«Бір жерде» отырмын

279

0

– Қайдасыңдар?

– Бір жерде отырмын.

– Қайда дейді?

– Ой, «Бір жерде» деймін. Жақында ашылған донері дәмді дәмхана ше?!

Сонда келсеңші…

Таңғалмаңыз. Осындай да кафе атауы бар. Аралдықтар өз қаласының орталығынан ашылған дәмханаға бүгінде жиі бас қосып жүр. Аты да қызық, ә! Ешкімнің ойына келмейтіндей. Бастапқыда түсінбей, шатыссаңыз да, өзіңіз «қайдасың» десе, «бір жердемін» деп жиі айтатын, немқұрайлы жауап есіңізге түсіп күліп те аласыз.

Біз әңгімелеп отырған дәмхана иесінің есімі Нұрсұлтан Жорғабаев. 24 жастағы жас кәсіпкер бала кезінен армандаған бизнесіне ата-анасы мен қолдаушы достарының арқасында қол жеткізген.

– Кәсіп ашамын деушілерге ешқандай кедергі жоқ. Мемлекет тарапынан барлық жасқа қолдау білдіріп, несие мен гранттар берілді. Былтыр ғана өткізілген «Жас проджект» жобасы соның айғағы. Осы бағдарлама арқылы кәсібін дөңгелеткен қатарластарым жетерлік. Ал, дәмхананың атауына келер болсақ, қазір адамды таңғалдыру қиын ғой. Өзгеше болғанын қаладым. Ойлана келе, заман талабына сай әлемдік қолданыстағы «креатив» деген стильді пайдаландық. Көпшілік назар аудару үшін осылай атағанбыз, – дейді жас кәсіпкер.

Нұрсұлтанның айтуынша, дәмханада донер мен кәуаптың түр-түріне тапсырыс берушілер көп. Өзге қаладан не ауылдан келген туысын осында ертіп келіп, қонақ қылатын аралдықтардың көңілінен бір мезетте шыға қою қиын болса да, кәсіпкердің бұл салада еңбектенгені көрініп тұр. Бүгінде 6 адамды жұмыспен қамтыған Нұрсұлтан өзінің болашақ жоспарымен де бөлісті.

– Адамның жоспарсыз өмір сүрмейтіні ақиқат. Болған сайын бола берсе деп тілейтініміз де жасырын емес. Осы кәсіпті кеңітіп алсам, Аралдың қақ төрінен «Балықшы Арал» деген атаумен қонақ үй ашсам деймін. Ол үшін үлкен дайындық керек екенін білемін. Тынбай еңбек етіп, бар күшімді жұмсаймын, – дейді ол күліп.

Расы керек, жастарға үлкен мүмкіндік жолы кеңінен ашылды. Елбасы олардан тың идея күтіп, арқа сүйеп, сенім білдірді. Биылғы «Жастар жылы» да соның дәлелі. Бүгінде Елбасы артқан сенім үдесін ақтап жүрген сырбойылық жастар жетерлік. Түрлі бағдарламамен бағын сынаған кейінгі буынның шығар белесі әлі алда деген үміт көп бізде.

Е.БЕКМЫРЗАҰЛЫ.

Арал ауданы.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<