COVID-19: қауіп күшейіп келеді

1187

0

Ғаламның ортақ проблемасына айналған «COVID-19» пандемиясы қайта күшіне мінуде. Әлемнің 188 елінен 41 миллионнан астам адам індет ілмегіне іліксе, 12 миллионнан астамы аурудың  белсенді фазасында болғандықтан бақылауға алынған. Ал қайтыс болғандардың ресми  саны 1 млн 120 мыңнан асқан. Елімізде вирус жұқтырғандар саны 110 мыңға жуықтап, жағдай біршама тұрақты деп бағаланғанымен, қауіп басым. Әсіресе, соңғы кезде эпидахуалдың күрделене бастағаны байқалуда. Мысалы, 19 қазанда елімізде 115 адам ресми тіркелсе, соңғы тәулікте 143 адамнан анықталып отыр.  Осы орайда індеттің болжамды екінші толқынына дайындық жұмыстарын пысықтау, қауіпті кеселмен күреске сақадай сай болу – басты міндет.

Өңірлік коммуникациялар қызметінде облыс әкі­мінің орынбасары Наурыз­бай Байқадамов,  облыстың Бас мем­лекеттік сани­та­рия­лық дә­рігері Әлия Әбдіқайымова және облыстық ден­саулық сақтау басқармасы басшы­сының ем­деу ісі жөніндегі орынбасары Олжас Ысқақовтың қаты­суы­мен өткен брифингте  ко­­ро­навирус инфекциясының бол­­жамды екінші толқынына да­йындық жұмыстары жан-жақ­­ты баяндалып, қауіпті ке­сел­дің белең алуына жол бермес үшін тұрғындарды сақтық шараларын қатаң ұстануға шақырды.

Өңірде бүгінгі күнге дейін коронавирус инфекциясы­мен 3249 адам тіркелген. Анық­тал­ған науқастардың эпиде­миологиялық ортасы есепке алынып, күнделікті саралануда. 

– Аймақта эпидахуал­дың тұрақты болуы үшін  тиісті жұмыстар жүргізілуде. Сонымен қатар вирустың болжамды екінші толқынына да жан-жақты дайындық жасалуда. Дәрі-дәрмектің  екі айлық қоры және 210 инфекциялық төсек-орын бар. Егер ахуал күрделенген жағдайда 3000 тө­секке дейін жеткізуге мүм­­кіндік бар. 200 төсекке арналған модульдік аурухана құрылысы жүруде. Бұған қоса,  244 өкпені жасанды желдету аппараты бар. Қосымша тағы 7 құрылғы келеді. Бүгінде  ме­дициналық ұйымдарға гума­нитарлық көмек арқылы 658 оттегі концентраторы жеткі­зілді. Сонымен қатар, облыс­та 518 оттегімен қамтамасыз етілген төсек-орын дайын. Жаздағы күрделі кезеңде маман тапшылығы орын алған болатын. Осыған байланысты бірқатар жұмыстар жүргізілді. 79 жедел жәрдем бригадасы қызмет атқаруда. 161 мо­бильді бригада құрылды. Олар  тұрғындардың үйлеріне барып медициналық көмек көр­сетеді. Ондағы мақсат – адам­дарды шоғырландырмай, мүмкіндігінше үйде болуды қамтамасыз ету, – деді облыс әкімінің орынбасары Наурызбай Байқадамов.

Маман тапшылығын болдырмау мақсатында да бірқатар жұмыстар атқарылуда. Әсіресе, басқа профильдегі мамандарға арнайы семинарлар өткізу жолға қойылған.

– Коронавирус инфекциясына қарсы күресте мамандар тапшылығын жою мақсатында аймақтық дәрігерлер қауымы  84 жас маманмен толықты. Олар қажеттілігіне қарай қа­лалық, аудандық мекемелерге жолданды, – деді басқарма басшысының орынбасары Олжас Ысқақов.

– Коронавирус инфекция­сы облыста ең алғаш 28 нау­рызда тіркелген болатын. Содан бері инфекцияның ең көп тіркелген кезеңі бұл – маусым, шілде айлары. Тамыз айында жағдай біршама тұрақталып, эпидахуал жақсарды. 27 тамыз бен 10 қыркүйек аралығында бірде-бір ауру тіркелген жоқ. Бірақ қазан айында 6 жағ­дай тіркелді. Соңғы төрт жағ­дай 16 және 19 қазанда анық­талып отыр. Осыған байланысты облыс репродуктивті сан жағынан республикада бірінші орынға шығып отыр. Бұл дегеніміз, аурудың тез та­ралу қаупі басым дегенді білдіреді. Осыған байланысты карантиндік шектеу шараларды күшейтуге жұмыс жасалады. Сондықтан карантин талаптарына бағынып, сақтық шараларын орындаудың маңы­зы зор. Карантин талапта­ры­ның сақталуын бақылау үшін құрылған 24 монито­ринг­тік топ кәсіпкерлік нысан­дар­­дың эпидемияға қарсы ша­ралар­ды, санитарлық-де­зин­­фек­ция­­лық режимнің сақ­талуына тек­серіс жүргізіп, ақпа­рат­тық-түсіндірме жұмыс­тарын жүр­гізуде, – деді Ә.Әбдіқайымова.

Брифингте  сондай-ақ, Нау­рызбай Сейтқалиұлы індетпен күресте өзін-өзі қорғау инс­тинкті қалыптаспай нәтиже  бол­майтынын айтты.

– Ауырған адамға дәрі де, ақша да, лауазым да, атақ та ара түспейтінін бастан өткердік.  «Сақтансаң сақтармын» деген емес пе, олай болса әрқайсымыз өз денсаулығымызға өзіміз жауапты екенімізді сезініп, сақтық шараларын қатаң ұстануымыз керек. Жағдай әлі де күрделі болғанымен біздің жүйелі бақылауымызда. Бұл бағыттағы жұмыс үзіліссіз жалғаса беретін болады. Күшейтілген карантин жеңілдетілгенімен қатаң талаптарды барынша ұстайтын боламыз, – деді облыс әкімінің орынбасары.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<