Бір күнде 8,4 млн адамға вакцина салынды

87

0


Үндістан вакциналаудың жаңа кампаниясын бастады, бағдарламаның бірінші күні 8,4 миллион адам екпе алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Tribune India газетіне сілтеме жасап.


Үндістан – әлемдегі ең ірі вакцина өндірушілердің бірі. Алайда оның өзінің вакциналау бойынша кампаниясы баяу қарқынмен жүрді. Сондықтан ел билігі халықтың ересек бөлігінің барлығына коронавирусқа қарсы тегін вакцина салуды көздейтін жаңа саясат ендіруге шешім қабылдады. Оған сай, федералды үкімет елде өндірілетін вакциналардың 75 пайызын сатып алып, Үндістан штаттары арасында бөлетін болады. Денсаулық сақтау министрлігінің деректері бойынша, вакциналау бойынша жаңа стратегияның іске асырылуының бірінші күні Үндістанда вакцина алған азаматтардың рекордтық саны тіркелді – 8,4 миллион.

Бұл, сонымен қатар, елдегі вакциналау компаниясы басталғаннан бері бір күн ішінде салынған максималды доза болып отыр.

«Бүгінгі вакциналаудың рекордтық саны қуантып отыр. Вакцина – біздің COVID-19-бен күрестегі ең мықты қаруымыз. Екпе алдырған азаматтардың барлығын құттықтаймыз, сонымен қатар азаматтарды вакцинамен қамтамасыз ету мақсатында аянбай еңбек етіп жүрген майдангерлерге алғысымызды айтамыз», – деп жазды Үндістанның премьер-министрі Нарендра Моди Twitter-де. Соның өзінде қазіргі кезде Үндістан халқының 5-тен шамалы ғана жоғары пайызы вакцина алған, көптеген штаттарда вакцина тапшылығы сақталуда.

Сарапшылардың айтуынша, желтоқсанда 950 миллион адамға екпе салып үлгеру үшін күніне 10 миллион адам вакцина алып отыруы керек.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз