Білім саласы тәжірибе алаңы ма?

763

0

Біз де бала болдық. Оқуға құштар болдық. Айтқандай, қазір «Оқуға құштар мектеп» деген арнайы бағдарлама бар. Ал біз ешқандай қосымша бағдарламасыз-ақ оқуға құштар болдық. Иә, бастауышта сабақ берген апайларымыз бізді қалай ынталандырды десеңізші?

Кәдімгі картон қағаздан қиып, 4-5 деген бағаларды түрлі-түсті етіп бірнешеуін дайындап әкелетін. Баламыз ғой, сол көрнекіліктерге қатты қызығамыз. Тіпті сабақты сол үшін жарыса оқимыз десем, өтірігі жоқ. Күндегі сабақтан төрт-бесеуін алып қайтсақ, бір аптада оның саны 20-25-ке жетеді. Бір-бірімізге көрсетіп мақтанамыз. Білімге деген бәсекелестікті арттырудың бұлдағы бір көрінісі еді. Бұл осыдан 40 жылдай бұрынғы мұғалімдердің әдіс-тәсілі. Қазір бағалау әдістері басқаша. Бірақ ол мұғалім үшін тиімді болғанымен, баланың көңіліне қонымды ма, жоқ па, оған мән беріп жатқан ешкім жоқ…

Еліміздегі білім беру бағдарламасы жыл сайын өзгеріске ұшырайды. Айталық, 2015–2020 жылдар аралығында білім берудің барлық деңгейлерінде бәсекеге қабілеттілікті арттыру үшін үш тілде білім беруді кезең-кезеңмен енгізу бағытында арнайы жол картасы әзірленгені белгілі.

«Әліппені» жоғалтып, қайта қауыштық

Еліміздің білім саласы жылда жаңа реформа жасайды десек артық айтпаған болар едік. Мұның сала мамандарына қаншалықты әсер ететінін білмедік, бірақ балаларға оңай болмайтыны анық.

Айталық, 2016-2017 оқу жылы Білім және ғылым министрі Е.Сағадиевтің бастамасымен 1-сынып оқушыларына арналған білім берудің жаңартылған стандарты қабылданып, олар үш тілде білім алуға көшті. Сондай-ақ, 1-сыныптың бiрыңғай оқу-әдiстемелiк бағдарламасы да өзгеріске ұшырап, «Әліппенің» орнына «Сауат ашу» пәні енгізілді. Одан бөлек, «жаратылыстану», «көркем еңбек» сияқты пәндер енді.

Алғашқы кезде жаңа бағдарламаға екінші, бесінші, жетінші сынып оқушылары көшірілді. Ал 2019 жылдан бастап еліміздегі мектептер түгел үштілді білім беру жүйесіне ауысты. Алайда, министрдің бұл бастамасын халық аса қолдай қоймады. «Сауат ашу» сабағы да сынның астында қалды.

Хош, сонымен, 2021-2022 оқу жылында ҚР Білім және ғылым министрі А.Аймағанбетовтің бастамасымен бүлдіршіндер «Әліппемен» қайта қауышты. Көркем безендірілген, оқуға жеңіл «Әліппе», «Букварь» және «Ана тілі» кітаптары бүлдіршіндерге бөлек қуаныш сыйлаған еді.

Алдымен ана тілі ме, ағылшын тілі ме?

