.

– Конкурс ашық түрде ұйым­дас­тырылады, яғни, жеңімпаздарды азаматтық қоғам өкілдері мен журналистерден, сондай-ақ, арнайы мониторингтік топтың мүшелерінен жасақталған комиссия  анықтайды. Байқау 3 кезеңнен тұрады. Бірінші, мектеп ішіндегі педагогикалық кеңестің шешімін алады. Екінші кезекте, аудандық немесе қалалық білім бөлімінің комиссиясынан өтеді. Үшінші кезеңде білім басқармасы арқылы іріктеуге алынады, яғни қажетті құжаттарды ұсыну қажет. Комиссия шешімімен жеңіске жеткен ұстаз жыл қорытындысы негізінде облыс әкімінің арнайы қатысуымен өтетін жиын­да марапатталады, – деді облыстық білім басқармасының басшысы Ақзира Қасымова.

Айта кетейік, үздік ұстаздарға «Қызыл­орда облысының білім беру саласын дамытудағы еңбегі үшін» арнайы медалі алғаш рет берілгелі отыр. Бұдан бөлек, шәкірт тәрбиелеуде шығармашылық ізденіспен еңбек ететін білікті ұстаздар үшін 300 айлық есептік көрсеткіш мөлшеріндегі  қаржылай сыйақының тағайындалуы салада бәсекелестікті  арттырады.

Ол үшін білім беру ұйымдарында кемінде 5 жыл педагогикалық өтілі, соңғы 5 жыл көлемінде педагогикадағы жетістіктері болуы керек. Кәсіби конкурстарға қатысуы, оқушыларының жетістіктері, ғылыми әдістемелік еңбектері, сондай-ақ, қоғамдық негіздегі жұмыстары назарға алынады.

Байқауға балабақша тәрбиешілері, мек­теп мұғалімдері, қосымша білім беру ұйымының педагогі, колледж ұстаздары қатысып, бағын сынай алады.

 «СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<