Дайындық барысы таразыланды

441

0

Қазақстан Республикасы Президентін кезектен тыс сайлауды ұйымдастыру және өткізу шеңберінде ҚР Орталық сайлау комиссиясы мүшелері ел өңірлеріне көшпелі семинар-кеңестер ұйымдастырып отыр. Осы мақсатта бейсенбіде Орталық сайлау комиссиясының хатшысы Мұхтар Ерман Қызылорда қаласында аумақтық және учаскелік сайлау комиссияларының, жергілікті атқарушы органдардың, кандидаттардың сайлауалды штабтарының, уәкілетті мемлекеттік органдардың, құқық қорғау органдарының мүшелерімен семинар-кеңес өткізді.

Семинар аясында аумақтық сайлау комиссияларының мүшелері мен жергілікті атқарушы органдардың өкілдері еліміз үшін маңызды шараны өткізуге дайындық барысымен таныстырды.

Облыс әкімі аппаратының басшысы Шахмардан Байманов өңірде 373 учаскелік және 9 аумақтық сайлау учаскесі орналасқанын атап өтті. Аталған комиссиялардың 2710 мүшесі бар. Барлық сайлау учаскелері қажетті техникалық жабдықтармен қамтамасыз етілген. Қызылорда қаласы мен барлық ауданда комиссия мүшелеріне оқыту семинарлары ұйымдастырылған.

Сайлаушылар тізімін қалыптастыру Қазақстан Республикасындағы Сайлау туралы конституциялық заң талаптарына сәйкес атқарылуда. Сол арқылы облыстағы сайлаушылар тізімі тұрғылықты жері бойынша жеке тұлғалардың мемлекеттік дерек қоры негізінде жасалған. Облыс бойынша сайлаушылар саны 482934 адамды құрайды.

Семинар барысында Орталық сайлау комиссиясының хатшысы Мұхтар Ерман еліміз үшін саяси маңызды шараға дайындық барысы жөнінде ой-пікірін білдірді.

–  Орталық сайлау комиссиясының мүшелері еліміздің барлық өңірінде маңызды шараға дайындық барысын пысықтау, қойылған сауалдарға нақты жауап беру мақсатында семинарлар ұйымдастыруда. Қызылорда облысы тұрғындары бұдан бұрынғы жылдарда сайлауда саяси белсенділігін көрсетті. Жауапты азаматтар семинар барысында көкейде жүрген көптеген сауалға жауап тапты деген ойдамыз, – деді ол.

Облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Ғалым Баймырзаев маңызды саяси шараға дайындық барысы жөнінде әңгімеледі. Дауыс беру күні түрлі  себептермен өзінің тұрғылықты тіркелген жерінен тыс аймақта болатын сайлаушылардың өз өтініші негізінде есептен шығару куәліктері беріледі. Бүгінде 142 адам осындай куәлікке ие болды. Сондай-ақ халықты әлеуметтік қорғау саласындағы жергілікті уәкілетті органның мәліметіне сәйкес, облыс бойынша мүгедектігі бар сайлаушылар саны 20071 адамды құрайды. Осыған байланысты облыс бойынша барлық учаскелерде мүгедектігі бар адамдардың дауыс беруі үшін жағдайларды қамтамасыз ету шаралары қарқынды жүзеге асырылуда.

Семинар-кеңестер бағдарламасының екінші бөлімінде Орталық сайлау комиссиясы мүшелері аумақтық және учаскелік сайлау комиссиялары үшін кейс технологиясы негізінде тренингтер өткізді.

Әділжан ҮМБЕТ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<