Жоғарыда айтып өткеніміздей, білім берудің жаңа стандартына сәйкес ағылшын тілін меңгерген мектеп жасына дейінгі балалардың үлесі 2015 жылы 7 пайыз, 2020 жылы  30 пайызға жетуі тиіс, ал  қазақ, орыс және ағылшын тілдерін меңгерген мектеп бітіруші оқушылардың үлесі 2020  жылы  90 пайызды құрауы қажет болатын. Сондай-ақ, 2015 жылы үш тілде білім беретін мектептер саны  100-ден астам болса, 2020 жылы 700-ге жетуі міндеттелген еді. Айта кетейік, бұл осыған дейін Білім және ғылым министрлігіне басшылық еткен Е.Сағадиевтің бастамасы болатын. Осылайша бастауыш сыныптардан, тіпті балабақшадан ағылшын тілін оқыту қолға алынды. Бөркімізді аспанға атып қуандық. Бірақ оның ар жағында баланың әлі дұрыс толықпаған миына қаншама салмақ түсетінін ойламадық. Бағдарлама қолға алынды. Балада еш жазық жоқ, мұғалімнің (тәрбиешінің) үйреткенін қалт жібермей қағып алады. Алайда ана тілін толық меңгермеген бала үшін бұл шынында едәуір ауыр талап еді. Неге десеңіз, балабақша табалдырығындағы тілі әлі дұрыс шыға қоймаған бала  ағылшын тілін шама-шарқынша үйренгенімен, ана тілін шала-шарпы білген күйі қалды. Иә, «қазақ тілін онсыз да біледі ғой» деген түсінікпен ана тіліміз екінші орынға ығыстырылған еді… Әрі-бері әурелеп көріп едік, бұл әдіс болмайды екен. Сонымен, бағдарламаны қайтадан қарауға тура келді.

Енді 2022-2023 оқу жылындағы өзгерістерге сәйкес «Шетел тілі» және «Орыс тілі пәндері бірінші сыныпта (балабақшада) оқытылмайтын болды. Нақтырақ айтсақ, қазақ тілінде оқытатын мектептерде 1-сыныптан бастап тек қазақ тілі, ал орыс тілінде оқытатын мектептерде қазақ және орыс тілдері оқытылады. Сонымен қатар, қазақ тілінде оқытатын мектептерде орыс тілін 2-сыныптан, ағылшын тілін тек үшінші сыныптан бастап оқыту қолға алынды. Мұны мұғалім де, ата-ана да құптады.

«Соңғы қоңыраудың» сарсаңы, яғни, 36 апта оқу…

 Биылғы оқу жылының ұзақтығы бұрынғыдай 34 оқу аптасын емес, 36 аптаны құрады. Білім және ғылым министрлігі осылай бекітті.

Сала басшыларының айтуынша, бұл өзгеріс оқу материалын бекітуге және пысықтауға арналған уақытты ұлғайтуға, балаға күніне жүктемені 7-8 сабақтан 5-6 сабаққа дейін қысқартуға мүмкіндік береді. Балалар қосымша білім алып, сабақтан тыс уақытты тиімді пайдаланады. Осылайша барлық мектептер, оның ішінде лицейлер, гимназиялар, мамандандырылған мектептер де бес күндік оқу аптасына ауысты.

Сонымен, кем дегенде, елу жылдан бері 25 мамырда соғылатын «Соңғы қоңырау» биыл 1 маусымда соғылды. Өйткені барлық білім беру ұйымдарында сабақ 31 мамыр күні аяқталды. Айта кетейік, бұл – (31 мамыр) елімізде саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні. Ал «Соңғы қоңырау» салтанатын атап өткен 1 маусым болса, Халықаралық балаларды қорғау күні. Көріп отырғанымыздай, жылына бір келетін мерекесін тойлайтын кезде балалар мектептен ұзай алмай жүрді…

Оқу-ағарту министрі Ғ.Бейсембаевтің отандық телеарналарға берген сұхбатында осы мәселе жайында сөз қозғалды.

Министрдің айтуынша, бұл кешелі-бүгін қабылданған шешім емес. Пандемиядан кейін білім берудегі олқылықтар туралы көп мәселе көтерілген. Сонда қабылданған шешімнің бірі – әлемдік тәжірибелерге сүйене отырып, 5 күндік оқуға көшу болатын. Ал бес күндік оқуға көшкенде 36 апта оқу 34 апта болып қысқаратындықтан, сабақтың аяқталуы 31 мамырға дейін ұзартылды. Себебі, жаңа өзгеріске сәйкес күндік, апталық жүктеме көбейетіні белгілі. Сондықтан аталған өзгерісті қабылдау барысында білікті сарапшылар, арнайы жұмысшы тобы әбден зерттеп, зерделеген.

