Цифрлық сауаттылық – ақпарат дәуірінің талабы

887

0

Цифрлық сауаттылық бұл адамды өмірдің барлық саласында цифрлық технологияларды сенімді, тиімді қолдануға дайындайды. Жаңа технологиялар халықтың өмір сапасын арттыруға жол ашады.

Былтырдан бері 10 қараша Цифрландыру және ақпараттық технологиялар қызметкерлерінің кәсіби мерекесі болып бекітілді. Өйткені IT бағытындағы мамандықтар саны жылдан-жылға артып келеді.

Мереке қарсаңында аймақтағы цифрландыру саласының бағыт-бағдары туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде облыс әкімі аппараты цифрлық технологиялар бөлімінің басшысы Сәбит Ибадулла баяндап берді.

– Бұл кәсіби мерекенің енгізілуі цифрлық трансформацияны жүзеге асыратын мемлекеттік қызметкерлер, жоғары және орта білім беру ұйымдарының IT мамандары, IT кәсіпкерлер және IT нарығының қатысушылары үшін маңызды екенін айта кеткен жөн. Жуырда облыс әкімінің ҚР Ғылым және жоғары білім министрінің қатысуымен Қазақстан бойынша алғашқы Жасанды интеллект және информатика жоғары мектебінің ашылу салтанаты өтті.

Мемлекет басшысының AstanaHub Халықаралық стартап технопаркінің тәжірибесін өңірлерде тарату тапсырмасына сәйкес наурыз айынан бері Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті және өңірлік IT парк базасында KyzylordaHub жұмысын бастады. Сондай-ақ, жастардың инновациялық идеяларын, стартап жобаларды қолдау мақсатында жыл сайын облыс әкімінің қолдауымен PechaKucha, HackathonIT жобалар байқауы, жыл қорытындысымен InnoFestQyzylorda ауқымды инновациялық жобалар фестивалі тұрақты түрде өтуде. Осы уақытқа дейін аталған іс-шараларға қатысушылар саны 8000-нан асты. Жалпы облыстың цифрландыру саласы 2018 жылдан бастап 9 бағыт бойынша түрлі жобаларды жүзеге асыруда. Соның ішінде процестерді автоматтандыру мен оңтайландыруда жақсы нәтиже берген 50-ден аса ірі жоба бар, – деді Сәбит Ибадуллаұлы.

Облыста «Smart City Kyzylorda Hackathon» идеялар байқауы өтеді. Байқаудың басты мақсаты – Start-Up жобалар мен талантты мамандарды іздеу. Нәтижесінде жеңімпаздар мен үздік қатысушыларға 900 мың теңге жүлде мен Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің 3 оқу гранты табысталады. Ал желтоқсан айында InnoFestQyzylorda инновациялық жобалар байқауын өткізу жоспарлануда. Фестивальдің негізгі мақсаты – облыс тұрғындарының IT саласына қызығушылығын арттыру және инновациялық IT жобаларды қолдау. Жүлде қоры 3 млн теңгені құрайды. Сонымен қатар білім гранттары беріліп, жоба серіктестері бағалы сыйлықтармен марапаттайды.

Аружан ЕРАЛЫ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<