Білімдегі бірегей бетбұрыс

419

0

Білім бағдаршамы ұлтты адастырған емес. Тиісінше жол сілтеп келеді. Осы құндылықтың құнын түсірмей, насихаттау жолында тамыз кеңесінің маңызы зор. Бұл жолы ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенованың қатысуымен білім беру қызметкерлерінің республикалық тамыз кеңесінің пленарлық отырысы өтті.

Биыл республикалық тамыз кеңесі жаңа форматта жүргізілді. 20 аймақтың барлығы тақырыптық бағыттарға бөлінді. Бірінші күні 12 мыңнан астам педагог-тәжірибешілер, сарапшылар, білім беру және психология саласындағы мамандар мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік, қосымша, инклюзивті білім берудің, балалардың құқықтарын қорғаудың және білім беру сапасын қамтамасыз етудің ең өзекті мәселелерін талқылады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев білім саласы қызметкерлерінің республикалық тамыз кеңесіне қатысушыларға құттықтау жолдады. Президент құттықтауын Премьер-министрдің орынбасары – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова оқып берді.

«Жаңа оқу жылы қарсаңында педагог мамандардың басын қосып, өскелең ұрпаққа білім, тәрбие беру мәселесіне қатысты алқалы жиын өткізу игі дәстүрге айналды. Бұл – еліміздің болашағына ықпал ететін маңызды басқосу. Сапалы білім беру – бәсекеге қабілетті, өркениетті ел болудың кепілі. Адамзат тарихындағы жетістіктің барлығы ілім-ғылымның жемісі екендігі сөзсіз. Сауатты ұрпақ өсіру арқылы ғана ұлттың жаңа сапасын қалыптастыра аламыз. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы «Мектептің жаны – мұғалім, мұғалім қандай болса, мектебі һәм сондай болмақшы» деген. Еліміздің ертеңі жас ұрпақтың білімді, еңбекқор әрі отаншыл болуына байланысты» делінген Мемлекет басшысының құттықтауында.

Жаңа шешім және жаңашылдық

Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев бүгінде Ұлттық платформа негізінде мұғалімдерді аттестациялау процесі автоматтандырылып жатқанын, сонымен қатар педагогика мен оқыту әдістемесі бойынша тестілеу алынып тасталғанын атап өтті.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша «Білім берудегі өзгерістердің 1000 көшбасшысы» жобасы әзірленуде. Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытуға кәсіби мамандарды тарту мақсатында осы жылдың қыркүйек айынан бастап тәрбиешілердің еңбекақысы 30 пайызға өседі.

Орта білім мазмұнын одан әрі жетілдіру жұмыстары жалғасуда. Алғаш рет ауылдық және шағын жинақты мектептерді қолдау жұмыстары қолға алынды. Мемлекет басшысының тапсырмаларын жүзеге асыру аясында инфрақұрылымды дамыту жұмыстары жүргізілуде. Биылдың өзінде 12 апатты және 29 үш ауысымды мектепті қысқарту мақсатында 132 мың оқушыға арналған 154 мектеп салынады. Келесі жылы «Жайлы мектеп» жобасы аясында 461 мың оқушыға арналған тағы 217 мектеп пайдалануға беріледі.

Басты байлық – балалар

Министрлік әкімдіктермен бірлесіп, өңірлерде білім беруді дамытудың Жол карталарын жасақтады. Мұнда білім жүйесінің барлық бағыттары, оның ішінде балалардың шығармашылық және зияткерлік әлеуетін дамыту, білім беру ұйымдарындағы сыбайлас жемқорлықпен күресу шаралары қамтылған.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша «Балалар кітапханасы» жобасы қолға алынып, оның аясында мектеп кітапханаларының қорын отандық және әлемдік әдебиеттің үздік туындыларымен толықтыру жоспарлануда.

Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету айрықша назарға алынды. Балалар қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін білім беру ұйымдарының 90%-ы ішкі істер органдарының жедел басқару орталықтарына қосылды, лицензияланған күзетпен қамтамасыз етілді және дабыл түймелерімен жабдықталды. Сондай-ақ, тағы бір маңызды шаралардың бірі – жаңа оқу жылында 1,5 миллионға жуық бастауыш сынып оқушыларын тегін ыстық тамақпен қамтамасыз ету қолға алынды.

Ал колледждерге шефтік қамқорлықты жүзеге асыру туралы 500 кәсіпорынмен келісімдер жасалды. Сонымен қатар колледж студенттерінің шәкіртақысы 1 қыркүйектен бастап 50%-ға, келесі жылы 100%-ға өседі.

Өңірдегі өнімді істер

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев өзгерістерге қадам басқан уақытта жас ұрпаққа сапалы білім беруде, тәрбиелеуде ұстаздардың ерен еңбегін, бала болашағы үшін атқарылған жұмыстардың ерекше екенін басқосуларда жиі айтады.

Осыған орай облыс әкімінің орынбасары Мейрамбек Шермағанбет өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте алдағы оқу жылына қатысты іс-шараларды бір пысықтап өтті.

– Алдағы жаңа оқу жылын 319 мектеп, 386 балабақша, 16 мемлекеттік колледжбен қатар жеке меншіктегі 453 балабақша, 24 жалпы орта білім беретін мектеп және 12 колледж бастағалы тұр. Бұл білім мекемелерінде жұмыс жасайтын барлық педагогикалық, техникалық қызметкерлер мен балалар біздің назарымыздан тыс қалмайды. Сондықтан түрлі деңгейдегі білім, спорт, шығармашылық және өнер бағытындағы байқауларға, сайыстар мен конкурстарға барлық балалар мен қызметкерлер бірдей қатыстырылады. Облыстық, қалалық және аудандық оқу-әдістемелік орталықтар тарапынан мемлекеттікпен қатар жекеменшік білім беру ұйымдары да әртүрлі бағыттағы әдістемелік көмектермен қамтылады.

Жаңа оқу жылында 180 мыңнан аса оқушы білім алады. Биыл бірінші сыныпқа 17543 бала қабылданды, – деді Мейрамбек Зинабдинұлы.

Мұнан бөлек, облыстық білім басқармасының баспасөз хатшысы Бекбол Қаратайұлы келтірген мәліметте мынадай деректер айтылады. 2023 жылдың соңына дейін 6700 оқушы орнын пайдалануға беру жоспарланып отыр. Оның ішінде 3 700 орын 1-қыркүйекте ашылады.

Мемлекет басшысының тапсырмаларын жүзеге асыру аясында инфрақұрылымды дамыту бойынша жұмыстар жүргізілуде. Үш ауысымды, апатты мектептер мәселесін шешу үшін 3000 орындық 5 жаңа мектеп пен 4 мектепке қосымша құрылыс ғимараты салынып, биыл пайдалануға беру жоспарлануда.

Білім мен ғылымға құйған қаржының қайтарымы мол. Сол үшін де Сыр елінде білім саласын дамытуға ерекше көңіл бөлініп отыр. Бұл игі істер жыл бойы жалғасын таба бермек.

Айдар САЙЛАУОВ,

«Сыр бойы»

*сурет ашық дереккөзден алынды

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<