–Дегенмен бұл мәселе қоғамда қызу талқыға түсті. Қазақтың сөзі бар, «шымшық сойса да қасапшы сойсын» деген, яғни, алдағы уақытта мәселені біржақты шешуді де сарапшылардың құзырына қалдырамыз,– деді министр. Сонымен қатар, ол мұғалімдерді аттестациялауға қатысты талаптардың да біршама өзгеретінін айтты.

«Kundelik.kz» кім үшін?

Бұрын мұғалімдер әр сабақта оқушылардың дайындығын бағалап, журналға белгілейтін және оны оқушының жеке күнделігіне қойып беретін. Мұның жақсы жері –  ата-ана күнде болмағанмен, апта сайын балаларының күнделігін тексеріп, астыңғы жағындағы арнайы тұсына міндетті түрде қолын қойып отыратын. Тағы бір тиімділігі, бұл жағдайда баланың да жауапкершілігі бар еді. Айталық, күнделігіне төмен баға түсірмеуге тырысатын. Оқу үлгерімі немесе тәртібі бойынша ата-анасынан сөз естімеуге барын салатын.

Ал қазір ше? «Kundelik.kz» деген жаңалық енді. Бұл жердегі бірінші мәселе, қала орталығында болмаса, ауылдық жерде интернеттің деңгейі қандай екені бәрімізге белгілі. Оны қойыңызшы, сол «Kundelik.kz» арқылы баласының оқу үлгерімін бақылап отыратын ата-ана санаулы ғана шығар… Тіпті ұзақты күн қолынан телефоны түспейтін балаңызды да күнделікті бағасын қарап, соған сәйкес дайындалып жүр деп айта алмайсыз. Тек оқу үлгерімі жоғары, үздіктер қатарындағы оқушылар қарайтын болуы керек.

«Kundelik.kz» базасында оқушының бағасы 1-10 балл аралығында есептелсе, қорытынды бағалауда 5-ке дейінгі балл аралығында қойылады екен. Айта кетейік, жаңартылған оқу бағдарламасына сәйкес «Kundelik.kz» арқылы бағалауда 2 қойылмайды. Оның бір себебі, өркениетті елдердің үлгісі десек, екішіден, жалпы білім сапасының көрсеткішіне әсер ететінінде болып тұрған сияқты… Білуімізше, мұғалімдердің еңбекақысы да осы «Kundelik.kz» электронды журналының толтыруына қарай есептеледі екен.

Мысалы, ағылшын тілінен сабақты 5-ке үлгеріп тұрған оқушының қазақ тілінен 4 болуы ақылға сыя ма? Иә, осындай кереғарлық кездесіп жатады. Неге? Өйткені оқушы өзінің қай сабақтан қандай баға алып жүргенінен бейхабар. Ең болмаса, ата-ана алдын ала білсе, баласына талап қойып қорытынды бағасын дұрыстауын қадағалар еді. Ал мұғалімнің оған мұршасы жоқ. Өйткені өзінен талап етілетін қат-қабат есептіліктерді уақытылы тапсыруы керек. Бір сөзбен айтқанда, «Kundelik.kz» тек мұғалім және мектеп әкімшілігі, сосын саланың ортақ базасы үшін қажет шығар? Ата-ана мен оқушының оны қарауға аса құлқы жоқ екенін несіне жасырамыз?..

