Бірлігіміз бекем болса, тірлігіміз түзу

310

0

Адамзат баласы ғасырлар бойы талай індетті басынан кешірген. Медицина дамымаған дәуірде сондай індеттерден миллиондаған адам құрбан болған. Өркениетке енген өмір көшінде жаппай таралатын жұқпалы кеселдердің жолын кесудің тиімді тәсілі табылды, ол – вакцинация. Төтенше дерттен құтылудың бірден бір жолы вакцинациялау екенін әлемдік тәжірибе дәлелдеді. Қазір Ресей, Америка, Қытай секілді алып елдер, бүкіл еуроодақ елдері вакцинациялау әрекетін жедел жүргізіп жатыр. Өйткені,  мемлекеттің тірегі халықты аман сақтау ең басты міндет болып отыр.

Әртүрлі алыпқашпа сөзге сенетін жұршылық тарапынан бұл араша түсу әрекетіне қарсылық білдіріп жүргендер де бар. Көпшілік мұны ақиқат тұрғысынан түсінуі тиіс, ақиқатында, вакцина дерттің бетін қайтару, елдің денсаулығын, қала берді тұтастығын сақтау үшін жасалады. Ғалымдар халықтың шамамен 70 пайызы осы медициналық екпеден өткен жағдайда қоғамдық иммунитет көтеріліп, кеселдің беті біржола қайтады деген нақты есепке жүгінеді.

Қазір елордалықтардың вакцина салдыру үшін медициналық мекемелерде 500 адамға дейін өшірет күтіп тұрғанын біліп отырмыз. Бұл олардың вакцина мәселесін дұрыс түсінгендігін көрсетеді. Сондықтан қазір адамдарға үйінде отырып, телефон арқылы кезекке тұрып, екпе салдыру мүмкіндігі қарастырылды.

Мен өзім 5 сәуір күні вакцина салдырдым, ешқандай  жайсыздықты сезінбедім, керісінше бойымда кеселді жеңеміз деген сенімділік пайда болды. Енді егудің екінші кезеңінен өтемін.

Халқымыз «бірлік бар жерде – тірлік бар», «бөлінгенді бөрі жейді» деген сияқты нақыл сөздерді бір күннің оқиғасынан шығарып айтпаған. Мұндай тәлімді сөздердің мыңжылдық мирас екені анық. Ендеше, жерлестерім, бірлігімізді сақтап, тірлігімізді түзейік, бөлініп «бөріге» жем болмайық дегім келеді.

Қылышбай БИСЕНОВ,

академик.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз