Болашағы бұлыңғыр алпауыттар немесе алғашқы антирекорд

629

0

Катардағы футбол бәсекесі жалғасуда. Апта басында плей-офф кезеңіне шыққан командалардың қатарына Португалия, Нидерланды мен Англия құрамалары қосылды. Бұған дейін доп додасының екінші турының нәтижесінде әлемдік гранттар саналатын Бразилия, Франция құрамалары келесі кезеңге аяқ басқан болатын. Алайда, чемпионат басталғанда көп үміт күткен Аргентина, Испания, Германия сияқты ұжымдардың болашағы әлі де бұлыңғыр. Қош. Кешегі күннің нәтижелерімен бөліселік.

Футболсүйер қауым үшін ең қызықты өткен матчтың бірі – Португалия мен Уругвай құрамалары арасында болды. Алғашқы кезеңді Гана құрамасын 3:2 есебімен тізе бүктірген португалиялықтар бұл турда Луис Суарес бастаған, Эдиньсон Кавани қостаған Уругвайды еш қиындықсыз ұтты. Есеп – 2:0. Тіпті биылғы маусымда ағылшындық Ливерпуль командасында жасындай жарқылдаған жас шабуылшы, уругвайлық Дарвин Нуньес те командасына көмектесе алмады. Бірінші таймда еуропалықтар допқа иелік еткенмен, мардымды ойын болмады. Керісінше, бірінші кезеңде мұхит асып келген латын америкалықтар қарсылас қақпасына жиі шабуыл ұйымдастырды. Тіпті соққылардың екі немесе үшеуі голға айналуға жақын қалды. Бірі қақпадан сәл қиыс кетсе, бірі қақпа маңдайшасына тиіп, кері серпілді. Олар ұйымдастырған ең қауіпті шабуылы жартылай қорғаушы Бентанкурдың шабуылы еді. Алайда португалдық қақпашымен бірге-бір қалған ол  қажетті  сәтте айласын асыра алмады. Соққысын қақпашы дер уақытында тосып үлгерді. Сөйтіп бірінші таймда жанкүйерлер гол көре алмады. Ойынның екінші бөлігінде «Еуропалық бразилиялықтар» шабуылды үдете түсті. Әсіресе, Роналду мен Жоау Фелиш жұбы Уругвай қорғаушыларын біраз әбігерге салды. Қос қапталдан жиі-жиі пас асырылды. Соның арқасында сол жақ қорғаушы Рафаель Герейродан допты алған Бруну Фернандеш 54-минутта матчтағы алғашқы голдың авторы атанды. Уругвай есе қайтаруға тырысып, тайлы-тұяғымен шабуылдаса да нәтиже шығара алмады. Төреші ойын соңында оңтүстік америкалық футболшының қақпа алдында қолмен ойнағанына байланысты Португалияның пайдасына пенальти белгіледі. Бұл жолы да Бруну Фернандеш қателеспеді. Ойын соңына дейін Уругвай гол соға алмай, бұл кездесуде жеңіліс тапты. Осылайша, екі ойында 6 ұпай жинаған Португалия плей-офф кезеңіне мерзімінен бұрын шыққан үшінші құрама атанды.

Айтпақшы, H тобында тағы бір керемет ойын өтті. Мұнда Оңтүстік Корея мен Гана құрамасы «Эдьюкейшн Сити» стадионында бақ сынасты. Әдемі ойын болғаны сонша, бірінші, екінші таймда да көрермендер голға қарық болды. Алайда, 3:2 есебімен Африкадан келген ұжым басымдық танытты. Маңызды үш ұпайды алуда жеңіс голын соққан Мұхаммад Куддустың еңбегі ерен. Ол бұл матчта екі гол соғып, дубль авторы атанды.

Айта кетейік, бұл топта басқа үш команданың да келесі кезеңге өтетін мүмкіндігі бар. Үшінші турда Гана мен Уругвай ойнаса, Оңтүстік Корея Португалиямен кездеседі.

Биылғы Әлем чемпионаты гранттардың ұтылып, аутсайдерлердің жеңіс тұғырынан көрінуімен ерекшеленуде. Мәселен, ФИФА рейтингінде Африка құрлығынан  келген Камерун құрамасы төменге жайғасқан. Алайда апта басында бұл құрама әдемі ойын өрнегін көрсетті. G тобының екінші турында Камерун мен Сербия құрамалары кездесті. Әуелгіде еуропалық ұжым басымдық танытып, қарсылас қақпасына 3 гол тоғытқан. Бірақ бұдан меселі қайтқан камерундықтар жоқ. Олар да голға голмен жауап қатты. «Әл-Жануб» стадионында өткен кездесу 3:3 есебімен тең аяқталды. Жекелеп айтсақ, бұрыштамадан асырылған допты Камерун құрамасының орталық қорғаушысы Жан Кастеллетто өз пайдасына шешіп, 29-минутта есеп ашты. Ал бірінші таймға қосылған алты минутта сербиялық Страхинья Павлович пен Сергей Милинкович-Савич қарсылас қапасынан саңылау тауып, сол аралықта екі гол соғып үлгерді.

Екінші кезеңде камерундықтардың таразы басын теңестіруге мүмкіндігі азайды. Өйткені, 51-минутта Сербияның негізгі сұрмергені Александар Митрович гол соғып, есепті еселеген еді. Алайда осыдан соң  камерундықтар да «үмітсіз шайтан» дегендей, алға ұмтыла берген. Сөйтіп ойынның 66-минутында есеп 3:3 болды. Оның бірінде Венсан Абубакар мергендігімен көзге түссе, Эрик Максим Шупо-Мотинг ойындағы соңғы голды соққан болатын.

Сөз басында айтқанымыздай, Бразилия топтық кезеңнен шығып қойды. Бірақ әрең шықты. Соған тоқталайықшы. Топтағы екінші матчта Бразилия Швейцариямен кездесті. Шыны керек, швейцариялықтар бұл матчта Бразилия құрамасының шабуылшыларын әбден әбігерге салды. Қанша шабуыл ұйымдастырғанмен бірінші таймда шын мықты анықталмады. Тек матчтың аяқталуына санаулы минут қалғанда «Манчестер Юнайтед» командасының жартылай қорғаушысы Каземиро гол соғып, командасын алға шығарды.

Сейсенбі күні В тобының 3-турында ағылшындар Уэльспен кездесті. Әуелгіде «Реал Мадридтің» аңыз ойыншысы Гарет Бэйл бастаған жігіттер Англия құрамасын біраз қыспаққа алғанын көрдік. Әсіресе, капитан ойнаған оң қапталдан тәуір шабуылдар ұйымдастырды. Бірақ соған қарамастан, ойынның бірінші бөлігінде есеп ашылған жоқ.

Ал екінші таймның басында «айдаһарлар» қарсылас қақпасына қатарынан жойқын екі соққы бағыттады. Алайда ағылшын қақпашысы жүрісінен жаңылмай, бірнеше рет сейф жасады. Ал 50-минутта қарымта шабуылға шыққан Маркус Рэшфорд матчтағы алғашқы голды соқты. Араға тура екі минут салып, жасыл алаңда жасындай жарқылдаған жас Фил Фоден есепті еселеді. Кейінгі бірнеше жылда клубтың да, ұлттық құраманың да сапында біраз сынға ілігіп жүрген Рэшфорд намысқа тырысты ма, әйтеуір, 68-минутта тағы да көзге түсіп, ойынның нүктесін қойды. Осы жеңістен соң Англия құрамасы 7 ұпай жинап, өз тобында бірінші орынмен плэй-офф кезеңіне жолдама алды. Ал Уэльс құрамасы бір ұпаймен соңғы орында қалды.

Айтпақшы, сенсация мұнда әлі де жалғасын тауып жатыр. Әлем чемпионатының 3-турында нидерландтықтар турнир қожайыны Катармен кездесті. Чемпионат туралы алдыңғы жазбамызда Катар футболшыларының 2-турдан кейін плэй-оффқа шығу мүмкіндігінен айырылғанын жазған едік. Бұл жолы олардың көші тіпті  кері  кетті. Жалпы бұл ойын талассыз өтті. Матчтың 26-минутында Коди Гакпо есеп ашса, екінші таймның басында «Барселонаның» жартылай қорғаушысы Френки Де Йонг есепті еселеп, еуропалық ұжым 2:0 есебімен жеңіске жетті. Осы жеңістен кейін Нидерланды құрамасы 7 ұпай еншілеп, топта бірінші орынға шықты. Ал Катар құрамасы соңғы орын алып, ешқашан болмаған антирекорд орнатты. Команда турнир қожайыны бола тұра, үш ойында да жеңілген алғашқы құрама атанды.

Ақтілек БІТІМБАЙ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<