Бітіруші түлектер бес емтихан, екі ҰБТ тапсырады

Биылғы бітіруші түлектердің бейнеті бес батпан. Олай демеске шарамыз жоқ. Мысалы, олар сабақты 31 мамырда аяқтады. Ал қазақ тілі (жазбаша), алгебра және анализ бастамалары (жазбаша), Қазақстан тарихы (ауызша), орыс тілі (жазбаша) және екі таңдау пәнінен, яғни, бес сабақтан емтихан тапсырады. Сондай-ақ, маусым айының бас жағында бірінші ҰБТ тапсырса, 23-не екінші рет тапсырады. Әрине, бұл оқушылар үшін жасалып отырған мүмкіндік екенін  айта кеткеніміз жөн. Өйткені бітіруші түлек сол екі мәрте тапсырған ҰБТ-ның жоғары бағасын пайдаланады. Дегенмен қарапайым логикаға салсақ, екі мәрте ҰБТ тапсыратын оқушыға бес сабақтан емтихан тапсырудың қажеті бар ма? Осы бес сабақтан алынатын емтиханды  ҰБТ сынағына енгізуге болмай ма? Бұл – бір мәселе, екіншісі – емтихандағы тапсырмалардың күрделілігі.

Алғашқы емтихан – қазақ тілінен берілген тапсырмада мәтін үзіндісін оқып, сұрақтарға жауап беру міндеттелген. Бұл мәтінді маған бір ата-ана жолдапты. «Не деген тапсырма, оқушыға осының қажеті бар ма?» дейді ол. Сол берілген мәтіннен үзінді келтіріп көрейік, «…Қатыгездікпен, мәдениетсіздікпен өмір сүрген елдердің өркениеті дамымайды. Аристотель, Сократ өмір сүрген антиктік мәдениет тағылықтың әсерінен құлдырап, формализм тәсілі азайған  болатын. Өркениеті мықты дамыған елдер жалқаулық, еліктеушілік және надандық салдарынан тағылыққа бой ұрады. Энгельс, Моргандардың кезеңі түсініксіз тілде сөйлейтін, қатыгез қоғамға айналды, дегенмен көзі ашық жазушы, музыканттардың ықпалымен мәдениетін қалпына келтірді.»

Мына мәтінге қарап, мектепті әлеуметтанушылар немесе саясаттанушылар бітіріп жатыр ма дейсің… Ал алгебра және анализ бастамалары пәнінен 27 есеп берілген екен.  Бұл жерде де логикаға салсақ, баланың бәрі математик болмайды, бір сыныпта әрі кетсе 5-6 оқушы бұл сабақты жақсы игеруі мүмкін. Басқа оқушылар математикаға қабілетсіз болғанымен, гуманитарлық пәндерге, шығармашылыққа бейім болуы мүмкін. Мұны да ескерген жөн еді… Әлі үш сабақтан емтихан бар, бастысы, балаларға төзімділік берсін. Айта кетейік, қазір грантқа түсу бәсекеге айналды. Ата-ана мектеп бітіруші баласын ақылы түрде қосымша оқытады. Одан бөлек, оқушы апта сайын ақылы сынама тест тапсырады. Қарап отырсақ, баланың миына дамыл жоқ. Ата-ананың шығындаған ақшасын айтпай-ақ қояйық. Осындай агрессиялық мінездің пайда болуынан «грантқа түсе алмадым» деп түрлі жағдайға душар болып жатқандар бар, оны қалай жасырамыз? Расында, ата-аналардың айтуынша, жыл бойы бас көтермей дайындықта жүрген оқушылардың мінезінде сабырсыздық, ашуланшақтық байқалған. Сондай-ақ, тамаққа тәбеті азайып, ұйқының бұзылуы орын алған.

Біздің мақсатымыз – пікір білдіру, ата-ананың айтпағын жеткізу, қоғам талқысына ұсыну. Кім білсін, келер жылы бұл талаптар тағы да өзгеретін шығар?.. Білуімізше, білім саласына эксперимент жасау түк емес, алайда одан зардап шегетін балаларды аяйсың…

Ғазиза ӘБІЛДА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<